​ТОНОМЕТР, СМАРТ-САҒАТ, ФИТНЕС-БІЛЕЗІК: Қан қысымын қайсысы дәл өлшейді?

0
176

Қан қысымы – күнделікті тексеріп отыруды қажет ететін маңызды денсаулық мәселесіне айналды


​ТОНОМЕТР, СМАРТ-САҒАТ, ФИТНЕС-БІЛЕЗІК: Қан қысымын қайсысы дәл өлшейді?

фото: ЖИ

Соңғы жылдары қан қысымының тұрақсыздығы егде жастағы адамдарға ғана тән емес, жастар арасында да жиі кездесіп жүр. Қан қысымы – күнделікті тексеріп отыруды қажет ететін маңызды денсаулық мәселесіне айналды.

Әрине, әр тексеру үшін дәрігерге жүгіре беру – мүмкін емес. Сондықтан әркім өзінде өлшейтін құрылғы болғанын құп көреді. Біреулер бұрыннан келе жатқан механикалық тонометр қолданады, енді біреулер электронды (сандық) түрін таңдайды. Ал тым секемшілдер тәулік бойы өлшеп тұратын смарт-сағат, фитнес-білезік, ақылды жүзік сынды заманауи гаджеттерге сүйенеді.

Кімдікі дұрыс? Құрылғыларды қайсысына көбірек сенуге болады? «Ақылды» гаджеттер медициналық тонометрді алмастыра ала ма? Ғалымдар мен дәрігерлердің зерттеулеріне сүйене отырып, қарапайым тілмен талдап көрейік.


Механикалық тонометр

Механикалық тонометр –дәлдіктің «алтын стандарты». Өте нақты көрсеткіш береді. Олар кәсіби клиникалық бақылауда және нақты диагноз қоюда таптырмас құрал.

Механикалық тонометрді пайдалану үшін стетоскоп және арнайы дағды қажет. Сондықтан медицинадан хабары жоқтарға қолдану қиындау болуы мүмкін.


Электронды тонометр

Көпшілік адамның электронды тонометрді таңдауына себеп – механикалық түрін қолданудың аздап қиындығы. Электронды түрі – ыңғайлы, электрлік сорғымен автоматты түрде үрленеді және нәтижені ап-айқын қып экранға шығарады. Басты артықшылығы сол – қолдану өте оңай, арнайы медициналық білімді немесе дағдылануды қажет етпейді, шулы ортада да қолдануға толық жарайды.

Алайда, дәлдік тұрғысынан келгенде электронды тонометрлер механикалық құралдармен салыстырғанда кейінгі орында.

Маңызды ескерту! Электронды тонометрді қолдауға болмайтын жағдайлар бар. Олар:

  • артериосклероз
  • аритмия (жүрек соғысының бұзылуы)
  • преэклампсия сияқты белгілі бір патологиялық аурулар.

Мұндай жағдайларда сандық құралдың есептеулері қате болуы ықтималдығы жоғары. Сондықтан мұндай науқастардың қан қысымын тек білікті маман механикалық тонометрмен өлшеуі қажет.


«Ақылды» гаджеттер қаншалықты дәл?

Жасап шығарушылар қалай уәде берсе де, көптеген смарт-сағаттар мен фитнес-білезік, ақылды жүзіктер қан қысымын тікелей өлшемейді. Олар жарық сенсорлары арқылы тері астындағы қан ағымының өзгерісін бақылап, қысымды тек «шамалап» есептеп шығарады. Гаджеттер қанша жерден ыңғайлы болғанымен, олардың айтарлықтай кемшіліктері бар.

Жоғарыны төмен, төменді жоғары етіп көрсету. Бельгия мен Италия ғалымдары бірігіп жүргізген зерттеуде Samsung Galaxy Watch Active 2 сағатын тексерген кезде, бұл гаджеттің өте төмен қан қысымын үнемі жоғарылатып (асыра бағалап), ал өте жоғары қан қысымын керісінше төмендетіп көрсететіні анықталған. Яғни, қысымыңыз қатты көтеріліп кетсе де, сағат сізге «бәрі жақсы» деп жалған ақпарат беруі мүмкін.

Ескертудің болмауы. АҚШ-тың Юта, Пенсильвания, Колумбия университеттері және Аустралиялық Сидней, Тасмания университеттерінің ғалымдары бірігіп, Apple Watch сағатының қан қысымы туралы ескерту функциясына зерттеу жасаған. Зерттеу қорытындысы тіпті таңғалдырады. Бұл сағат жоғары қан қысымы бар адамдардың 59%-ына ешқандай қауіп туралы белгі бермеген. Бұл әсіресе қарт адамдар үшін өте қауіпті, себебі адам ешқандай есерту алмағанда өзін саумын деп ойлап, дәрігерге уақытылы қаралмай қалуы мүмкін.

Білезік пен білек арасындағы айырмашылық. Дәрігерлердің айтуынша, қан жүректен шығып, білезікке жеткенше оның қысымы табиғи түрде төмендейді. Сондықтан, дәл нәтиже алу үшін сағат тағылған білезік міндетті түрде жүрек деңгейінде ұсталуы керек

Сыртқы факторлардың әсері. Сағаттың көрсеткіштеріне адамның қозғалысы, ұйқысы, қолының орналасуы, тіпті терісінің түсі мен сағаттың қалай тағылғаны да қатты әсер етеді. Ең сорақысы, әлемде сатылып жатқан қан қысымын өлшейтін құрылғылардың 80%-ға жуығы ешқашан ресми дәлдік тексерісінен (валидациядан) өтпеген.


Сенімді «ақылды» өлшеуіштер

Бәрі бірдей нашар емес. Мысалы, Omron HeartGuide және Huawei Watch смарт-сағаттары.

Олардың құрылымында арнайы үрленетін кішкентай манжета бар, сондықтан кәдімгі тонометр сияқты жұмыс істейді. Соның арқасында халықаралық медициналық стандарттарға сәйкес келетін өте жақсы дәлдік көрсеткен.

Бірақ, мұндай құрылғылардың көпшілігін дұрыс жұмыс істету үшін оларды үнемі дәстүрлі тонометрмен калибрлеп (салыстырып, реттеп) отыру қажет.


Дәрігерлер не дейді?

Америкалық жүрек қауымдастығы (AHA) мен медицина мамандарының пікірі біреу: смарт-сағаттарды жоғары қан қысымын (гипертонияны) нақты анықтау немесе дәрі-дәрмек ішу туралы шешім қабылдау үшін қолдануға қатаң тыйым салынады. Олар тек күнделікті бақылауға арналған қосымша көмекші құрал ғана. Иыққа тағылатын дәстүрлі медициналық тонометрлер әлдеқайда дәлірек әрі сенімді.

Қан қысымын дәл өлшеу үшін үрлемелі манжета өте маңызды рөл атқарады. Қазіргі медициналық зерттеулерге сүйенсек, манжетасыз технологиялар дамып келе жатқанымен, олармен қан қысымын дәл өлшеп, нақты диагноз қою әзірге мүмкін емес.

Қан қысымын өлшеуде ең дәл және сенімді құрал – механикалық (әсіресе сынапты) тонометрлер болып табылады. Ал электронды тонометрлер үй жағдайындағы тұрақты әрі жылдам, мониторинг үшін өте ыңғайлы. Десе де дәлдігі жағынан механикалық аспаптарға жете алмайды және жүрек-қан тамырларының күрделі аурулары бар адамдар үшін сенімді нәтиже бермеуі мүмкін.

Егер сіз жай ғана өз денсаулығыңыздың жалпы жағдайын бақылап жүргіңіз келсе, смарт-сағаттар – тамаша әрі заманауи көмекші. Бірақ, бас ауруы, бас айналу сияқты симптомдар байқалып, қан қысымыңызға күдік пайда болса, ешқашан гаджетке ғана сеніп қалмаңыз. Міндетті түрде үйде кәдімгі тонометрмен қысымды өлшеп, дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Әңгіме денсаулыққа келгенде, «шамамен» деген сөз болмауы керек!


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Өкпе эхинококкозы - жануарлардан, жуылмаған тағам немесе су арқылы жұғады