"Күйеуім партнер болам деп талып қалды": бес баланың анасы босанған сәтіндегі оқиғасын айтып берді

0
320


Сурет: pinterest.com

Босану залы – өмір мен өлімнің, қуаныш пен уайымның, ауыртпалық пен жеңілдеудің тоғысқан жері. Мұнда түрлі жағдайлар орын алады: кей аналар ұзақ толғақпен күрессе, енді біреулері сәбиін тез және жеңіл дүниеге әкеледі. Кейде күтпеген асқынулар орын алып, жедел шешім қабылдауды талап етеді. Арасында көңілді, күлкілі жайттар да жоқ емес.

ERNUR.KZ порталының оқырманы өз басынан өткен сондай қызықты оқиғасымен бөлісті.


"Босану – өмірдің ең қиын әрі ең ғажайып сәттерінің бірі. Ауырсыну мен қиындыққа қарамастан, бұл сынақты әйелдер аналық махаббатымен және ерік-жігерімен жеңеді"

"Әйелдің қырық жаны бар" деген рас қой. Төрт баламды босанғанда күйеуім перзентханаға жеткізуге ғана үлесін қосқан. Ар жағына бас қатырмаған. Босанғанда қасымда енем болатын, кейін қайынатам шығарып әкелетін үйге.

Соңғы бесінші сәбиіме жүкті болғанда ғана әкелік махаббатты енді-енді сезе бастады-ау деймін. Әйтеуір сол кезде жағдайымды жасап, жерік асымды әкеп беруді үйренді. Кейін тіпті "Босанғанда қасыңа партнер боп өзім кірем" деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Кіргенін қайтейін, маған түк пайдасы тиген жоқ. Көмектескені былай тұрсын,«Ойбай, осындай болатын ба еді? Алдыңғыларды да өстіп босандың ба?» деп сұрақ қойып жүйкемді жұқартты.

Онымен қоймай, тура мен босанып жатқанда есінен танып құлағаны бар емес пе? Акушер мен дәрігер «Дәл қазір сізбен алысамыз ба, әйеліңізбен алысамыз ба? Жата тұрыңызшы!» деп аяғынан сүйреп шетке шығарып тастай салыпты. Артынан естіп әбден күлдік. Күйеуімнің жүрегі мұнша нәзік екенін соған дейін білмеппін.

Қанша ауыр болса да, босану залы – өмірге бастар есік. Онда көз жас та, күлкі де, толқу да қатар жүреді."