"Балаларының рұқсатын сұрамады, бірауыз айтып, алдымыздан да өтпеді"
Сурет: i.pinimg.com
"ERNUR.KZ порталының оқырмандарына іштегі сырымды айтпасам, сырласатын жан таппай қиналдым. Бәлкім, біреулер өз өміріне налып, шүкірсіздік етіп жүрсе, менің хатымды оқып тәубесіне түсер. Өмірде әртүрлі тағдырлар бар, өзінен де қиын тағдырды көрсе, шүкірі арта түсер ме екен деген ойдамын.
Отбасында төрт бауырмыз. Екі ағам бар. Ағаларым үйленіп қойған. Әпкем әлі тұрмыс құрмаған, жасы биыл отызға толады. Сол кісіге алаңдаулымын.
Туған анамыз ерте қайтыс болған соң әпкем бізге ана орнына ана болды. Өйткені, әкемнің бізбен шаруасы болмаған еді. Анамның жылдық асы өте салысымен басқа әйелге үйленіп алды. Балаларының рұқсатын сұрамады, бір ауыз айтып, алдымыздан да өтпеді. Әйтпесе, естияр болып қалған ұлдарына айтса болады ғой.
Ал әпкем болса бауырларым қиналып қалмасын деп біздің жанымызда көбірек болуға тырысты. Біз кішкентай болғандықтан, «бауырларыма қорған болайын, бас-көз болып жүре тұрайын» деп өзінің жеке өмірін кейінге ысырып қойған сияқты. Өйткені әкемнің екінші әйелі – өгей шеше бізге өз анамыздай бола алмады.
Алдымен әкемнің өзі үйленіп алды. Одан кейін ағаларым үйленді. Үйленгенде де «жағдайымыз жоқ, қалыңмал төлемейміз, той жасамаймыз» деп құдаларының алдында өз міндетін де дұрыстап атқара алмады. Тек қана ағам мен жеңгем бір-бірін ұнатып тұрған соң, «бізге ештеңе керек емес, балаларымыз бақытты болса болды» деп жеңгемнің әке-шешесі түсіністік танытты. Ал екінші ағам жақында ғана үйленді. Ол да әкем мен өгей шешемнен қайран жоғын білген соң өзі жұмыс істеп, ақшасын жинап, той жасап үйленді. Әкем тек әкесі ретінде тойдың төрінде тұрды, жасаған жақсылығы сол ғана.
Үлкен ағамның қазір екі баласы бар. Кіші ағам әкем үйленгеннен кейін үйден кетіп қалды. Кеткені де жақсы болған, әйтпесе бұл үйде оған да күн жоқ еді.
Өгей шешеммен әпкемнің басы сыйыспаған соң әпкем мені ертіп үйден кетіп қалған, небәрі 17 жасында. Содан бері біз әкемізден бөлек тұрамыз. Бірақ ағаларыммен араласып, жиі барып тұрамыз. Олар да бізге келіп, бауырлық қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Ағаларым да, мен де қанша ренжісек те әкеме барып, хал-жағдайын сұрап араласып тұрамыз. Ал әпкем сол күйі бармай қойды.
Қатты ренжігені сонша, «туған қызын екінші әйелінен қорғап қала алмады, кеше келген соның сөзін сөйледі, тіпті сол әйел деп туған қызына қол көтерді» деп өкпелі. Содан бері он бес жылға жуықтаған екен, әкем мен әпкем мүлдем сөйлеспейді. Тым болмаса әкесі болып «қызым, сені жақсы көрем, осындай түсінбестік болып қалды» деп бір ауыз кешірім сұраса, әпкем де кешіреді ғой. Ол да оны сағынып жүр. Бірақ өгей анамызды көргісі келмейді.
Мен ол кезде кішкентай едім, болған жағдай еміс-еміс есімде. Әкем мен әпкемді өгей анам үнемі шағыстырып отыратын. Олар жиі-жиі сөзге келіп, ұрысып қалатын еді. Осындай жаз мезгілі болатын. Ұрыстың неден шықаны есімде емес, әйтеуір әпкем мен өгей шешем қатты ұрысып қалды да, әкем келіп қалып, әпкемді ұрды. Анам барда қыздарына қол көтермек түгілі түртпейтін әкемнің өзгеріп кеткенін көрген әпкем шыдай алмаса керек. Далаға қашып шықты. Әкем артынан қуып жетіп, қолына түскен затпен сабай бастады. Есік алдында отынға керек деп жинап қойған қураған ағаш бұтақтар жатушы еді, сонымен әпкемді аямай сабады. Араша түсетін ешкім болмады. Ағаларым сол кезде басқа қалада еді. Менің араша түсетіндей шамам болмады. Әкем әпкемді қан-жоса етіп ұрып тастады. Әпкемнің денесінде содан қалған үлкен тыртық бар.
Ағаларым сол жағдайды білгеннен кейін олар да әкеме ренжіп, онымен араласпаймыз деген болатын. Бірақ әпкем оларды райынан қайтарды. «Сендер әкеммен араласпай қойсаңдар, менің жеңілгенім. Өйткені, анау әйелге де сол керек, балаларымен араласпаса оның да жаны кіріп, еркін өмір сүреді, оның арманын орындайын деп отырсыңдар ма? Араласасыңдар!» деді.
Әпкем түр-келбеті келіскен әдемі қыз. Талай жігіт сөз салып, құда түсіп келсе де, бәрінен бас тартты. «Неге олай істейсіз?» десем «Осы өміріме ризамын, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Үйім бар, жұмысым бар, тауып жатқаным өзіме жетіп-артылады» деп құтылады. Ал мен олай емес екенін сеземін."


