​ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ ӘСКЕР ҚАТАРЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР

0
69

Қазақстан чемпионаттарының төрт дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегері атанған.


​ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ ӘСКЕР ҚАТАРЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР

Қатардағы жауынгер Полатбек Теміров Шымкент гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында мерзімді әскери қызметін өткеріп жүр.

Ол әскери міндеттерін үлгілі орындап қана қоймай, спортта да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Полатбек 2007 жылдың 17 маусымында Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектепті 2023 жылы тәмамдаған соң дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. 2025 жылдың қараша айында академиялық демалыс алып, мерзімді әскери қызметке шақырылды.
Спортпен бала кезінен айналыса бастады. Мектеп қабырғасында спорт секцияларына қатысып, 2022 жылдан бастап пауэрлифтингпен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Табандылығы мен үздіксіз жаттығудың арқасында 2024 жылы спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады.
Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, 59 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионаттарының төрт дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегері атанды. 2023 жылы Азия чемпионатында күміс медаль еншілесе, ал 2024 жылы Мальтада өткен әлем чемпионатында екінші орын иеленді.
Полатбек өзінің спортшы ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан жаттықтырушылары Қахраман, Рустам және Ғайрат Садықовтарға алғысы шексіз.
Бүгінде қатардағы жауынгер Полатбек Теміров әскери қызмет пен спортты қатар алып жүр. Әскерден запасқа шыққаннан кейін де оқуын жалғастырып, пауэрлифтингпен кәсіби деңгейде айналысуды жоспарлап отыр. Жауынгердің басты мақсаты – әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада асқақтату.
Бөлісу