"Қонақтың қалтасынан 20 мың теңге жымқырған": баласының қылығына ұялған азамат мықтап сабақ алғанын айтты

0
401

"Күнде тәтті аласың деп бес-он тиын бере беріп өзім жаман үйретіп қойдым"


Сурет: mel.fm

"Бұл мәселемен көптеген ата-аналар бетпе-бет келеді деп ойлаймын. Біздің отбасыда тұңғыш ұлымыз мектепке барған кезден басталды. Басында күнде тәтті аласың деп бес-он тиын бере беріп өзім жаман үйретіп қойдым. Кейін келіншегім «Зиянды нәрселерді көп жеп кетті, денсаулығын құртады. Оның орнына мектептің ыстық тамағын ішсін. Ең болмаса аптасына бір рет қана берші» деп шырылдап жүріп қойғызды" деп ер кісі ERNUR.KZ оқырмандарына өз қателігін мойындады.


"Мен ақша беруді азайтқасын балам басында күнде сұрап қыңқылдап жүрді де, кейін байқатпай қалта, сөмкемізден алып кететінді шығарды. Кішкентай ғой әлі, уақыт өте келе өзі қояр" деп мән бермедік. «Бұл бала қалтамызда тиын қалдырмайтын болды, бәрін сыпырып кетеді» деп күліп қоя саламыз.

Арасында «болмайды, алма» деп айтамыз, ұрсамыз әрине. Біраз уақыт тыныш жүреді де, бір күндері қайта алады. Сөйтіп жүріп сол әдеті алтыншы-жетінші сыныпқа жеткенде кәдімгі ұрлыққа айналды.

Біздің қалтамыздан мың, екі мың теңгелеп алып кететінін былай қояйық, үйге келген қонақтың қалтасынан бақандай жиырма мыңы жоқ боп шыққанда келіншегім екеуміз мәселенің мәнін бірден түсіндік. Үйдегі ақшадан алып «Мында түсіп қалыпты» деп апарып бергенмін.

Бұл мәселемен шындап айналыспаса, баламыздың болашағы бұлыңғыр боларын ойлап, не істейтінімізді ойластық. Ақыр соңында баламды психологқа апардық. Маманның нұсқауларымен шешесі бөлек, мен бөлек, бәріміз бірге сан мың рет сөйлесіп жүріп, әйтеуір балам сол әдетін қойды.

Кейінгі балаларымыз да ақшаның құдіретін түсіне бастағанда қалтадан тиын-тебен алатын. Бірақ біз ендігі тәжірибелі әрі осы мәселе бойынша психологпен тікелей жұмыс істеген, бірқатар білімі бар ата-анамыз ғой. Баламен басынан дұрыс жұмыс жасап, ақшаның не үшін керек екенін, қалай табылатынын, қай кезде алуға болады, қай кезде болмайтынын – бәрін түсіндіре білдік деп ойлаймын. Әйтеуір кейінгі балаларымызда мәселе ушыққан жоқ. Осындай жағдайға тап болған басқа да ата-аналарға баланың әдетіне айналмай тұрып ертерек әрекет ету керегін айтқым келеді."