"Аты бар, заты жоқ еркекті әке деген атқа лайық көрмедім"

0
180


Сурет: i.pinimg.com

«Мен сіздерге өзім куә болған жағдай туралы айтпақпын. Кейіпкердің өз рұқсатымен жазып отырмын. Өйткені, өзгелерге ой салсын, отбасының құндылығын түсінсін деген мақсатпен...»

Осындай мәтіндегі хатты ERNUR.KZ порталына жолдапты жас келіншек.


«Мен бір кафеде админстратор болып жұмыс істедім. Ол кезде жасым небәрі жиырмада. Әлі тұрмысқа шықпаған кезім. Қатарларым біртіндеп, өз теңдерін тауып тұрмысқа шығып жатқан кездер.

Мектепте бірге оқыған құрбым болатын, ол қыз мектепті бітіре сала тұрмысқа шығып кетті. Бұрын жігітпен жүріп, не болмаса басқа аты шыққан қыз емес еді. Өте қарапайым, тәрбиесі жақсы қыз. Сабақты да жақсы оқыды. Мүмкін, тұрмысқа шықпағанда біз секілді оқуын жалғастырып, өз жолын табар ма еді?!

Оны көрші ауылдың жігіті алып қашып кетті. Ата-анасы артынан барып алып келмекші болған еді, үлкендер басу айтып, ақыры қыз сол барған жерінде келін болып қалды.

Енді арада үш жылдай өтіп кеткен, жолығып қалдық. Іші толып қалған екен, біраз әңгіме айттық. Ол өзінің басындағы жағдаймен бөлісті. Екі жыл құрсақ көтере алмай, үйіндегілерден естімеген сөзі жоқ екен. Енді ажырасудан басқа амал жоқ деп жүргенде бойында бала бар екенін біліп, қатты қуанады.

Құрсағы білініп, шығып қалған ол менің де жағдайымнан хабардар болып, «маған жұмыс керек, қасыңа жұмысқа алшы» деп жалынды. Оған жаным ашыды шыны керек. Әйелдің жанын әйел түсінеді ғой, басшыға түсіндіріп айтып, босанғанша жұмысқа алдық.

Жұмыста тұтынушылардан артылған тәтті-дәмдінің барлығын сол қызға беретінмін, үйіне апарып жеп алсын деп. Жолдасын да сол кезде көрдім. Жасы ердің жасы болса да, «басының суы кеппеген», қыз көрсе көзі ойнақтап тұратын, санасы бала қалпында қалып қойған еркек еді.

Сонда жаңағы қыз жұмысқа шыққан соң үшінші күні-ақ көшенің қақ ортасында шапалақ жеген. Жүрегім қатты ауырды. Бірақ ол кезде адам қандай болсын, бала әкесіз болмау керек деп ойлайтынмын. Барынша шыдады, бірақ онымен бірге өмір сүру мүмкін болмай кеткендіктен, ақыры кетіп тынды. Өз шешімі ғой, араласқан жоқпыз ешқайсымыз.

Содан «барар жерім жоқ, сенің үйіңді паналай тұрайыншы» деді, келістім. Өйткені, босануына бір ай қалған болатын. Бір ай көмектесіп, ақшасын жинап, аман-есен босанып алды. Есімін маған қой деп дәрежемді көтеріп, марқайтып қойды. Бірақ ол қыздың өз әке-шешесі тірі тұрғанда мен қоймаймын, сол кісілердің қуанышы, ата-анаң қойсын дедім. Қыз бала босанды, есімін менің құрметіме қойыпты.

Аты бар, заты жоқ еркекті әке деген атқа лайық санамадым. Пендешілік. Сонда сол қыздың әңгімесі көңілімде қалып қойыпты.. Қазір ол қызымен бақытты. Шүкір, оқи алмаған еді, енді медбике мамандығы бойынша оқып, диплом алып, жұмыс істеп жүр. Хабарласып тұрамыз. Сол әңгімеден кейін Алланың өз есебі бар екенін ұқтым."