Әйелдерге бокспен айналысу қауіпті емес пе?
Сурет: ЖИ
Соңғы уақытта әйелдер белсенді әрі ерекше спорт түрлерін таңдай бастады. Солардың бірі – бокс. Осыған дейін оны ауыр әрі қиын спорт түрі деп, ерлерге ғана тән санап келдік. Алайда бүгінде әйелдер арасында ең танымал бағыттардың қатарына кіріп тұр. Ол дене шымырлығын сақтап қана қоймай, өзіне деген сенімділікті, ішкі күшті және өзін-өзі қорғай білу қабілетін дамытады. Көпшілік ойлағандай, бұл агрессияны шығару амалы емес, керісінше тәртіп, бақылау және денсаулыққа қамқорлық жасау жолы.
Әйелдерге арналған бокстың пайдасы
Тұрақты жаттығулар сыртқы келбетті өзгертіп қана қоймай, жалпы көңіл-күй мен денсаулықты да жақсартады.
Жаттығу кезінде қол мен иықтан бастап арқа, іш бұлшықеттері мен аяққа дейін барлық дерлік бұлшықеттер қатысады. Тұрақты түрде айналыссаңыз, дене айқындалып, күшейе түседі.
Белсенді бокстың бір сессиясында 600–800 калорияға дейін жағылады. Бұл салмақ тастау мен төзімділікті арттырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Соққылар, орын ауыстырулар, қаппен және жұпта жұмыс істеу реакцияны, ептілік пен зейінді жаттықтырады.
Сондай-ақ, бокс антистресс әсерін береді. Миды тынықтырып, «қайта жүктеудің» керемет тәсілі. Жаттығудан кейін көңіл-күй жақсарып, мазасыздық басылады, шаршау сейіледі.
Бокспен айналысқан әйелдің ішкі тірегі нығайып, өзіне деген сенімділігі арта түседі. Әрбір жаттығу өз денеңді және өміріңді бақылауда ұстай алатыныңды сезінуге көмектеседі.
Бокс спорты әйелдің дене бітімін дөрекі етіп немесе жүріс-тұрысын «еркекшора» етіп жібермейді. Керісінше сымбатты, жинақы әрі әдемі пропорция пайда болады.
Бокс – калорияны өте тез жағатын, зат алмасуды жылдамдататын және жүрек-қан тамырлар жүйесін нығайтатын ең энергожұмсағыш спорт түрлерінің бірі. Әрбір жаттығу қарқынды кардио-элементтерді және күш түсетін жүктемелерді қамтиды. Бұл салмақ тастау процесін белсенді әрі біркелкі етеді.
Бокстың өзі өте күшті құрал. Бірақ жақсы әрі тұрақты нәтиже үшін дұрыс тамақтану мен толыққанды ұйқының да болуы маңызды. Сонда салмақты тез тастап қана қоймай, денсаулығыңызды сақтап, қуатыңызды арттыра аласыз.
Неден бастау керек?
Егер сіз боксқа қатысу туралы ойланып жүрсеңіз, жайлы әрі қауіпсіз түрде кірісуге көмектесетін бірнеше ұсынысымыз бар.
- Өзіңізге лайықты залды таңдаңыз. Клубта әйелдер тобы немесе жаңадан бастаушылармен жұмыс істей алатын бапкерлердің болғаны жақсы.
- Арнайы киім мен жабдықтар алыңыз. Жоқ дегенде арнайы бинт, қолғаптар, кроссовки және ыңғайлы спорттық киім. Бірден сапалы қолғап таңдаған дұрыс, ол қолды микрожарақаттардан сақтайды.
- Базалық әдістерді меңгеріңіз. Асықпаңыз. Соққы техникасы, тірек, еңкею және орын ауыстыру – бокс спортының іргетасы.
- Тұрақты түрде жаттығыңыз. Басқа спорт түрлері сияқты, бокста да нақты өзгерістерді көру үшін жүйелі түрде айналысу маңызды. Аптасына 2–3 рет қатысу жеткілікті. Ең бастысы, бет қайтып қалатындай етіп өзіңізді бірден шаршатып алмау.
Егер дене сымбатыңызды қалыпқа келтіріп, мінезіңізді шыңдап, сенімділік сезінгіңіз келсе, сіз іздеген жаттығу түрі бокс болуы мүмкін.
Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Күніне 3 минут: ШПАГАТҚА ОТЫРУДЫ кез келген жаста ҮЙРЕНУГЕ болады


