"Балам үшін екі пәтерімді саттым": 84 миллион теңге қарызға батқан блогер Good_zhan-ның анасы ұлына қатысты дауға жауап берді

0
144

Ләззат Байырбекованың сөзінше, сұхбат берудегі басты мақсаты – ұлы туралы тарап жатқан әңгімелерге нүкте қою.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Good_zhan лақап атымен танымал блогер Тәуіржанның анасы Ләззат Байырбекова Анна Данченконың YouTube-арнасына сұхбат берді. Ол ұлының қарызға қалай батқанын, оған көмектесу үшін екі пәтерін сатқанын, бірақ бұл әрекеті де нәтиже бермегенін ашық айтты, деп жазады stan.kz.

Ләззат Байырбекованың сөзінше, сұхбат берудегі басты мақсаты – ұлы туралы тарап жатқан әңгімелерге нүкте қою.

"Мені ұлымды тастап кеткендей көріп, “сен қандай анасың?” деп ұрысатындар көбейді. “Ұлыңа неге көмектеспейсің, ақкөңіл балаға жаның ашымай ма?” дейтіндер де болды", – дейді ол.

Анасының айтуынша, Тәуіржан үш жыл бұрын қарызға кіре бастаған. Ол бизнес бастаймын деп 20 миллион теңге алған. Алайда үстемесі бар қарыздар ай сайын көбейіп, ашпақ болған бизнесінің ешқайсы жүрмеген. Соның салдарынан бүгінде қарыз сомасы 84 миллион теңгеге жеткен.

Қарызды тек банктерден емес, жеке адамдардан да алынған. Ләззат Байырбекованың айтуынша, банктегі қарызынан гөрі адамдардан алған үстемелі қарызы көбірек.

"Ол қарызын жариялағаннан кейін де үстемемен ақша ұсынатындар көбейіп кетті. Мен оларға “енді бермеңдер, тоқтатыңдар” деп айттым", – дейді блогердің анасы.

Ұлы қарызынан құтылсын деп анасы екі пәтерін де сатқан. Бірақ бұл да Тәуіржанға сабақ болмаған.

"Екі пәтерімді сатып, ақша берсем де тоқтамады. Бірінші пәтерімді сатқанда “есігі аспанға ашылатын” көлік алып, сонымен қарызымды жабамын деді. Екінші пәтерімді сатқанда да “соңғы рет” деп тағы ақша алды", – дейді Ляззат Байырбекова.

Анасы ұлынан қарыз берушілерге ақшаны қайтарып жатқан сәтін видеоға түсіріп жіберуді талап еткен. Оның айтуынша, видеода көлікте бір ер адам отырған.

"Сол адамға да айттым: “Енді ақша бермеңдер, доғарыңдар” дедім. Бірақ бәрібір тоқтамады", – дейді ол.

Сұхбатта Тәуіржанның атышулы QosLike бағдарламасына қатысқаны да сөз болды. Анасы ұлының жанында үнемі ер адамдар жүретінін, олардың айтқан сценарийін орындайтынын айтып, алаңдағанын жеткізді.

"Неге айналаңда толған ер адамдар жүреді? Одан да қыздармен түсіретін видеоларыңды түсіріп жүре бермейсің бе?" деп айттым", – дейді Ләззат Байырбекова.

Ол өзінің дәстүрлі көзқарастағы адам екенін, бұрын баланы 18 жасқа дейін тәрбиелеу жеткілікті деп ойлағанын айтты. Алайда қазір бұл ойының дұрыс болмағанын түсінген.

"Баламды 18 жасқа дейін тәрбиеледім, одан кейін өзі өмір сүреді деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Балаға кейін де бағыт-бағдар керек екен", – дейді ол.

Тәуіржан бұл жағдайдан кейін психологтарға жүгінген. Анасының айтуынша, психологтар оның қарызға кіруіне анасын кінәлі деп түсіндірген.

"Маған психологқа барғанын, психологтың “анаң кінәлі” дегенін айтып келді. Сосын мен де ойландым: қай жерде қателестім екен деп. Ойланып қарасам, қарызым бар деп алдыма келгенде “өз ақшаңды өзің тап” деп ұрысудың орнына, маңдай теріммен алған екі пәтерімді сатып бергенім қателік болған шығар", – дейді анасы.

Ләззат Байырбекованы кінәлағандар психологтар ғана емес екен. Оның айтуынша, банк қызметкерлері де қоңырау шалып, ұлының қарызын төлеуді сұраған.

"Банк қызметкерлері “балаңыздың қарызын төлеп бермейсіз бе, жаныңыз ашымай ма?” деп ұрысты. Тіпті “Жазира мен Жанболаттан сұрамайсыз ба?” дегендер болды. Ақша салмайтынымды айтсам, “құда-құдағиыңызға қоңырау шаламыз” деп ескертті", – дейді ол.

Осы жағдайдан кейін анасы ұлына көмектесудің басқа жолын іздеп, "Ән терапия" турын бастамақ болған. Оған Тәуіржанды да қатысуға көндірген. АҚШ-та тұратын психолог сіңлісін арнайы шақырып, шілдеден бастап турды бастауды жоспарлап отыр.

"Біз тек ән айтып кеткіміз келмейді. Адамдар Тәуіржанның жағдайынан сабақ алса дейміз. Біреу қарызға кірмеуді, біреу баласына дұрыс қарауды, біреу өз өміріне жауапкершілік алуды түсінсе деймін", – дейді Ләззат Байырбекова.

Тәуіржанның өзі қарыздарынан құтылғаннан кейін отбасын құруды жоспарлап отырғанын айтқан. Ал оны жақсы көретін оқырмандары күн сайын жылап қоңырау шалып, тіпті ақша салып жібереді екен. Анасының сұхбат беруіне де халықтың ақша жіберуі себеп болған.

Ләззат Байырбекова қазір ұлымен бір үйде тұратын екінші ұлы Тілектің де ағасына көмектесуге тырысқанын айтты.

"Балалардың алдында шауып жүре бермей, бір сәт демалсаң, өздері үшін әрекет етеді екен", – дейді ол.

Сондай-ақ ол ұлының жанында жүрген достарының көбі жоғалып кеткенін, шындық жарияланғаннан кейін бір-екі досы ғана қалғанын айтты.

"Достарыңа емес, өзіңе сен", – дейді Ләззат Байырбекова.