фото: ЖИ
Туристік, курортты аймақтардың тұрғындары жан-жақтан келушілердің әрекеті мен мінез-құлқына жиі шағымданады. Олардың кейбірі бір қарағанда мүлде зиянсыз, қарапайым нәрсе сияқты. Турист келді, бір-екі рет жасады, уақыты біткенде еліне қайтып кетті. Сондықтан оның әрекетінің салдары өзіне білінбейді, салмағын сезінбейді. Бірақ мұндай ұсақ-түйектер осында жыл он екі ай өмір сүретін адамдар үшін үлкен проблемаға айналады.
Турист үшін барынша қызыққа толтыруға тырысатын уақытша демалыс – жергілікті тұрғын үшін күнделікті өмір. Мыңдаған адам күн сайын «аздап дұрыс емес» әрекет жасай берсе, ол нағыз бас ауруына айналады. Ендеше саяхатшылардың қандай әдеттері адамдардың көбірек ашуын келтіретінін және жанжалдан қалай аулақ болуға болатынын қарастырайық.
1. Қаланың қақ ортасындағы «жағажайлық сән»
Көптеген туристер шомылу киімімен жағажайда, қонақүйде ғана жүрмейді, қаланы да аралап кетеді. Олар үшін жағажай мен қаланың арасындағы шекара жоққа тән, бәрі бір – демалыс аймағы.
Ал шын мәнінде айырмашылық өте үлкен. Жергілікті тұрғындар елдімекенде әлемдегі барлық басқа адамдар сияқты өмір сүреді: жұмыс істейді, балаларын мектепке апарады, тәрбиелейді, маңызды мәселелерді шешеді, т.с.с. Онда адамдар арасындағы әдеп, арақашықтық, іскерлік қарым-қатынас, т.б. сақталуға тиіс. Сондай тіршілік арасында суға түсетін киіммен жүрген адамды көру – өз қалаңыздың орталық көшесінде біреудің ішкиіммен жүруімен бірдей.
Еуропада мұндай қылық әдепсіздік саналады. Азия елдерінде ол мәдени нормаларды қорлау ретінде қабылдануы мүмкін. Тіпті туристерге шыдамдылықпен қарайтын Түркия немесе Таиландта да мұндай еркіндік наразылық тудырады. Ал Барселона немесе Венеция сияқты кейбір қалаларда жағажай киімімен көшеге шыққаны үшін қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Қалаға шығар алдында жағажай киімінің орнына жеңіл жаздық киім кию сонда өмір сүретін адамдарға деген құрметіңізді көрсетеді.
2. Жануарларды тамақтандыру
Туристер зообақтағы, қорықтағы немесе жай ғана босып жүрген жергілікті жануарларды тамақтандырғанды жақсы көреді. Бұл табиғатпен байланыс орнатудың, мейірімділік танытудың тамаша тәсілі сияқты көрінеді.
Жануарларды үнемі тамақтандыру олардың табиғи мінез-құлқын бұзады. Құстар мен аңдар өз бетімен азық табуды қойып, адамға тәуелді бола бастайды. Олар қорқыныш сезімін жоғалтып, мазасыз, кейде тіпті агрессивті болады. Курортты қалаларда маймылдар сөмке тартып әкетуді үйреніп алған, көгершіндер үйір-үйірімен шабуылдайды, ал шағалалар адамның қолындағы тамақты тартып алуы мүмкін. Маймылдар үйлерге кіріп, мүлікті бүлдіреді.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл нағыз апатқа айналады, санитарлық мәселелер туғызады. Коммуналдық қызметтер туристердің «мейірімділігінің» салдарымен күресуге орасан зор қаражат жұмсауға мәжбүр. Осы себептен кейбір туристік аймақтарда тыйымдар мен айыппұлдар енгізілген. Мәселен, Азия храмдарында маймылдарды тамақтандырғаны үшін айыппұл салынады. Еуропаның алаңдарында ескерту тақталары ілінген.
Ең дұрысы – жануарларды сырттай бақылау, табиғи ортасында суретке түсіру, бірақ олардың өміріне араласпау. Табиғатқа деген шынайы қамқорлық оның заңдарын құрметтеуден басталады.
3. Күтпеген жерден кадрға іліну
Туристер үшін жергілікті тұрғындар экзотикалық көріністің бір бөлігі. Өзің үшін ерекше бір нәрсені көргенде оны таспалап алғың келіп, камераны қалай қосқаныңды байқамай қаласың. Көбіне олардың өздері білмей де қалады, ал рұқсат сұрау ойға келмейді.
Саяхатшы үшін бұл – жай ғана қызықты кадр. Ал суреттегі адам үшін – жеке кеңістікке қол сұғу. Елестетіп көріңізші: сіз жұмыс істеп жүргенде немесе жай ғана өз шаруаңызбен кетіп бара жатқанда бейтаныс адамдар күн сайын бірнеше рет суретке түсіреді. Өзіңді адам емес, мұражайдағы экспонат сияқты сезіну уақыт өте келе адамды әбден қажытады.
Мұндай жағдай дәстүрлі қауымдастықтарда, базарларда, ауылдарда ерекше ауыр қабылданады. Кейбір мәдениеттерде фотосурет қасиетті нәрсе саналады, ол «жанын алып кетеді» немесе бақытсыздық әкелуі мүмкін деген сенім бар. Басқа жерлерде бұл жай ғана қарапайым сыйластық мәселесі.
Шешімі қарапайым – рұқсат сұрау. Жылы жүзбен камераңызды көрсетіп, адамның бас изегенін күтіңіз. Әдетте адамдар өздеріне құрметпен қараса, жақсы қабылдайды. Оның үстіне, адам саналы түрде суретке түскенде фотолар әлдеқайда шынайы әрі әсерлі шығады. Бұдан бөлек, бұл әңгімелесуге, жаңа нәрсе білуге, қызықты оқиға естуге мүмкіндік береді.
4. Жергілікті тұрғындардың түнгі қорқынышы
Демалыс – босаңсып, еркін серуендейтін уақыт. Көптеген туристер мұны тура мағынасында қабылдайды: қонақүй балконында таң атқанша әңгіме-дүкен құру, музыка қойып билеу, тұрғын аудандарда шулы компаниямен қыдыру – курортта бәріне рұқсат етілгендей көрінеді.
Ал мұнда жергілікті тұрғындар жұмыс істейді, таңертең ерте тұрады. Туристік маусым олар үшін ұйқысыздық маусымына айналады. Күн сайын демалушылар тобының дабырын ести беру кез келген адамды шаршатады. Әсіресе, көшелері тар, қабырғалары жұқа болып келетін ескі қалаларда қиын. Ондай жерлерде дыбыс бүкіл кварталға таралады. Венеция, Барселона, Дубровник сияқты қалаларда тұрғындар тыныштық құқығы үшін көп жылдан бері күресіп келеді. Кейбіреулері тіпті орталықтан көшіп кетуге мәжбүр болған, өйткені ол жерде өмір сүру мүмкін болмай қалған.
Көптеген қалаларда түнгі тыныштық уақыты белгіленген. Оны бұзғандар айыппұл төлейді. Бірақ мәселе заңда ғана емес, қарапайым құрметте жатыр. Көңіл көтеруге арналған арнайы орындар бар: барлар, клубтар, жағажайлар. Онда шу шығаруға ешкім қарсы болмайды. Ал тұрғын аудандарда кешкі он бірден кейін тыныштық сақтаған жөн.
5. Саяхатшыдан қалған қоқыс
Бос бөтелке, балмұздақтың қағазы, полиэтилен пакет – көпшілік мән бермейтін ұсақ-түйек заттар. Бір турист үшін бұл – теңізге тамған тамшы ғана, ал курортты қала үшін – тұтас мұхиттай проблема.
Туристік маусымда танымал орындардың көшелері қоқыс алаңына ұқсап кетеді. Жағажайлар темекі тұқылдары мен пластикке толады. Тазалау жұмыстары орасан зор шығынды талап етеді, ал оның ауыртпалығы салық арқылы жергілікті тұрғындардың мойнына түседі. Ал кейбір қоқыс, әсіресе пластик, экологияға орны толмас зиян келтіреді.
Туристер көп келетін елдерде бұл мәселе шегіне жеткен. Таиланд табиғаттың қалпына келуіне мүмкіндік беру үшін бірнеше жағажай мен аралды уақытша жауып тастады. Еуропаның кейбір қалаларында жәшіктен тыс жерге лақтырылған қоқыс үшін жүздеген еуро айыппұл тағайындалған.
6. Артыңнан «мәңгілік із» қалдыру
«Мұнда Бауыржан мен Динара болды» – мұндай жазуларды әлемнің түкпір-түкпіріндегі сәулет ескерткіштерінен көруге болады. Туристер ежелгі қабырғаларға өз есімдерін қырып жазады, жартастарға махаббат туралы сөздер қалдырады, ағаштардың қабығына аты-жөнінің алғашқы әріптерін ойып кетеді. Өздері үшін бұл – бір естелік қалдыру тәсілі. Ал жергілікті тұрғындар үшін жабайылықтың белгісі.
Ғибадатханадағы көне фрескалар, мыңдаған жылдық петроглифтері бар жартастар, ортағасырлық қамалдардың қабырғалары – мұның бәрі баға жетпес мәдени мұра. Тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру кейде мүмкін емес, ал кейде өте қымбатқа түседі. Әрбір жаңа жазу бір адамның емес, бүкіл адамзаттың игілігі болып саналатын мұраның бір бөлігін жояды.
Соңғы жылдары туристік елдердің билігі мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейте бастады. Италияда Колизей қабырғасына атының алғашқы әріптерін ойып жазған турист бірнеше мың еуро айыппұл төлеген. Таиландта мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке дейін алып келуі мүмкін. Бейнебақылау камералары, патрульдер, қоғамдық айыптау арқылы күрес тәсілдері барған сайын қатаңдап келеді.
Естелікті сақтаудың мыңдаған басқа жолы бар: фотосуреттер, күнделіктер, кәдесыйлар. Келешек ұрпақ көретін дүниелерді бүлдірудің қажеті жоқ. Мәдени мұраға құрметпен қарау – өркениетті адамның белгісі.
Туризм – өзара алмасу. Турист әсер, эмоция және жаңа тәжірибе алады. Ал жергілікті тұрғындар экономикалық пайда көреді. Бірақ бұл алмасу екі тарап та бір-біріне құрметпен қараған жағдайда ғана дұрыс жұмыс істейді.
Көп жағдайда туристер өздерінің қонақ екенін ұмытып кетеді. Кез келген мәдениетте қонақ үй иесінің мекенін құрметтеуі керек. Сіз екі күнге келдіңіз бе, әлде бір айға ма – ережелер бәрібір өзгермейді.
Жауапты туризм ұсақ нәрседен басталады – өз әрекеттеріңіздің салдары бар екенін түсіну керек.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


