Қостанай облысында бесінші сынып оқушысына зорлық-зомбылық жасалды деген арыз тексеріліп жатыр

0
80

Қостанай облысындағы мектептердің бірінде бесінші сынып оқушысына жыныстық зорлық-зомбылық жасалған болуы мүмкін деген ақпарат тарады.


Қостанай облысында бесінші сынып оқушысына зорлық-зомбылық жасалды деген арыз тексеріліп жатыр

Сурет: depositphotos.com

ERNUR.KZ. "НеМолчи" қоры мәліметінше, оқиғаға алтыншы сыныпта оқитын екі оқушының қатысы болуы ықтимал. Полиция соталды тергеуді бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Мектептегі оқиға туралы не белгілі?

"НеМолчи" қоры әлеуметтік желідегі парақшасында Қостанай облысындағы мектептердің бірінде болған оқиға туралы ақпарат жариялады. Олардың мәліметінше, мектеп дәретханасында алтыншы сыныптың екі оқушысы бесінші сынып оқушысына зорлық-зомбылық көрсеткен болуы мүмкін.

Қордың ақпараты бойынша бұл оқиғаны мектептің тағы бір оқушысы көріп қойған. Ол бұл туралы зардап шеккен баланың ағасына айтып берген, осыдан кейін болған жайттан оқу орнының директоры мен баланың анасы хабардар болған. Олар аудандық полиция бөліміне арызбен жүгінген.

Қордың жазбасында оқиғаға қатысушылар 10 мен 12 жас аралығында екені айтылған. Сондай-ақ, ұйым оқиғаға қатысы бар делінген ұлдардың бірінің ата-анасы осы мектепте жұмыс істейтінін хабарлады.

Сонымен қатар, қор зардап шеккен баланың анасына қысым жасалуы мүмкін екенін де мәлімдеді.

Полиция тергеуді бастады

Өңірлік Полиция департаменті бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмеді.

Сондай-ақ, ведомство асығыс қорытынды жасамауға шақырып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл баланың анасымен байланысқа шықты

Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Бәсенова да осы оқиғаға үн қатты.

Ол зардап шеккен баланың анасы көмек сұрап, өзіне жүгінгенін айтты.

"Анасымен сөйлестім, өз өкілеттігім шеңберінде бала құқығын қорғау мәселелері бойынша жәрдем бердім. Тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде құқық қорғау органдарына хабарластым. Жағдай менің бақылауымда", - деді Бәсенова.

Сонымен қатар, ол баланың анасына қысым көрсетілуі мүмкін екені туралы мәліметті әлі де тексеру қажет екенін жеткізді.

"Тексеріс нәтижесі шықпайынша, қысым көрсетілгенін де, оған кімнің қатысы болуы мүмкін екенін де растай алмаймын. Қазір ең бастысы - баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған және отбасына көмектесу. Баланың анасымен байланыстамын және оны қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын бақылауда ұстаймын", – деді ол.

Бәсенованың айтуынша, қазір жұмысқа балалардың құқығын қорғауға жауапты қызметтер де тартылған.