ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының қызметкерлері МӘМС туралы заңға енгізілген осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы ақпараттандыру мақсатында қаладағы бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесуде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жаңа маңызды өзгеріс күшіне енді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 2025 жылдан бастап азаматтардың мүддесіне бағытталған жаңа, маңызды өзгеріс күшіне енді. Бұл өзгеріс әсіресе ұзақ уақыт бойы жарна төлеп, жүйеге адал қатысып келген тұрғындарға тиімді болмақ.
Жаңа нормаға сәйкес, МӘМС жарнасын кемінде бес жыл қатарынан тұрақты түрде төлеген азаматтар үшін жарна аударуда уақытша үзіліс орын алған күннің өзінде, олардың «сақтандырылған» мәртебесі бұрынғыдай тек үш ай емес, алты айға дейін сақталады. Бұл дегеніміз – адам қандай да бір себеппен, мысалы, жұмысынан айырылса, уақытша табыссыз қалса немесе жеке кәсібінде қаржылық қиындық туындаса да, осы кезеңде медициналық қызметтерді толыққанды пайдалана береді.
Мысалға, бірнеше жыл бойы тұрақты жұмыс істеп, жалақысынан МӘМС жарнасын уақтылы төлеп келген азаматты алайық. Егер күтпеген жағдаймен табысынан айырылып қалса, бұрын үш айдан кейін ол жүйеден шығып қалатын. Ал жаңа ереже бойынша, мұндай азамат алты ай бойы мәртебесін жоғалтпайды. Әрине, бұл кезеңдегі төленбеген жарналар кейін өтелуге тиіс, бірақ басты артықшылық – азаматтың медициналық көмектен ажырамайтынында.
Шымкент қаласында осы өзгерістер туралы халықты кеңінен хабардар ету мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) өңірлік филиалы белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қор қызметкерлері қаладағы ірі еңбек ұжымдарына арнайы барып, жаңа норманың мазмұны мен артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр.
Атап айтқанда, сала мамандары қоғамдық көлік саласында қызмет көрсететін Shymkent Bus, Санжар-Моторс компанияларының жұмысшыларымен, сондай-ақ Лексус орталығының қызметкерлерімен кездесіп, жүйеде орын алған өзгерістерді қарапайым тілмен жеткізді. Кездесулер барысында жұмысшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Көпшілікті әсіресе жаңа мерзімнің ұзартылуы, сақтандырылған мәртебені жоғалтпау тетіктері және берешекті өтеу тәртібі қызықтырды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама МӘМС жүйесіне деген сенімді арттырып, халықты үздіксіз медициналық қызметпен қамтамасыз етудің кепілі болмақ. Себебі кез келген азамат үшін уақытылы әрі сапалы медициналық көмек алу – денсаулық пен өмір сапасының басты шарты.
Қор филиалының өкілдері мұндай ақпараттық кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Жұмысшылармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен тікелей байланыс орнату арқылы ғана МӘМС жүйесінің мәні мен маңызын толық түсіндіруге болады. Бұл өз кезегінде халықтың сақтандыру мәдениетін қалыптастырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.