Арасын үзбей 90 күн орындаңыз дейді психолог Балқия Балтабай.
Фото: ЖИ
Бай болудың ең басты құпиясы – сананың бұл өзгеріске толықтай сенуі. Алайдa миды бір-екі апта бойы «Мен баймын, миллион тауып жатырмын» деп жай ғана алдау мүмкін емес. Нейроғалымдардың дәлелдеуіншe, мида жаңа нейрондық түзілімдер пайда болып, бұл сенім санаға берік орнығуы үшін 90-120 күн уақыт қажет.
Сынап көргіңіз келе ме? Олай болса, бизнес-тренер әрі психолог Балқия Балтабай ұсынған табысты 10 есе арттырудың нейропрактикасын 90 күн орындаңыз. Онсыз да өтіп жатқан уақыт емес пе, тек 15 минутыңызды бөлсеңіз жеткілікті.
1-қадам. Қазіргі қаржылық жағдайыңыз қандай? Алдымен қазіргі таңда нақты қанша табыс тауып жүргеніңізді есептеп жазыңыз. Егер ай сайынғы кірісіңіз тұрақсыз болса (мысалы, бір айда 10 мың, екінші айда 100 мың, келесісінде 15 мың теңге), өткен бір жылдағы жалпы табысыңызды есептеп, оны 12 айға бөліңіз. Шыққан сома сіздің бір айдағы орташа шынайы табысыңыз.
Мысал: Айша екі түрлі жұмысты қатар атқарып, айына жалпы 300 000 теңге табыс табады делік.
2-қадам. Мақсатты соманы 10 есеге арттырыңыз. Анықталған орташа ай сайынғы табысыңызды 10 есеге көбейтіңіз.
Мысал: Айшаның көрсеткіші 300 000×10=3 000 000 теңге болады.
Ескерту: Егер қазіргі таңда тұрақты немесе мүлде табысыңыз болмаса, ішкі интуицияңызға (жүрегіңізге) сеніп, өзіңізге ыңғайлы, бірақ қорқыныш тудырмайтын 500 000 теңгеге дейінгі кез келген нақты соманы таңдап жазыңыз.
3-қадам. Жаңа блокнот пен ручка сатып алыңыз. Таңертең ұйқыдан оянған беттегі ең бірінші әрекетіңіз сол блокнотқа «Менің ай сайынғы табысым 3 миллион теңге. Мен ай сайын 3 миллион теңге тауып жатырмын» деп жазу болуы тиіс. Бұл Айшаның есебі бойынша мысал, ал сіз өз мақсатты сомаңызды жазасыз.
Таңертеңгі оянған кездегі ми толқындары ақпаратты сана астына өте тез сіңіреді. Бұл кезде айтылған мақсаттар жай ғана арман емес, күнделікті міндет ретінде қабылданады.
4-қадам. Күн сайын кешке ұйықтар алдында 15-20 минут уақытыңызды бөліп, таңертең жазған мәтініңізді зікір ретінде (саналы түрде қайталап) 100 рет айтыңыз. Бұл мидың ұйқы алдындағы альфа-толқын күйінде ақпаратты терең қабылдауына көмектеседі.
Маңызды ескерту: Бұл техниканы үзбей тура 90 күн бойы орындау қажет. Процесс жүйелі қайталанғанда ғана сана мен ми бұл соманы «қалыпты жағдай» ретінде қабылдап, сізге сол табысқа жетудің жолдарын іздестіре бастайды. Нәтижесінде, санаңыз айналадағы жаңа мүмкіндіктерді, әріптестерді немесе идеяларды байқай бастайды.
Сондықтан егер күн санау арасында тіпті бір күн қалып қойса немесе үзіліс жасалса, есептеу басынан басталады. Тізбекті бұзбай 90 күн толтырғаннан кейін өміріңіздегі оң өзгерістер мен қаржылық ағындардың көбейгеніне өз көзіңізбен куә боласыз.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Хопонопоно әдісі арқылы артық салмақтан қалай арылуға болады?


