ЕҰУ AI Sana бағдарламасы аясында 100-ден астам жасанды интеллект пәндерін енгізді

0
95

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті AI Sana бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті.


ЕҰУ AI Sana бағдарламасы аясында 100-ден астам жасанды интеллект пәндерін енгізді

ERNUR.KZ. Бағдарламаның мақсаты – білім алушылар мен оқытушылардың жасанды интеллект саласында құзыреттіліктерін қалыптастыру және зияткерлік шешімдерді құрудың практикалық дағдыларын дамыту. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарламаны үш бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – AI дағдыларын үйрету. Екіншісі – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Үшіншісі – AI агенттерін құру және қолданбалы шешімдерді дамыту.

«Білім беру бағдарламаларын жаңартуға келетін болсақ, біз ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәндерінің мазмұнын қайта қарадық, жасанды интеллект бойынша блок енгіздік. Сонымен қатар университеттің 286 білім беру бағдарламасында ЖИ бойынша 100-ден астам пән енгізілді. Бұл негізінен негізгі пәндер: Машиналық оқыту, терең оқыту, компьютерлік көру және соған байланысты курстар. МИНОР да әзірленді. Бұл – 15 кредиттен тұратын шағын білім беру бағдарламасы. Мысалы, экономика факультетінің студенті жасанды интеллект бойынша МИНОР таңдай алады және оқығаннан кейін жасанды интеллекті бойынша терең білім алып, оны өзінің кәсіби қызметінде қолдана алады. Қазір бұл бағдарлама барлық білім беру бағдарламасы үшін және ЖОО-ның барлық студенті үшін қолжетімді», – деп атап өтті спикер.

Жалпы, AI Sana бағдарламасы аясында Huawei платформасында 5595 оқушы, Coursera платформасында — 1005, Astana Hub платформасында — 1017 оқушы білімін шыңдады. Барлық курс жасанды интеллект дағдыларын қамтиды.

«Сондай-ақ біздің университетіміз «AI BootCamp: жасанды интеллект негіздері бойынша қарқынды курс» атты жеке курсын құрды. Оқытудан 23 951 адам өтті, бұл университеттің барлық контингентін қамтуға мүмкіндік берді. ISNA бағдарламасы аясында білім алушылар 31 668 сертификат алды. Яғни, ЖИ қолданудың негізгі дағдылары бойынша біз барлық білім алушылардың 100% қамтыдық, бұл өте маңызды. Оқытушылар университетті дамытудың негізгі драйвері екенін ұмытпаңыз. Бізге мұғалімдердің де курстарды меңгеруі маңызды болды. Бұл курстардың барлығы тегін екенін атап өтемін. Сонымен, 40 оқытушы Microsoft курстарында оқыды. Түрлі жоғары оқу орындарынан 520 оқытушы білім беру мен зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану курсын оқыды», — деді Гүлмира Бекманова.

Еуразия ұлттық университетінде AI агенттері де әзірленуде. Олардың біріншісі – көру қабілеті нашар адамдарға арналған инклюзивті нұсқаулық. Яғни, адам құрылғыны мойнына асып алады, ол оған бағытты көрсетеді.

Келесі AI-агенті – SignBridge. Бұл ым тіліне аударма көмекшісі. Үшінші AI-агенті – АІ-аватары. Бұл виртуалды оқытушымен бейне дәрістер генерациялау жүйесі. Төртінші AI-агенті дипфейктерді анықтайды. Яғни, дауысты жасанды дауыстан ажыратуға мүмкіндік береді.