​РЕТРИТ – рухани ем бе, әлде бос шығын ба?

0
213

Кейбірі мұндай сапардан кейін өмірі өзгергенін айтса, өзгелері құр босқа шығындалдым дейді.


​РЕТРИТ – рухани ем бе, әлде бос шығын ба?

Сурет: static.tildacdn.com

Соңғы бірнеше жылда әлеуметтік желілерде «ретрит», «трансформациялық тур», «әйелдер саяхаты» деген сөздерді жиі еститін болдық. Бірі Балиға барып медитация жасап жатыр, енді бірі таудың етегінде үнсіздік күндерін өткізіп жүр. Кейбірі мұндай сапардан кейін өмірі өзгергенін айтса, өзгелері оны жай ғана сәнге айналған қымбат демалыс түрі, құр босқа шығындану деп санайды.


Шынында да, ретрит деген не? Ол адамға қандай пайда береді? Әлде әлеуметтік желіде әдемі сурет жариялаудың кезекті амалы ғана ма? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін алдымен ретрит ұғымының өзіне тоқталған жөн.


«Ретрит» сөзі ағылшын тіліндегі retreat сөзінен шыққан. Ол «шегіну», «оқшаулану», «тынығу үшін уақытша кету» деген мағынаны білдіреді.

Ежелгі дәуірлерде адамдар рухани тыныштық табу үшін қоғамнан уақытша алыстап, табиғат аясында немесе ғибадатханаларда оңаша уақыт өткізген. Бүгінгі ретриттердің негізі де осы идеядан бастау алады-мыс.


Қазіргі ретриттер әртүрлі бағытта ұйымдастырылады:

  • йога және медитация ретриттері;
  • әйелдерге арналған трансформациялық турлар;
  • үнсіздік ретриттері;
  • психологиялық даму бағдарламалары;
  • шығармашылық ретриттер;
  • детокс және сауықтыру сапарлары.

Мұндай сапарлар бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін созылуы мүмкін. Қатысушылар әдеттегі өмір ырғағынан уақытша шығып, өздеріне көңіл бөлуге мүмкіндік алады.


Ретриттің рухани пайдасы қандай?

Өз-өзіңмен қалуға мүмкіндік береді

Қазір екінің бірі тәулігіне ондаған жаңалық оқып, жүздеген хабарлама алып, үздіксіз ақпарат ағынында өмір сүріп жатыр. Телефон, жұмыс, отбасы және тұрмыстық мәселелер арасында өзімізге уақыт табу қиын. Ретриттің ең үлкен артықшылығы – осы қарбаластан уақытша ажырау. Адам алғаш рет ұзақ уақыт бойы өз ойымен оңаша қалып, ішкі сезімдерін тыңдауға мүмкіндік алады.

Күйзеліс деңгейін азайтуы мүмкін

Табиғат аясында болу, тыныс алу жаттығулары, йога мен медитация көптеген адамдарға психологиялық тұрғыдан жеңілдік береді. Кейбір қатысушылар ретриттен кейін ұйқысының жақсарғанын, мазасыздықтың азайғанын және өздерін сергек сезіне бастағанын айтады.

Жаңа көзқарас қалыптастырады

Күнделікті өмірде шешілмейтіндей көрінген мәселелер кейде басқа ортада мүлдем басқаша қабылданады. Сапар кезінде адам өміріндегі маңызды сұрақтарға жауап іздеп, болашақ жоспарларын қайта қарастыруы мүмкін.

Қызығушылықтары ұқсас адамдарды табыстырады

Ретритке көбінесе өзін дамытуға қызығатын адамдар келеді. Сондықтан мұндай ортада жаңа достар тауып, тәжірибе алмасу оңайырақ.

Кейде бірнеше күндік сапарда басталған таныстықтар жылдарға созылатын достыққа айналады.

Цифрлық демалыс сыйлайды

Көптеген ретриттерде телефон қолдану уақытын шектеу немесе әлеуметтік желілерден уақытша бас тарту ұсынылады. Тіпті, негізгі талаптардың бірі десек те болады. Алғашында бұл қиын көрінгенімен, көптеген қатысушылар дәл осы тәжірибені ең пайдалы өзгерістердің бірі ретінде бағалайды.


Ретриттің зияны немесе кемшіліктері болуы мүмкін бе?

Ретрит туралы айтқанда оның тек жағымды жақтарына ғана назар аудару дұрыс емес. Оның кемшін немесе тимсіз тұстары да болуы мүмкін екенін ескермеуге болмайды.

Барлық мәселені шешіп бермейді

Кейде жарнамаларда «ретриттен кейін өміріңіз түбегейлі өзгереді» дегенге күмәнсіз сендіруге тырысады. Түрлі маркетингтік әдіс-амалдардың қақпанына түсіп, соған көзсіз сеніп қалуыңыз мүмкін. Алайда бірнеше күндік сапар адамның барлық мәселесін шешіп бере алмайды.

Егер адамның психологиялық қиындықтары терең болса, кәсіби маманның көмегі қажет болуы мүмкін.

Қымбатқа түсуі мүмкін

Кейбір шетелдік ретриттердің бағасы бірнеше мың доллардан асады. Оған жол ақысы, тұру, тамақтану және бағдарлама құны кіреді. Сондықтан кейбір адамдар үшін ретрит рухани қажеттіліктен гөрі сәнді демалысқа ұқсап кетуі мүмкін.

Шамадан тыс уәделер

Өкінішке қарай, өзін «гуру», «коуч» немесе «рухани тәлімгер» ретінде таныстыратын адамдардың барлығы бірдей кәсіби маман емес. Сондықтан ұйымдастырушылардың тәжірибесін, бағдарламаның мазмұнын және қатысушылардың пікірлерін алдын ала зерттеген жөн.

Шынайы өмірге қайта оралу қиын болуы мүмкін

Ретрит кезінде адам таңертең асықпай оянып, табиғат аясында серуендеп, өзіне уақыт бөліп, күйзелістен алыс өмір сүреді. Ал сапар аяқталған соң оны қайтадан жұмыс кестесі, тұрмыстық міндеттер, отбасы қамы мен шешімін күткен мәселелер қарсы алады. Теңіз жағасында өткен бір апталық тыныштық, мұңсыз-қамсыз күндер, арманындағы өмірден кейін күнделікті жұмысқа қайта оралу кейбір адамдар үшін оңай емес. Осындай күрт өзгеріс кейбір адамдарда көңіл-күйдің төмендеуіне, шаршаңқылыққа немесе «ретриттен кейінгі күйзеліс» деп аталатын жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар ретриттен алған әсер мен жаңа әдеттерді күнделікті өмірге біртіндеп енгізуге кеңес береді. Өйткені мұндай сапардың шынайы құндылығы бірнеше күндік демалыста емес, сол жерде үйренген пайдалы тәжірибелерді өмірдің бір бөлшегіне айналдыра білуде жатыр.


Сонымен, ретрит – рухани ем бе, әлде қымбат тренд пе?

Шын мәнінде, ол екеуі де болуы мүмкін.

Егер адам ретритті барлық мәселесін шешетін ғажайып құрал ретінде қабылдаса, көңілі қалуы ықтимал. Ал егер оны өзіне уақыт бөлуге, ой жинақтауға, демалуға және жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік ретінде қарастырса, мұндай сапардың пайдасы зор болуы мүмкін.

Ең бастысы, ретриттің мақсаты өмірден қашу емес, өзіңе жақындау екенін түсіну. Кейде бірнеше күндік тыныштық пен табиғат аясындағы демалыс адамның өз өміріне жаңа көзқараспен қарауына жеткілікті болады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Туристер үшін ең қауіпті 10 жағажай

Табиғат аясына жорыққа кімдерді ертуге болмайды?