"Денсаулыққа баламды айырбастаған жанмын"
Сурет: pinterest.com
"Өткен аптада әпкемнің қызын ұзаттық. Той басынан соңына дейін көзімнің жасын тыя алмадым. Жездемнің Атырауда тұратын бір сыныптасы «Не болды, өз қызыңды күйеуге бергендей толқып жүрсің ғой?» деді әзілдеп. Ол мән-жайды толық білмесе керек. Оның бұл сөздері мені одан сайын жылатты" деп көзіне жас толған оқырман ERNUR.KZ порталының тілшісіне жан сырын ақтарды.
"Өйткені Гүларай – менің туған қызым. Оны мен дүниеге әкелдім. Бірақ әпкеме беруге мәжбүр болдым. Әпкем үшінші балама жүкті кезімде құрсағымдағы нәрестемді сұрағанда, үзілді-кесілді қарсы болған едім. Дегенмен тағдырдың жазуы шығар, алтыншы перзентімді әпкеме бердім.
Біз көп балалы отбасында өскенбіз. Төрт ағам мен бір әпкем бар. Бәріміз өз уақытысымен отбасы құрдық. Әрқайсысымыздың үйімізде бірнеше баладан бар, шүкір. Бірақ әпкем ғана перзент сүйе алмады.
Жылдар бойы емделіп, соңында мәселе жездемнен екенін білдік. Сол кезде бәріміз әпкеме ажырасуды ұсындық. «Басқа біреумен отбасы құрып, ана бақытын сезін» дедік. Бірақ әпкем ешкімнің сөзін тыңдамады. Ол жездемді сүйді және оны тастап кете алмады.
Егер кінәрат әпкемде болғанда, жездем көп ойланбай-ақ басқаға үйленіп кетер ме еді? Бірақ әйелдер ғана осылай құрбандыққа барады ғой...
Әпкем бала асырап алуды ойлады. Бірақ жездем «Бөбектер үйінде көбіне ауру балалар болады» деп қарсы шықты. Әпкем абысындарына, жеңгелеріне қолқа салды. Ешкім баласын бере қоймады. Менен де сұраған кезде, «Бөбектер үйіне барып, сау бала іздеп көрейік» деген ұсыныс айттым. Бірақ әпкем бұған ренжіді.
Арада алты жыл өткенде мен қатты сырқаттандым. Екі бүйрегім де жұмыс істемей қалды. Өлім мен өмір арасындағы арпалыста балаларымды ойладым. Сол кезде ең алдымен әпкем есіме түсті.
Оны шақырып алып, балаларымның тағдырына бас-көз болуын сұрадым. Әпкем көз жасына ерік беріп: «Бұл өмірге құр келіп, бос кеткім келмейді. Сен үшін бір жақсылық жасайын. Бір бүйрегімді беремін» деді.
Сол кездегі толқыныстарды, қиындықтарды, наркоздан оянбай қалам деген қорқыныштарды созбалап жазбай-ақ қояйын. Операция сәтті өтті. Мен ұзақ уақыт емделіп, қалпыма келдім. Сол уақытта әпкем де біздің үйде жүрді, оның да қалпына келуі керек қой. Мен үшін денсаулығын құрбан еткен соң, ағзасы қалпына келгенше бүкіл жағдайын жасауды өз мойныма алғанмын. Ол сол аралықта үш айлық қызыма қатты бауыр басып қалды. Әпкем маған қызымды беруді өтінді. Жылап отырып алды. Туған-туыстар да әпкемді қолдады. «Сенде бес бала бар, ал әпкеңнің бұл – жалғыз үміті», «Негізі әпкең де операция үстінде өліп кетуі мүмкін еді, ал ол басын тәуекелге тікті. Сен әпкеңнің арқасында қазір тірісің...» деп, мені көндірді. Шын мәнінде бас тартуға менің амалым болмады.
Содан бері 20 жыл өтті. Әпкем қызымды өз перзентіндей өсірді. Бірақ мен Гүларайымнан бас тартқаныма талай рет өкіндім. Әпкем де бір бүйрегін бергеніне өкінген шығар, өйткені денсаулыққа жетер байлық жоқ қой.
Осылай мен денсаулыққа баламды, ал әпкем балаға денсаулығын айырбастаған. Мейлі, тағдыр шығар, өкінгенмен уақытты кері қайтара алмаймыз деп, өз-өзімді жұбатам. Туған қызымды ұзату тойында "Қызым" деп құшақтап, ұзата алмадым. Бастысы, бақытты болсыншы."