Қатысушылар шеберлік сағатында сальто, акробатика, джигитовка, фокус, заманауи бидің әдіс-қимылдарын үйрене алады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Шымкент-Цирк» мекемесінің 10 жылдығына орай цирк әртістері бүлдіршіндерге тегін шеберлік сағаттарын өткізіп жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қатысушылар шеберлік сағатында сальто, акробатика, джигитовка, фокус, заманауи бидің әдіс-қимылдарын үйрене алады. Онда әртістер әр бүлдіршінмен жеке-жеке жұмыс істеп, бір сағат бойына шеберлігімен бөліседі.
Сәрсенбіде цирк әртісі Азизбек Иристаев «5 минутта сальто» сабағын өтті.  Жасөспірімдер сальто тастаудың қыр-сырын меңгеріп, жеңіл жаттығу жасаудың әдіс-тәсілдерін үйренді. Сондай-ақ, бейсенбіде Құрманғазы Ізтілеуов сиқыр әлемінің сырымен бөліссе, бүгін У.Медешов акробатикадан дәріс бермек. Осы сынды шеберлік сағаттары  арнайы кестеге сай, жиі өтіп тұрады. Шеберлік сағатының жанры мен мерзімін Шымкент-Цирктің әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады. 
Одан өзге, цирк ішінде  «Circus Star» үйірмесі жұмыс істейді.  Үйірмеге цирк өнерін кеңінен  меңгеріп, манежде өнер көрсеткісі келетін 7-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Айта кетейік, жақында жаңа қойылым көрермендерге жол тартады. 
Айта кетейік, 12-24 қазан аралығында «Шымкент-Цирк»   «ON Цирк» жаңа бағдарламасын ұсынады.  Бұл жолы Қырғызстан Республикасы мен Нұр-Сұлтан қаласы  циркінің өнерпаздары таңдаулы қойылымдарын тарту етпек.
            
 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
