"Кластасымның күйеуін ұнатып қалдым" - әйел өз жанұясын бағалай алмағанын мойындады

0
533

"Жолдасым екеуміздің арамызда мұндай қарым-қатынас жоқ"


Сурет: images.squarespace-cdn.com

Сөзін "Желтоқсанның ортасында он бес жыл көрмеген сыныптасымның үйіне қонаққа бардым. Сол күннің әсері әлі күнге дейін тарқамады" деп бастаған ERNUR.KZ оқырманы өзін өзгерткен сыныптасын көпке үлгі еткісі келетінін жеткізді.


"Шымкентке семинарға барғанда қаланың әдемі жерлерінде суретке түсіп, сыныптастардың вацап чатына жіберген едім. Сәлден соң «Назира кластас» дегеннен хат келіп тұр.

Назира – сыныптағы ең ақылды әрі көрікті қыздардың бірі болатын, бірақ мектеп бітіргелі көрмеппін. Чатта да ештеңе жазбайды. Студент кезінде тұрмысқа шыққан соң байланыс үзіліп кетті. Кейіннен жігіттер ватсапта группа ашып, бәрімізді қосып қойған еді. Сол группада үнсіз отырған Назираның маған хат жазғанына таң қалдым.

"Сәлем, қалайсың? Кешке үйге тамаққа кел" деп мекенжайын жіберіпті. Қоңырау шалып, «Сағат 3-терде барайын, түнде самолетке билет алып қойғанмын" деп айтып едім, келісе кетті.

Ең жақсы киімімді киіп, алтын әшекейлерімді тағып дайындалдым. Дубайдан алған иіссуымды септім. Көптен көрмеген сыныптасым ғой, өз жағдайымның жақсы екенін көрсеткім келді. «Мадленнен» торт таңдап алып, таксиге отырдым.

Назира қақпасын өзі ашып, жадырай қарсы алды. Үстінде арзан халат, бірақ өзі өте сымбатты әрі арық екен. Оқушы кездегідей мінсіз мүсінін көріп: «Қанша балаң бар?» деп сұраппын бірден. «Алланың берген алты баласы бар» деді күлімдеп. Сол күлімсіреген жүзінен баяғы пәк Назираны көрдім. Іштей: «Ойпырмай, алты балам болса мен абыржып, жүйкем ғана емес бетім де тозып кетер еді-ау, ал бұл боянбаса да әдемі. Жап-жас, әжім жоқ. Мұздатқышта сақталғандай сол қалпы екен», - деп ойладым. Өзімнің жуан сандарыма қарап, содан кейін қалың креммен жауып қойған бетімдегі әжімдерімді ойлап көңілім түсіп кетті.

Төрт бөлмелі шағын үйде тұрады екен. Үйінің жағдайы қарапайым, бірақ таза. Балалары тәрбиелі, киімдері тап-тұйнақтай. Бөлмелерінен шықпай, бірі сурет салып, бірі кітап оқып отыр. Үлкені кішкентайын ойнатып, біздің әңгімемізге мүлдем кедергі жасамады.

Бір уақытта жұмыстан күйеуі келді. Таксист болып отбасын асырайды екен. Оның да түр-тұрпаты өте қарапайым. Назира – мектепте мұғалім, ал мен – университетте деканмын. Күйеуім – хирург. Үш баламыз бар. Үлкен үйіміз, қос көлігіміз бар. Бірақ бізде Назира мен күйеуінің арасындағыдай сыйластық жоқ.

Күйеуім екеуміз бір-бірімізбен жарысатын бәсекелес адамдар сияқтымыз. Болмашыға айқайласамыз да жүреміз. Ол шешесіне ақша берсе, мен де өз анама жөнелтем. Қайынәпкелерім келіп қона жатып кетсе, келесі аптада өз әпкелерімді үйге шақырып қонақ етем. Сосын «сен сөйттің, мен бүйттім» деп міндетсініп ұрысамыз. Балаларымыз да бір-бірімен күндес секілді, жиі ұрысады. «Неге ол үй жинамайды?», «Неге оған айфон әпересіз, маған ше?» деген сөздерді естіп, шаршап кетемін.

Күйеуім көп табыс тапса да, үйге азық-түлік әкелгенін көрген емеспін. Бәрін өзім сатып аламын. Әрине, ақша береді. Бірақ ақшалай берген басқа да, үйіне қажеттіні еркектің өзі сатып әкелгені басқа екен.

Назираның күйеуі қолында азық-түлік салынған пакетімен кіріп келіп, әйелінің бетінен сүйіп: «Қалайсың? Шаршамадың ба?» деп сұрады. «Бір-біріңді көрмегелі көп болды ма?» дедім таңданып. «Таңертең кеткен еді, енді келіп тұр ғой. Кешке дейін сағынып үлгердік» деп Назира күліп жауап берді.

Кластасымның күйеуіне қарап қызығып кеттім, ұнаттым. Дәлірек айтсам, күйеуінің жарына, сыныптасымның жолдасына деген сыйластықтарын, екеуінің қарым-қатынасын. Шынымды айтсам, біз бір апта көріспесек те, мұндай қарым-қатынас жоқ. Олардан шынайы мейірім мен сыйластық көрдім. Қарапайым дастархан басында бір-біріне деген ерекше махаббаты мен құрметін сезіндім. Бұл үйдегі адамдардың мейір-махаббат мені сүйсінтті.

Талай үйде қонақ боп жүрмін ғой. Бірақ зәулім үйлерде тұрып, қымбат көліктер мінген көп адамдардан табылмайтын ішкі тыныштық пен шынайы ризашылықты осы қарапайым үйден көргенім таңғалдырды. Назира алтын тағынбаса да, қымбат бұйым тұтынбаса да, шын бақытты. Таң қалдым. Күліп қарсы алған ол шығарып салғанша күлімсіреп, бақыттан бал-бұл жанып жүрді-ау.

Нағыз байлық – адамның жүрегіндегі рухани жағдайында, жүректегі тыныштықта және отбасы ішіндегі махаббат пен сыйластықта екенін мойындаған күн болды. Қайтып бара жатып, бүкіл алтынымды тағынып барғаныма, қызметтегі жетістіктерімді, шетелге саяхаттағанымды айтып мақтанғаныма ұялдым.

Үйде ұрыс-керіс болған кезде Назираның сабырлы, бақытты жүзі көз алдыма келеді де «Қой, өз берекемді өзім қашырмайын. Бақыт ақшада, дүниеде емес» деймін. Балаларымды, күйеуімді жиі құшақтап, мейірімді болуға, әр сәттен ләззат алуға үйреніп жатырмын.»