"Баланы ұрмай-ақ тәрбиелеуге болады": төрт баланың әкесі өз балалық шағынан көргенін айтты

0
216

«Баланы анда-санда ұрып тұрмасаң, құтырып кетеді. Бала үйде бір адамнан аяқ тартуы керек. Балаларымды ысқырып тұрып жұмсаймын, үйрегнені өздеріне жақсы, істегендері маған жақсы»


Сурет: i.pinimg.com

"Сіздермен, сіздер арқылы оқырмандармен жүрегімдегі ең жылы естеліктердің бірімен бөліскім келеді. Айтайын дегенім менің бала күніме қатысты" деп бастады сөзін редакцияға келген жігіт ағасы.

Оның түйгені ERNUR.KZ порталының оқырмандарына да ой саларлық екен.


"Анам бізге ешқашан дауыс көтерген емес. Үйде бес баламыз. Ешқайсымызға ұрыспады, жазғырмады. Кішкентай кезімізден бастап әр ісімізге сүйсініп, мақтап отыратын. Мақтайтын нәрсе жоқ болса да, тауып алатынына таңмын.

Әр баласына арнаған сөздері бар еді.

«Дархан – тұңғыш ұлым, менің қорғаушым. Бәрімізді қорғап жүреді. Бізге тиіскісі келгендер Дарханнан қорқып, тиісе алмайтын болады. Таңшолпан – ақылды қызым. Өскенде сенен ақыл сұрап тұрамын, сол кезде дұрыс жолды айтасың. Айна – сұлу қызым. Кейін бәріміздің шашымызды, көйлегімізді әдемілеп, сәндеп береді. Інілерің – менің көмекшілерім. Екеуі өскесін бізге азық-түлік әкеп береді, тәтті тамақ істеп береді, үйді тап-таза қылып жинайды. Бәріміз бірге қыдырамыз» деп майын тамызып тұрып айтқанда аузымыздың суы аға тыңдап, керемет келешегімізді елестетіп, қиялға беріліп кететінбіз.

Қазір қарасам, балалық шағымнан жатталып қалған ең тамаша естелік – бірге осылай қиялдаған кездеріміз екен.

Бір қызығы, анам бізді ұрсып, жүгіртіп жұмсамады. Үй тірлігін өзі істейтін, үлгермей жатса, кейбір жұмыстарын ертеңге қалдыратын.

Бірақ мен ер бала болсам да, 13 жасымда анама үй шаруасына көмектесу керек екенін түсіндім. Сөйтіп анам отырмаса, мен де отырмай, қасында жүретін болдым. Үйде өзі жоқта «Мынаны істеп қояйық» деп бауырларыма айтып, бәріміз жабылып жүріп бір-екі тірлігін тындырып қоямыз. Оны көргенде анам екі есе мәз болады. Тіпті кейде «Ойбу, тірліктің бәрін істеп қойыпсыңдар, енді мен не істеймін? Қолым бос, өлең айтып, билеп жүремін де енді. Анасын демалдыратын осындай ақылды балалар көп болсын, сендерден үлгі алсын» деп, шынымен ән салып, билеп кететіні бар еді.

Шынында, анамның сөздері шабыттандыратындай-ақ екен ғой. Өйткені біз одан сайын тырысып, анамызды тағы да қуантуға асығатынбыз.

Кейде «Баланы анда-санда ұрып тұрмасаң, құтырып кетеді. Бала үйде бір адамнан аяқ тартуы керек. Балаларымды ысқырып тұрып жұмсаймын, үйрегнені өздеріне жақсы, істегендері маған жақсы» деген пікірлерді естіп қаламын. Сондайда бізге ең керемет үлгіні көрсетіп өсіргені үшін анама іштей алғыс айтамын.

Қазір өзімнің төрт балам бар. Үйдің берекесі мен бақытын ұстап отырған әйелім бар. Кейде жұмыстан шаршап келгенде, балалар бұзық болғанда ашуланып, ұрысқым келген кездер болмады десем, өтірік айтқаным. Ұлдарыма үйдегі бір-бір шаруаны тапсырып қойып жұмсау да жоқ емес ойымда. Бірақ сондай кездерде анам есіме түседі де, сол кісіден ұялғанымнан тоқтайтын сияқтымын.

Бала кезімізді, анамның сөздерін әйеліме де жыр қылып айтқанмын ғой әбден. Бала тәрбиесіндегі осы ұстанымды ол да біледі, қабылдады, қолдайды. Анам сияқты болуға тырысып, балаларымызды мақтауды, тек жақсы сөздер айтуды үйрендік екеуміз де.

Олар көмектескенде өзім бала кезде естіген сөздерді айтып мақтаймын. Әйелім де сөйтеді. Екі ұлым көздері жанып, мәз болып қалады. «Әкешім, анашым, тағы не істейік?» деп тұрады. Қыздарым әлі кішкентай, бірақ сәл өскесін оларға да не айтанымды, қандай әдіспен тәрбиелейтінімді анық білемін."