She Innovator Startup негізін қалаушы Әлия Оразымбетова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында IT-Aiel жобасына қатысу тәжірибесі жайлы айтып, бағдарламаның мән-жайына тоқталып өтті.
фото:ortcom.kz.
ERNUR.KZ. Спикердің айтуынша, IT-Aiel оған білім мен жаңа дағылардан бөлек, сенімділік пен алға қарай ұмтылуға мүмкіндік берді.
«Бұл тәжірибе менің IT және медиа салаларындағы бағытымды анықтады. Қазір мен PR саласында жұмыс істеймін. Халықаралық жобалармен айналысамын. Сонымен қатар жасанды интелектіні PR мен медиа контент өндірісіне енгізетін АІ-PR студиясының негізін қаладым. Менің ең маңызды стартап жобам – She Innovator Eurasia. Бұл медиа платформа технология, бизнес және креатив салаларындағы әйелдер көшбасшылығын дәріптейді», – деді Әлия Оразымбетова.
Сондай-ақ ол брифинг барысында IT-Aiel жобасының 3 жылдағы қорытындылары жайында айтты. Мәселен, тек биылдың өзінде бағдарламаға 4079 әйел адам қатысты. Олар жасанды интеллект және оған қатысты мамандықтар бойынша білімін шыңдап, сертификат алды. Қатысушылардың құрамындағы 49%-ы жалдамалы жұмысшылар, 17%-ы – үй шаруашысындағы әйелдер болса, 15%-ы – уақытша жұмыссыздар. Қатысушылардың орташа жасы 36 мен 45 жас аралығында. Әйелдердің үштен бір бөлігінің тұрақты жұмысы болмаған.