Онда өмір сүру оңай емес.
Сурет: dzen.ru
Еңбек демалысына шығып, ел-жер аралаудың орнына тынымсыз тірлігіңізді тындыра алмай, өміріңізге көңіліңіз толмай жүр ме? «Басқа жаққа кетіп қалуды» армандайтындар қатарындасыз ба? Басқа өңір адамдарының, саяхаттап, сайран салғандардың статус-сторизін аңдып, Сіз де сонда баруға қызығып жүрсіз бе? Білесіз бе, мұның бәрі неден? Өз мекеніңізді менсінбеуден, басып жүрген жеріңізді бағаламаудан, кешіп жүрген күніңізді кемсітуден.
«Біз жоқ жердің бәрі жақсы» деген сөз тіркесі осы сезімді өте әдемі жеткізеді. Ал шын мәнінде, сіз де керемет өңірде өмір сүресіз. Барлық жерде жаман мен жақсы қатар жүреді. Ал кей мекендерде жағдай тіптен нашар. Оларды көрсеңіз, өз күніңізге шүкіршілігіңіз артып кетер еді. Табиғаты мен тіршілік жағдайы өте нашар өңірлер көп. Ұзын-сонар тізімсіз, мына бесеуін-ақ алып қарайықшы...
Таза ауасыз тіршілік
Жапониядағы Миякедзима аралының тұрғындары газқағар киіп өмір сүруге мәжбүр. Оған себеп – аралда белсенді жанартаудың болуы.
Жанартау атқылап тоқтағаннан кейін де, одан күкірт диоксиді (SO₂) үздіксіз бөлініп тұрады. Ол денсаулыққа өте қауіпті. Адамның тыныс алу жолдарын тітіркендіреді, көздің қабықшасына залал келтіреді. Жоғары концентрацияда улануға немесе тіпті өлімге апаруы мүмкін. Сол себепті тұрғындар әрқашан өзімен бірге газқағар алып жүруі тиіс.
Аралдағы ауа сапасы күн сайын бақыланып отырады. Ауадағы SO₂ деңгейі белгілі бір мөлшерден асып кетсе, дабыл жүйелері іске қосылып, адамдарға газқағар киюді ескертеді. Тұрғындар шұғыл киюге міндетті.
Миякедзима – экстремалды жағдайларды сүйетін туристер арасында танымал. Себебі онда ерекше тәжірибе ретінде газқағармен аралды аралау қызметі ұсынылады.
Тууға және өлуге тыйым салынған
Норвегияның Лонгийр қаласында табиғи және климаттық жағдайларға байланысты бірқатар ерекше ережелер қалыптасқан. Солардың ішінде ең миға сыймайтыны – «бала тууға және өлуге болмайды» деген тыйым.
Мұндай ереже қалыптасуының себебі – қатты суық климат пен қаланың оқшаулануында. Лонгйирде перзентхана жоқ, жүктілік немесе босану кезінде күрделі мәселелер туындаса, қажетті медициналық көмек көрсету қиын. Сол себепті жүкті әйелдер босануға бірнеше апта қалғанда материктегі қалаларға жіберіледі.
Ал «бұл қалада қайтыс болуға болмайды» деген тыйымға келсек, Лонгйирде топырақ мәңгі тоң күйінде. Осыған байланысты мәйітті жерлеуге болмайды. Жерлеген күнде, ол шіріместен 70-100 жылға дейін жақсы сақталады екен. Бұл денсаулыққа қауіпті вирустар мен бактериялардың тірі қалуына алып келуі мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан бұл қалада қайтыс болуы мүмкін деген жандарды материктегі ауруханаларға эвакуациялайды. Аталған тыйымдар ресми заң емес, бірақ іс жүзінде қолданылатын қауіпсіздік шарасы.
Мұнда өмір сүру қауіпті
Бразилиядағы Росинья фавеласы қауіп деңгейі өте жоғары мекен ретінде танылған. Онда ұйымдасқан қылмыс, есірткі саудасы, қарулы қақтығыстар және полиция мен қылмыстық топтар арасындағы атыстар жиі болады. Бұл оны тұрақты тұрғындар мен туристер үшін де қауіпті етеді.
Кейбір туристер фавеланы экзотикалық «мәдени тәжірибе» ретінде көреді, бірақ жергілікті жағдайды білмей бару өте қауіпті. Егер барғыңыз келсе тек жергілікті лицензияланған гидпен, нақты тур агенттігі арқылы ғана баруға кеңес беріледі.
Аяқ асты – өрт, айнала – түтін
Джария – Үндістандағы жері өте ыстық елді мекен. Мұнда елдегі ең ірі тас көмір кен орны орналасқан. 1916 жылы алғаш рет жерасты өрті тіркелген. Сол кезден бері 100 жылдан астам уақыт бойы жер астында өрт тоқтамай жануда. Жалын шахталар мен сол маңдағы тұрғын үйлерді жалмап жатыр. Жергілікті халық созылмалы тыныс алу ауруларынан, туберкулезден зардап шегуде. Жер астында пайда болған бос кеңістіктер салдарынан тұрғын үйлердің кенеттен құлап кетуі жиі кездеседі. Тереңіндегі жалынның әсерінен топырақтың қызатыны соншалықты, кейде аяқ басып тұру мүмкін емес. Жазда ыстық ауа райы жағдайды одан әрі қиындатады, ауылдарда өмір сүру мүлдем мүмкін болмай қалады. Билік халықты қауіпсіз жерге көшіруге бірнеше рет тырысқан, алайда тұрғындар көшуден бас тартып келеді. Олар көмір өндіру ісі маңдайларына жазылған тағдыр деп санайды, ал шахтадан алыс жерде аштықтан өлеміз деп ойлайды.
Онда өмір сүру оңай емес
Жапониядағы Аогасима да әлемдегі ең ерекше әрі ең қатерлі мекендердің бірі. Аралда белсенді жанартау бар, кез келген сәтте оянып, тұрғындарға ескертуге үлгермей апат әкелуі мүмкін. Сондықтан онда бару да, өмір сүру де қауіпті саналады. Десе де, елдімекен тұрғынсыз емес. Шамамен 150 адам өмір сүреді. Оп-оңай емес, әрине. Онда өмір сүру қиындықтар мен ыңғайсыздықтарға толы. Медициналық көмек, азық-түлік, мектеп, техника – барлығы сырттан тасымалданады. Табиғи апат немесе ауа райы бұзылған кезде тұрғындар бірнеше күн, кейде апта бойы көмекке мұқтаж болып қалуы мүмкін.
Туристер үшін Аогасима – экзотикалық, табиғаты әсем, бірақ қауіпті бағыт. Қызықтыратын – жергілікті геотермалды ванналар (онсэндер), жаяу серуен жолдары, теңіз өнімдері. Алайда инфрақұрылым шектеулі, қонақүй, мейрамхана, аурухана өте аз. Қауіпсіздік жүйесі мен хабарландыру жүйесі бар, бірақ қауіп болған жағдайда шұғыл көмекке сену қиын. Сондықтан онда саяхаттап бару немесе өмір сүру тыңғылықты дайындықты, жауапкершілікті және қауіпсіздікке ерекше мән беруді талап етеді.
Көріп отырғаныңыздай, өмір сүру жағдайы сіз тұратын жердегіден әлдеқайда нашар аймақтар жоқ емес. Олар аз да емес, біз атағаннан әлдеқайда көп. Сондықтан шетелге аңсарыңыз ауа отырып, өз өлкеңізді де бағалаңыз. Біздің де жерімізге әлемнің әр түкпірінен туристер келіп, тамсанып қайтуда.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: