Кездесу барысында қала әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қатысу талаптарын жан-жақты түсіндіруді тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен көшпелі кездесулері Қаратау ауданында жалғасты.
Кездесуге Таскен, Нұртас, Нұрсат және Тараз шағынаудандарының тұрғындары қатысып, өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салды.
Тұрғындар автотұрақтарды ұйымдастыру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, ирригациялық арықтарды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын қажетті элементтермен толықтыру, сондай-ақ аялдамаларды орнату және жаңарту мәселелерін көтерді.
Бұдан бөлек тұрғын үй кезегіне тұру, аулаларды абаттандыру, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қатысу шарттары және көпқабатты үйлердегі жеделсатыларды ауыстыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында қала әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қатысу талаптарын жан-жақты түсіндіруді тапсырды. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстау тәртібі мен талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Тұрғындар үй ішіндегі инженерлік желілердің жағдайы, газ қысымының төмендігі және электр қуатындағы ақаулар жөнінде де мәселе көтерді.
Қала басшысының айтуынша, бірқатар тұрғын алаптардағы газ және электр желілері жеке меншікте орналасқан. Ал кей жерлерде ескірген трансформаторлар қолданыстағы жүктемені толық көтере алмай отыр. Осыған байланысты инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Қазіргі таңда Шымкентте жаңа мемлекеттік газ және электр желілерін кезең-кезеңімен салу, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың іске асуы инженерлік желілердің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, Қаратау ауданының әкіміне барлық түскен өтініштерді жан-жақты пысықтауды тапсырды. Әрбір мәселе бойынша ықтимал шешу жолдары мен орындалу мерзімдерін нақтылау қажеттігі айтылды.


