"Қайынжұртымда ұят жоқ екен" - жігіт ағасы әйелінің бауырларына несие әперетінін айтып ашуланды

0
247

«Асылып өлеміз» деп ата-анасын қорқытып, қарыздарын соларға төлетеді.


"Күйініп кетем. Альберт Эйнштейннің «Ми көзге көрінбейді, бас сүйегі қуысында орналасқан ағза. Бірақ оның көп не аз екені байқалып тұрады» деген сөзі еріксіз тіліме оралады. Үйленерде ақылды қызды таңдау керек екен. Ал қыздар ақылы бар жігітті..."

ERNUR.KZ порталының редакциясына келіп, әңгіме-дүкен құрған жігіт ағасы осылай деп ашуын жасыра алмай отыр. Оның неге күйінгенін оқиғасымен толық таныссаңыз, жақсы түсінесіз.


"Бір құдашам бар. Жап-жас. Күйеуі де сау-саламат, тепсе темір үзетін жігіт. Екеуі де жұмыс істемейді, еңбек еткісі келмейді. Құдашам қашан көрсем онлайн курстар алып оқып жүргенін айтады. Ал күйеуі «Қайтарымсыз грант алам, сосын кәсіп ашам. Ақшасын беріп қойдым, танысым грант ұтқызып береді» деп, алаяқтарға сеніп жүр.

Сонда қандай ақшаға күнелтіп жүр дейсіз бе? Кредитке, каспий редке алады бәрін. Кредитке белшесінен батқан. «Асылып өлеміз» деп ата-анасын қорқытып, қарыздарын соларға төлетеді. Ал әке-шешесі басқа ұл-қыздарына ай сайын «салық салып» сол кенже ұл мен келінінің кредитін төлейді.

Ол екеуі ойланып жүрген жоқ, кафеде қымбат тамақ, туған күнде алтын алқа алады. Тағы кредитке. Бетте ұят жоқ, басында ой жоқ.

Өзінің несиесін өтей алмай жүріп, өзгеден қарыз сұрайтындарға не дейсің? Иә, ондай достарым да бар. Киімдері су жаңа, қолында жаңа айфон. Бірақ артында – шылқыған қарыз. Әр айдың соңында банктен маған қоңырау. Себебі менің нөмірімді банкте "сенімді адам" деп көрсеткен. Неше рет айттым мені араластырмашы деп. Тыңдамайды.

Жасырмаймын, менде де кредит бар. Үйленерде шешем алдырды. «Кредитпен болса да үйлен, әйтпесе біз сені үйлендіре алмаймыз» деді. Жалақым түсе сала ішпей-жемей бірінші несиемді төлеймін.

Тістенем, көнем. Жазғы каникулда қарап отырмай, балмұздақ сатам деп ойлап жүргем. Маған кредит мақұлданбады, әйелімнің атынан шағын несие алсам ба дедім. Бір үміт, бір қадам. Бірақ әйелім былтыр әпкесіне, биыл ағасына несие алып беріпті. Ағасы да, әпкесі де кешіктіріп төлеп, әйелімнің кредит тарихын бұзыпты.

Ұрыстық, ренжістік. «Енді менімен ақылдаспай ешкімге несие әперме!» дедім. Ол мақұл деген. Ал өткен аптада сіңлісіне 24 айға бөліп төлеуге каспийден айфон әперіпті. «Уәде қайда, неге ақылдаспайсың?» десем, «Стипендиясы бар ғой, өзі төлейді» дейді. Әй, қайдам?!

Әйеліме «Сен енді тек өзіңді, өз отбасыңды ойлауың керек» деп түсіндіре алмай жүрмін. Қайын жұртымда да ұят жоқ екен, келіншегіме кредит алдыра береді."