"Өз шаңырағында жайы болмаған соң, біз енемді қасымызға алдық"
Сурет: abuelocomodo.com
"Адам болған соң, өмірінде қателіктер жіберуі – заңды құбылыс. Алайда, сол қателікті дер кезінде түсініп, кешірім сұрап, қайта қайталамауға тырысқаны – ол адамгершіліктің ұшар шыңы деп айта аламын. Кезінде күн көрсетпеген енем қазір қолымда отыр. Ол кісіге сол бір маған көрсеткен қиындықтары үшін ренжігеніммен, мен оны кешірдім. Себебі, адам бұл өмірде мәңгілік емес" - бұл ERNUR.KZ порталы оқырманының өмірден түйгені.
"Жігітімнен (қазіргі күйеуім) үйленбей тұрып аяғым ауыр боп қалған. Арамызға анам түсіп, "Жауапкершіліктен қашпа! Әйтпесе, заң бар, заң алдында жауап бересің" деп талап етті. Нәтижесінде жігітім шешесін бірдеңе қылып көндіріп, екеуміз жеделдетіп үйлендік.
Бірақ, енем мені жақсы қарсы алмады. Оны да түсінуге болатын шығар. Ешбір ана баласының мұндай жағдайда үйленгенін қаламайды ғой. Енемнің суық қабағын жадыратуға барымды салдым. Ол кісіге барынша жақсы келін болуға тырыстым. Оңай болмады.
Не істесем де енеме жақпадым. Одан кейін балам өмірге келді. Немересіне еміреніп, жүрегі жібитін шығар деп едім, олай болмады. Сол баяғы қатып қалған суық қарым-қатынас болды арамызда.
Балам бір жасқа жақындағанда қайным үйленетін болды. Сөйтіп, ата-енем ақылдасып, бізді бөлек шығарды. Басында жолдасымның да көңіл-күйі болмай, мені әйелі ретінде қабылдай алмай жүрген болатын. Алайда, уақыт өте келе, ұлы өмірге келген соң өзгерді. Ол өте мейірімді әке, қамқор күйеу бола білді. Ол да менің соншалықты талпынып, отбасымды сақтап қалу үшін жұмсаған күш-жігерімнің арқасында деп білемін.
Біз бөлек шыққан соң, арамыз жақсара түсті. Мен жолдасымның өте жақсы отағасы бола алатынына көзім жетті, оны бағалап, құрметім арта түсті. Бұрын жастықпен, жауапкершіліктен қашып жасаған қателігіне ренжісем, қазір кешірдім. Ең бастысы біргеміз, ұлымыз толыққанды отбасында өсіп жатыр.
Ал енеме келетін болсақ, мені келін ретінде қабылдай қоймады ғой. Ақыр соңында бөлек шығарып, кенже ұлын үйлендірген соң, сол келінін қара шаңырақта алып қалған болатын. Бірақ жағдай өзгерді. Енем біздің үйге жиі-жиі келіп, немересіне ғана емес, маған да сыйлықтар әкеліп, жылы шырай танытатын болды.
Енем біздің үйге қаншама рет келсе де, ешқашан қолындағы келінін жамандаған емес. Алайда мен сезіп жүрдім, енемнің ол үйде жайы болмай жүргенін. Қайынатам жоқ, жалғыз қайынәпкем тұрмыста. Мен ортаншы ұлдың жарымын. Кенже келін түскен соң, енем төрт құбыласы түгелденгендей күйде жүрген еді. Бірақ, олай болмай шықты. Өз шаңырағында жайы болмаған соң, біз енемді қасымызға алдық.
Қадірімді кеш түсінді деп мен де қырсықпадым. Керісінше, енемнің бұлай өзгергеніне қуанышты болдым әрине. Мен де қолымнан келгенше сыйлық жасап, ол кісіні қуантуға тырысып жүрдім. «Таспен атқанды аспен ат» деген сөз бар емес пе қазақта."