"Сыланып қалған әйел іздегем": екінші рет үйленген жігіт оңбай қателескенін айтты

0
356

"Әйеліме басқалар ішіп-жей қарағанда іщім өртеніп кетеді"


Сурет:

«Бірінші бақ – бақ, екінші бақ – көрбақ» дегенді дер кезінде түсінбеген бейбақтардың бірімін. Түсінген де шығарсыз, бірінші әйеліммен ажырасып, енді бәрі керемет болар деп екінші әйел алған адаммын. Бүгінге сол шешімдерім үшін өкініп, басымды тауға да, тасқа да ұрып жүрген жайым бар" деп ағынан жарылды ERNUR.KZ порталы редакциясына келген жігіт ағасы.


"Мұнымды жастықтың буы, аңғалдық деп өзімді ақтамай-ақ қояйын. Ақымақтық қой менікі. Нағыз ақымақ болыппын.

Бірінші алған жарым өте қарапайым, елгезек еді. Мінезі де жуас, сәл ауыр бірдеңе айтсаң, көзіне жас алып, жылап қалады. Бірақ не менің, не әке-шешемнің бетімізге келіп бір ауыз артық сөз айтқан емес. Тек бар білгені – таңнан-кешке дейін үй тірлігі, бала-шаға мен менің, әке-шешемнің күтімі. Алдында құрдай жорғалағаннан ба, әлде шынымен адам танығаны ма, осы әйелім анама ұнайтын. Содан шығар, маған бір де бір рет жамандаған емес. Қайта соның сөзін сөйлеп отыратын үнемі.

Бірақ мен ол әйелді бағаламадым. «Маған өзіне қарайтын, боянып-сыланып, әдемі боп жүретін әйел қажет. Қасымда жарқырап жүретіндей, басқалар қызыға да, қызғана да қарайтындай, мен мақтан ете алатындай болуы керек. Үйдің тірлігінен басқаны білмейтін емес, қай тақырыпта да қызық әңгіме-дүкен құра алатын жарым болғанын қалаймын» деп талап қоя бердім. Ақыр соңында «Ондай әйел бола алмасаң, жолың ашық» деп ажырасуға өзім итермеледім.

Неткен ақымақ болғанмын десеңізші. Екінші рет жар таңдағанда тура өзім қалағандай адам іздедім. Таптым да. Бірақ онымен де бақытты боп кеткенім шамалы. Өйткені, әйелім барын киіп, жасанып сыртқа шыққанда басқа еркектердің ішіп-жей қараған көзқарасынан қызғанышым оянады. Әйелім де ашық-жарқын, сөйлеп қалған адам. Басқалармен күліп сөйлесіп, әзіл-қалжың айтып, тойларда би жарысқа шығып ортаның гүлі боп жүргенде ішім өртеніп, өліп кете жаздаймын. Осы қызғаныштың кесірінен үйде тыныштық жоқ. Екі күннің бірінде айқай, ұрыс.

Әке-шешемнің де жағдайы мәз емес. Қартайған шақтарында бала мен келіннің қырғын-шуынан құлақтары тұнып отыр. Олардың күтімі туралы мүлде сөз қозғамай-ақ қояйын. Әйелім оларға күнде жылы-жұмсақ тамағын дайындаудың орнына, бір асты екі-үш күн жылытып беріп, бос уақытын айна алдында өткізуді құп көреді. Киім-кешектерін де екі-үш аптада бір жуады. «Үсті-бастары кірлеп кетіпті, жуындыршы. Киім-кешегін ауыстырып, кірлерін жуып берші» деп қашанғы жалына беремін. Қазір өзім-ақ жұмыстан келгесін жуындырып, шомылуларына көмектесіп, киімдерін машинкаға салып жуып, жайып, жинап беретін болдым. Өз әке-шешеме өзім қарауым керек екенін түсіндім. Үйдегі кір машина, шаңсорғыш, басқа да техникаларды қолдануды үйрендім. Жасым қырыққа жақындағанда жаңа әйелімнің арқасында тапқан бір пайдам осы болды.

«Маған мынадай әйел керек» деп таңдағаным – тәлпіштік болыпты. Біреуге біреудің жүз пайыз ұнауы мүмкін емес қой. Әйелдің ең жақсысы – әке-шешеңнің тілі мен бабын тапқаны екен. Ондай әйелден айрылмау керегін кеш ұқтым.

Бастысы, арада сыйластық, түсіністік болса, басқасының бәрін екеуара келісіп, шешуге болады. Ал менің қазіргі әйелімде сыйластық көрсету де, түсіністікпен қарау да табылмай тұр. «Қой» дегенге қоя қоятын ол жоқ. «Осындай екенімді біліп алдың ғой. Мен де тура сен сияқты әйелді іздегем демедің бе? Мені қайта тәрбиелеп, өзгерте алмайсың. Ондай жас қыз емеспін. Қалыптасып қалған адаммын. Сенің көңіліңнен шығу үшін болмысымды өзгертіп, өзімді жоғалтатын жайым жоқ. Ешкіммен жүріп, жатып кеткен ештеңем жоқ. Тек қана адамдармен араласып, ойнап-күліп жүргенім – жүрген. Ұнамаса, ажырасып кет» дейді. Ал мен екінші рет тағы отбасымды ойрандауға ел-жұрттан ұялып жүрмін."