"Қызымның туған әке-шешесіне де өте ауыр болғанын мойындаймын, маған одан да қиын"
Сурет: i.pinimg.com
Перзент – бұл өмірдегі Алланың бізге берген теңдессіз нығметтерінің бірі. Перзент нығметін Алла Тағаланың өзі ғана береді. Алла бермесе, пендесінің қолынан келер қайран жоқ.
Бірақ, осындай теңдессіз нығметке шүкір етудің орнына, күпірлік етіп жатқандар да бар. Оның үстіне өз тыныштығы мен «еркіндігін» ойлап, өз перзентінен аналық махаббаты мен мейірімін, жылулығын жеткілікті бере алмайтын аналар да өкінішке орай, ұшырасып қалып жатыр. Біреулер бір тырнаққа зар, ал келесі біреулері мұндай бақыттың қадіріне жете алмай жүр. «Бір кем дүние» деген осы ма екен?!
Назарыңызға ERNUR.KZ порталының хатқоржынына келіп түскен ананың хатын ұсынамыз.
"Мен университетті бітіре сала мектепке жұмысқа кірдім. Өзімнің сүйіп таңдаған мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Балалармен жұмыс істеу қатты ұнайтын, жақсы көремін. Сондықтан, еш ойланбастан, осы мамандықты таңдадым.
Мектепте жұмыс істеп жүргеніме бір жыл толғанда сүйіктімді жолықтырып, тұрмысқа шықтым. Жолдасым өте жақсы адам. Маған жақсы жар, болашақта балаларыма керемет әке болатынына сенімім мол болғасын тұрмысқа шығуға келісім бердім.
Қаншалықты өзімді бақытты сезінгеніммен, сол бақытымның бір кетігі толықпай тұрғандай түйілетін. Ол әрине, бала. Мына өмірдің қызығы – бала емес пе? Маған жетіспей тұрғаны сол болатын.
Бірақ біз ешқашан үмітімізді үзбедік. Оның үстіне мен күні бойы балалармен жұмыс істеп, еш зерікпейтінмін. Тек қана үйге барғанда өлі тыныштықтан мезі болатынмын. Тезірек таң атса екен деп, жұмысқа қарай асығатынмын.
Жолдасым бұл туралы сөз қозғап мазамды алмаса да, оның да іштей арманы бала сүю екенін сезетінмін. Бір-бірімізді қимайтындықтан, баласыздықтың себебінен ажырасып кетуді жөн көрмедік. Одан да соңына дейін күресіп, балалы болудың жолдарын іздеуді жалғастырдық.
Дәрігерге қаралғанымызда, жолдасымда ешқандай мәселе жоқ, денсаулығы жақсы, балалы болуға қабілетті. Ал мен болсам... Менің біраз уақыт емделуіме тура келді.
Үмітімді үзген жоқ, тек қана «біраз уақыт жақсылап емделсеңіз, балалы бола аласыз» деп шығарып салды. Мен дәрігер айтқан ем-домдардың барлығын айтқан уақытымен, берген дәрілерін қалдырмай қабылдадым.
Бірақ бізге ұзақ уақыт күтуге тура келді. Сол кезде ата-енем мазасызданып, бала туралы көп айта бастады. Ол кісілер айтқан сайын мен өзімді қоярға жер таппай кететінмін. Ол кісілер нақты менің кінәратымнан осылай болып жатқанын білмейді ғой, сондықтан, менің көңіліме келер деп ойламаған болса керек. Олардың да ойлайтыны жақсылық екенін жақсы білемін.
Бір күні көз жасым таусылуға айналғанда ол кісілерге ашығын айтуға бел будым. Маған рұқсаттарын берсе, кеткім келетінін, ұлдарының перзент сүюге қабілетті екенін және оның бағын байлағым келмейтінін айтқым келді. Бірақ, мұны айтамын деп қатты қобалжыдым. Ол ксілердің алдында айтар сөзімді толық айта алмай жылап жіберген едім. Сонда күйеуім менен ешқашан айырылғысы келмейтінін, қанша күту керек болса, сонша уақыт күтетінін айтты. Енем де «Алладан ешқашан күдеріңді үзбе! Берерінен танбасын, Алладан сұрайық! Бірақ, кетем дегенді ендігәрі айтушы болма!» деп жұбатты.
Атам бұл істі бұлай қалдыруға болмайтынын, соңына дейін жеткізу керектігін айтып, өзі ең мықты, білгір деген дәрігердің алдына жетектеп апарды. Атамның ұлына айтқан ақылы - кішкентай ғана сынаққа сынып кетпей, барынша күресуді ескертіп, бізге көп қолдау көрсетті.
Менен кейін келін болып түскен қайнымның келіншегі тұңғышын босанғанда, сол сәбиді менің бауырыма салуды тапсырды. Аналық мейірім деген осы екен ғой, жаңа туған сәбиді құшағыма алғанда, екі көзімнен парлап аққан жасты тоқтата алмадым.
Қайным мен келініме де ерекше алғыс айтамын, атамның сөзін жерге тастамай, маған да сенім артып, тұңғыштарын бауырыма салғандарына қатты риза болдым. Әрине, бұл жағдайды дұрыс емес дейтіндер бар. Қызымның туған әке-шешесіне де өте ауыр болғанын мойындаймын, маған одан да қиын. Бірақ біз жағдайды оңынан шеше білдік деп ойлаймын.
Қазір, Аллаға шүкір, қызымның артынан іні-сіңлілері ерді. Осы қызымды әулетімізбен жақсы көреміз. Қазақта «майкөтен бала» деген ұғым бар. Сол майкөтен қызымыз біздің әулетімізге бақыт алып келді. Барлығы да атамның ақылымен, енемнің және күйеуімнің, туыстарымыздың қолдауымен жалғасып келеді."


