​Бір айда 435 қоныстой: Отбасы банк «Наурыз 2026» бағдарламасының қорытындысын жариялады

0
68

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы Отбасы банк толық емес бір ай ішінде 11,6 млрд теңге сомасына қарыз берді.


​Бір айда 435 қоныстой: Отбасы банк «Наурыз 2026» бағдарламасының қорытындысын жариялады

фото:24.kz

ERNUR.KZ. «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізімі 2026 жылдың 6-шы сәуірінде жарияланып, бүгінгі күнге дейін 435 қазақстандық отбасы өз баспанасына қол жеткізді.

Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар, жесірлер мен толық емес отбасылар бар.

Қазіргі таңда 7 132 өтінім қаралу үстінде. Бұл – қатысушылардың баспана іздеп жатқанын немесе қарыз рәсімдеу кезеңінен өтіп жатқанын білдіреді.

Бағдарламаны қаржыландыру үшін биыл Отбасы банк алдын ала 100 млрд теңге тартты. Ол үшін Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында әлеуметтік облигациялар орналастырылды. Бағалы қағаздарды қайта орналастыру мамыр айына жоспарланған. Қосымша тағы 100 млрд теңге тарту көзделуде. Бұл «Наурыз» бағдарламасы қатысушыларына қолжетімді несиелерді тұрақты түрде беруді қамтамасыз етеді.

«Наурыз» бағдарламасының барлық қатысушылары үшін қарызды рәсімдеуге жеткілікті уақыт қарастырылған. Қазіргі таңда қолжетімді несиеге үміткерлердің барлығы бірдей өтінім беріп үлгермеген. Өтінімді 2026 жылдың 12 мамырына дейін (қоса алғанда) тапсыруға болады.

Қарыз мақұлданғаннан кейін әр қатысушыға баспана іздеуге қолайлы дейтін алты ай беріледі.

Пәтерді таза әрлеумен сатып алу үшін бастапқы жарна 10%-дан басталады. Ал қара әрлеудегі немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй үшін бастапқы жарна 20% болуы қажет.

Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін несие мөлшерлемесі 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9%-ға дейін). Қалған санаттағы азаматтар үшін – 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін).

Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

«Наурыз» бағдарламасы аясында алуға болады:

  • бастапқы тұрғын үй, оның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясы (КЖК) кепілдігімен үлестік қатысу шарты арқылы және сақтандыру құралын пайдалана отырып;
  • моноқалалар мен ауылдық елді мекендердегі қайталама тұрғын үй (жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-ынан аспайды).

Қарыздың ең жоғары сомасы:

  • Алматы және Астана қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін;
  • қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарлама қатысушылары бастапқы тұрғын үйді Баспана маркет порталы (otbasybank.kz) арқылы таңдап, брондап,сатып ала алады. Бұл мүмкіндік тұрғын үй бағдарламасы басталған кезде бағаның жасанды өсуіне жол бермеу мақсатында енгізілген.

Жалпы «Наурыз» бағдарламасы іске асқан уақыттан бері 16 679 қатысушы баспаналы болды. Берілген қарыздардың жалпы сомасы 455 млрд теңгені құрады.