ШЕТЕЛДЕГІ ҚАУІП: қандай ережелерді естен шығармау керек

0
197


ШЕТЕЛДЕГІ ҚАУІП: қандай ережелерді естен шығармау керек

Сурет: i.pinimg.com

Жақында Ботсванадағы (Африка) сафари кезінде пілдің туристерге шабуыл жасағаны туралы жаңалық шықты. Қайықпен жүзген саяхатшылар пілдің жас балаларына тым жақындап кеткендіктен, аналық піл балаларын қорғауға ұмтылады. Жануар бір каноэны аударып, туристерге тұмсығымен соққы жасамақ болған. Абырой болғанда, тұмсығы қатты тимепті, оқиғадан ешкім қатты зардап шекпеген.

Бұған дейін де туристердің жануарларға қатысты ереже бұзғаны немесе жануарлардың туристерге шабуыл жасаған оқиғалары кездесетін. Мысалы Танзаниядағы Серенгети ұлттық саябағында бір турист жануарлармен ерекше байланыс орнатуға тырысады. Ол гидтердің ескертуіне қарамастан арыстанды сипалағысы келген. Нәтижесінде арыстан туристер отырған көліктің дөңгелегін тырнап, бірнеше адамның өміріне қауіп төндірді.

Таиландта да бір турист арыстанмен селфи жасағысы келіп, қатты жақындайды. Қаһарлы жануар оған шабуылдап, ауыр жарақаттады.

Байқағанымыздай, мұндай жағдайлар көбінесе адамдардың қауіпсіздік ережелерін елемеуінен туындайды. Жануарлардың қорғаныс инстинктін оятып алмас үшін олармен қарым-қатынаста сақтық пен ережелерді қатаң сақтау қажет.

«Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» дегенді құлаққа сіңірген көшпенді халықтың бүгінгі жиһанкез ұрпағы жоғарыдағыдай қателіктерді жасамас деген сенім бар. Әйтсе де, бейтаныс әлемге әсерленіп, таңсық дүниелерге тамсанып жүргенде көп нәрсенің естен шығуы бек мүмкін. Сондықтан тағы бір толыққанды ескертпе құрастыру артық болмас.

Шетелге саяхатқа шыққанда сол елдің жануарлары мен құстарының тіршілігін бақылау – өте қызықты әрі ерекше тәжірибе. Бірақ жануарлар әлемін тамашалау кезінде сақталуы тиіс бірқатар маңызды этикалық және қауіпсіздік ережелері бар.


Қашықтықты сақтау

Жануарларға жақындамаңыз. Оларды мазаламауға тырысыңыз. Бұл олардың күйзеліске ұшырауына немесе агрессивті болуына себеп болуы мүмкін.

Жануарларды бақылау кезінде арнайы бақылау қашықтығын сақтаңыз. Мысалы, ұлттық парктерде арнайы белгілер немесе нұсқаулықтар жиі орнатылады. Оларға мән беріңіз.

Фото немесе видео түсіргіңіз келсе, зум қолданған дұрыс. Жақындап, жануарды үркітпеңіз.

Жабайы жануарларға немесе құстарға қол тигізуге болмайды. Бұл олардың да, өзіңіздің де денсаулығыңызға қауіп төндіреді.


Тамақтандырмаңыз

Жануарларға өзіңізбен әкелген азықты беруге болмайды. Бұл олардың табиғи қоректену тәртібін бұзуы мүмкін. Әлбетте, сіздің де басқалар сияқты Балида маймылды немесе Йеллоустон табиғи қорығында ракунды тамақтандырып, Инстаграмға қызықты фотосуреттер жүктегіңіз келеді. Алайда жолыңызға кездескен барлық жануарларды тамақтандыруға болмайды.

Біріншіден, олардың жануар екенін ұмытпау керек, кейде жақсы ниетіңіздің өзі агрессивті мінез-құлыққа жол беріп, қауіпті жағдай тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, адамның тағамы әрдайым жануарларға пайдалы бола бермейді.

Жалпы, жабайы жануарлар мекендейтін жерге барар алдында гидтен сұрап немесе интернеттен сол жерде жануарларды тамақтандыруға рұқсат етілгенін және қауіпсіз екенін тексерген жөн.


Жануарлармен селфи жасамаңыз

Әлеуметтік желілерде адамдардың жануарлармен бірге түскен фотоларын жиі көруге болады. Біреу леопардтың қасында қобалжып күліп тұр, біреу кішкентай жолбарысты қолында ұстап тұр, ал біреудің мойнына жылан оралған.

Мұндай суреттер көп қаралым жинайды, бірақ оны түсіру өте қауіпті болуы мүмкін. Ешкім жануардың ойында не болып жатқанын білмейді, болжау да қиын. Егер ол кенеттен агрессивті әрекет жасай бастаса, сіз өте жағымсыз жағдайға тап болуыңыз мүмкін.


Дыбыс пен жарықты шектеу

Қатты шуламаңыз, музыка қоспаңыз, айқайламаңыз. Бұл жануарларды қорқытып жібереді.

Жарықпен мазаламаңыз. Әсіресе түнде жарқыл немесе фонарик олардың бағдарын бұзуы мүмкін.


Қоршаған ортаны ластамау

Қоқыс қалдырмаңыз. Әсіресе пластик ыдыстар мен полиэтилен пакеттерді. Жануарлар оны қорек деп ойлап, шайнауы, жұтуы мүмкін. Бұл көп жағдайда жарақат алуға немесе ағзада ауру пайда болуына апарады.

Табиғаттағы өсімдіктерді жұлмаңыз, тас немесе басқа заттарды орнынан қозғамаңыз. Бұл да экожүйеге зиян.


Рұқсат етілген аймақтарда ғана болу

Ұлттық парктер, қорықтар, резерваттарда тек белгіленген жолдармен жүру керек. Өз бетіңізбен кез келген бағытқа жүріп кетуге болмайды. Кейбір жануарлар немесе мекендер қорғауға алынатындықтан, бұл жерлерге кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Тыйым салынғапн аймақтар үнемі қоршаулы тұрмайды. Сондықтан ескерту белгілеріне назар аударыңыз.


Жергілікті нұсқаулықтар мен гидтердің кеңесін тыңдау

Егер саяхат барысында гидпен жүрсеңіз, оның нұсқауын мұқият тыңдаңыз, бұлжытпай орындаңыз. Әр елдің жануарларды қорғауға арналған өз заңдары, ережелері бар. Оларды бұзған жағдайда ешкім аямайды. Бөтен елден келгеніңіз, білмегеніңіз сізді құтқармайды. Бекітілген жазаға сай айыппұл салынуы, қамаққа алуы немесе елден шығаруы да мүмкін.

Табиғатты тамашалау – жан-жануарлардың тіршілігіне араласу емес, алыстан бақылау өнері.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Қарапайым халық ҒАРЫШҚА қашан САПАР ШЕГЕ алады?

Билет қалтада, бірақ ҰШАҚ ҰШПАСА... Не істеу керек?