Қонақүйден жоғалатын заттардың ішінде сүлгі бірінші орында тұр.
Сурет: ЖИ
Сүлгі, халат, жастық, тіпті теледидардың пульті... Демалыстан қайтарда кей туристер чемоданына қонақүйдің заттарын да қосып алып кетеді. Бірі оны естелік санайды, енді бірі «бөлме үшін ақша төледім» деп ақталады. Ал қонақүй ережесі бойынша қай затты алуға болады, қайсысына қол тигізуге болмайды, анығын білесіз бе?
Алдымен туристер қонақүйден ең көп алып кететін 10 заттың не екенін білейік.
1. Сүлгі – қонақүйден ең танымал «кәдесый»
Қонақүйден жоғалатын заттардың ішінде сүлгі бірінші орында тұр. Оның себебін түсіну қиын емес. Қонақүй сүлгісі сапалы, жұмсақ. Оған қоса чемоданға оңай сыяды. Кейбір қонақтар қонақүйде пайдаланған сүлгісіне үйреніп қалып, дәл сондайын үйіне алып кеткісі келеді. Әсіресе үлкен монша сүлгілері мен қонақүйдің логотипі тігілген үлгілер жиі жоғалады.
Бірақ логотиптің болуы оны автоматты түрде кәдесыйға айналдырмайды. Егер сүлгі ұнап қалса, оны чемоданға жасырғаннан гөрі ресепшннен дәл сондай сүлгіні сатып алуға болатынын сұраған дұрыс. Кей қонақүйлер мұндай мүмкіндікті арнайы ұсынады.
2. Халат та сыйлық емес
Қонақүй халаты да туристердің назарынан тыс қалмайды. Жұмсақ, ыңғайлы бұйымды естелік ретінде алып кеткісі келетіндер табылады. Әсіресе онда қонақүйдің атауы жазылған болса.
Алайда халат қонақүйдің мүлкі. Бір қонақ кеткен соң ол жуылып, келесі қонаққа қайта ұсынылады. Сондықтан «маған қатты ұнады» деп алып кетуге рұқсат берілмейді. Егер халаттың сапасы көңіліңізден шықса, қызметкерлерден оны сатып алуға бола ма деп сұраған жөн.
3. Киімілгіш – оңай сыйып кететін «олжа»
Қонақүйден киім ілгіш ұрланады дегенге сену қиын шығар. Бірақ мұндай жағдай жиі кездеседі.
Оның басты артықшылығы – жеңіл және көлемі шағын. Чемодандағы киімдердің арасына салып жіберу оңай. Ал қымбат қонақүйлердегі әдемі ағаш ілгіштер кей туристерге ерекше ұнайды. Сондықтан кей қонақүйлер ілгіштерді арнайы штангадан оңай шешілмейтіндей етіп жасайды. Қонақ оны бөлмеде пайдалана алады, бірақ бірнешеуін чемоданына салып кете алмайды.
4. Косметика – сізге ғана емес, бәріне керек
Қонақүйдегі косметикалық құралдарға қатысты түсініспеушілік көп. Бөлмеде немесе жуынатын бөлмеде тұрған сабын, сусабын, крем секілді бір рет қолданылатын өнімдер көп жағдайда қонаққа арналған шығын материалдары болып саналады. Шай мен кофе пакетшелері де солай.
Бірақ қабырғаға бекітілген үлкен сусабын құтысын, толық көлемді косметиканы немесе жуынатын бөлмедегі басқа заттарды алып кетуге болмайды. Бір рет қолдануға арналған шағын өнім мен қонақүйдің тұрақты мүлкін шатастырмаған жөн.
5. Жамылғы мен көрпе
«Мұндай үлкен затты чемоданға қалай сыйғызады?» деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ кей туристер үшін бұл қиын проблема емес.
Жамылғы мен көрпе жоғалуы үшін елеулі шығын. Сапалы төсек жабдығы мен тоқыма бұйымдары арзан болмайды. Оның үстіне әр жоғалған заттың орны толтырылуы керек.
6. Жастық – жиі жоғалатын заттың бірі
Жастықтың ыңғайлылығына риза болған кей қонақтар оны үйіне алып кеткісі келеді. Сол себепті жастық та қонақүйден жоғалатын заттардың қатарында. Бірақ оны чемоданға салып кетудің орнына, қонақүйден сатып алу мүмкіндігін сұраған дұрыс. Кейбір қонақүйлер пайдаланушыларға ұнаған жастық пен төсек жабдықтарын арнайы сатады.
7. Фен
Шаш кептіруге арналған фендер де жиі жоғалады екен. Кейде қонақтар заттарын жинағанда феннің чемоданға қалай түсіп кеткенін байқамай қалады. Егер мұндай жағдай болса, оны қонақүйге қайтарған жөн. «Бәлкім, байқамай қалар» деп үміттену дұрыс емес.
8. Қонақүй логотипі бар қалам
Бұл – ең даулы жағдайлардың бірі. Қонақүйдің атауы жазылған қалам мен блокнотты көп адам жарнамалық кәдесый деп қабылдайды. Кейде шынында да солай, қонақүйлер мұндай заттарды қонақтардың өзімен бірге алып кетуіне арнайы қояды.
Бірақ бөлмедегі кез келген қаламды сыйлық деп қабылдауға болмайды. Егер ол қарапайым брендтік жарнамалық өнім болса, алып кетуге рұқсат етілуі мүмкін. Ал қымбат жазу құралы болса, орнында қалдырған жөн. Алғыңыз келсе, анық-қанығын қызметкерден сұраудың еш айыбы жоқ.
9. Ыдыс-аяқ
Табақ, шыныаяқ, стақан, бокал мен ас құралдары да кейде қонақтармен бірге кетеді. Асүйі бар апартаменттерде мұндай заттар одан да көп болады. Туристің чемоданына бір-екі қасық немесе шыныаяқ сыйып кетуі мүмкін. Бірақ бұл оның қонақүйден алып кетуге болатын зат екенін білдірмейді. Қонақүй арнайы рұқсат бермесе, ыдыс-аяқ пен асүй жабдықтарының барлығы оның меншігі болып қала береді.
10. Теледидардың пульті
Бұл тізімдегі ең түсініксіз заттардың бірі – теледидардың пульті. Оны қонақүйден тыс жерде пайдалану қиын. Соған қарамастан пульттер де жиі жоғалып жатады екен.
Кейде ол киім-кешек пен басқа заттарды жинау кезінде байқамай чемоданға түсіп кетеді. Ал кейде қонақ оны әдейі естелікке алады. Қалай болғанда да, қонақүй рұқсат бермесе, пультті алып кетуге болмайды. Өйткені келесі қонақ бөлмеге келгенде теледидарды басқара алмай қалуы мүмкін.
Ең қызығы әлде қиыны...
Қонақтардың «қалауы» мұнымен шектеледі деп ойласаңыз, қателесесіз. Кей қонақүйлерде теледидар, матрас, кофеқайнатқыш, шам және сантехникалық жабдықтар сияқты ірі заттардың да жоғалған жағдайлары тіркелген. Тіпті одан да таңғаларлық оқиғалар кездеседі: бір қонақүйден рояль жоғалса, басқа жерде қонақтар сауна жабдығының кейбір бөліктерін алып кеткен.
Қызығы, қонақүй неғұрлым қымбат болған сайын жоғалатын заттардың түрі де өзгеруіқны да жоғарылай беруі мүмкін. Арзан қонақүйде сабын немесе сүлгі көзге түссе, люкс санатындағы қонақүйлерде әлдеқайда қымбат заттар жоғалады.
Қонақүйден нені алып кетуге болады?
Кішкентай сабын немесе шай пакетшесін чемоданға салып кету көп адамға қалыпты көрінеді. Ал халат пен сүлгіні алып кету – мүлдем басқа мәселе. Соған қарамастан қонақүй қызметкерлерінің айтуынша, дәл осы заттар бөлмелерден жиі жоғалады.
Кейде туристер мұны әдейі жасайды. Кейде «қонақүй өзі сыйлаған шығар» деп ойлайды. Ал кейде зат чемоданға қалай түсіп кеткенін өздері де байқамай қалады.
Ең оңай ереже – заттың бөлмеде тұрғанына емес, оның қандай мақсатта қойылғанына қарау. Әдетте шағын сабын, бір реттік косметика, шай, кофе, кей жағдайда бөлме шәркесі сияқты шығын материалдарын алып кетуге рұқсат етіледі. Бірақ әр қонақүйдің ережесі әртүрлі болуы мүмкін.
Ал сүлгі, халат, жастық, плед, көрпе, ыдыс-аяқ, фен, үтік, пульт және киім ілгіш сияқты көп рет пайдаланылатын заттар қонақүйдің мүлкі саналады. Сондықтан көңіліңізге жаққан зат болса, оны жасырын алып кеткеннен гөрі, қызметкерден сұраған әлдеқайда дұрыс. Кей қонақүйлер халат, сүлгі, төсек жабдығы мен жастықтарды сатуы мүмкін. Яғни ұнаған затты заңды жолмен үйге алып кетудің мүмкіндігі бар.
Қонақүй бөлмесінен зат алып кету болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ бір қонақтың кішкентай кәдесыйы қонақүй үшін күн сайын қайталанатын шығынға айналады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Ғалымдар ЖАҺАНДЫҚ АПАТ жағдайында ЕҢ ҚАУІПСІЗ болатын ЕЛді анықтады


