Ақтауда "Қазақтелеком" қызметкері ток соғып қаза тапты

0
127

Қайғылы оқиға 21 қыркүйек күні түстен кейін болған.


Ақтауда

ERNUR.KZ. Ақтауда 33 жастағы «Қазақтелеком» қызметкері қаза тапты. Электромонтерді дүкен ғимаратында талшықты-оптикалық кабель тартып жатқан кезде тоқ соққан. Бұл – кейінгі екі айда компания қызметкерлері арасында болған үшінші өлім жағдайы, деп жазады ulysmedia.kz.

Қайғылы оқиға 21 қыркүйек күні түстен кейін болған. Қаза тапқан азамат – «Қазақтелеком» АҚ бөлшек бизнес дирекциясының 7-разрядты электромонтері. Сол күні ол коммерциялық дүкеннің жертөлесінде талшықты-оптикалық байланыс кабелін тарту жұмыстарын жүргізген.

Жұмыс барысында ер адам кернеу астында тұрған жалаңаш ток өткізгіш сымдарға қолын тигізіп, тоқ соққан. Ол оқиға орнында қаза тапты.

Әріптестері марқұмда қажетті қорғаныс құралдары болмағанын айтып отыр.

– Қазір түсінгенім бойынша, қызметкерде кернеудің бар-жоғын тексеретін индикатордың өзі болмаған, – дейді жұмысшылар.

Аз уақыт ішіндегі үшінші өлім

Бұл – қысқа уақыт ішінде «Қазақтелеком» қызметкерлері арасында болған үшінші өлім жағдайы.

4 тамызда Таразда Техникалық пайдалану орталығының сервистік филиалының қызметкері арнайы техникамен жұмыс істеу кезінде ауыр жарақат алып, қаза тапқан.

Келесі күні, 5 тамызда Қостанай облысында тағы бір қызметкер көз жұмды. Әулиекөл аудандық желілік-техникалық цехының жұмысшысы байланыс желісінің тіректерінде жұмыс істеу кезінде ауыр жарақат алған.

Тамыз айында болған осы екі қайғылы жағдайдан кейін «Қазақтелеком» Ulysmedia.kz-ке оқиғалардың мән-жайы мемлекеттік органдардың қатысуымен тергеліп жатқанын хабарлаған. Компания сол кезде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қосымша тексеріп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін шаралар қабылдауға уәде берген.