"Әйеліме айфон әпердім": таксиші өзінің өтірігі қалай шынға айналғанын айтып берді

0
304

"Содан бері рульде отырып сыбап алғым келген сәтте сыныптасымның сөзі есіме түседі"


Сурет: www.engelsizerisim.com

"Мен бірнеше жылдан бері көлік жүргіземін. Біреу асығып сигнал береді, екіншісі рұқсатсыз жолыма түсіп алады. Ал кейде жаяу жүргіншілер жолымен асықпай өтіп бара жатқан адамдарды көріп, ашуым келеді. Ашуланып қоя салсам мейлі-ау, артынан орысша, қазақша былапыт сөздер кетеді" деп өз айыбын мойындады ERNUR.KZ оқырманы.


"Қасымда әйелім отырған кезде ол «Мән берме. Бір тентек үшін жүйкеңді тоздырма» деп сабырға шақырады. Бірақ мұндай сәтте сабырлы болу мүмкін емес.

Бір күні көлігіме қаладан сыныптасым мінді. Оқушы кезде бәріміз оны «ботаник» деп мазақтайтынбыз. Ол жазғы үш ай демалыста да кітап оқитын. Бір тақырыпты қозғасақ, тіпті туған күнде тілек айтса да жазушылардың шығармаларынан мысал келтіріп әспеттейтін. Сол әдетін қоймапты.

Менің қайдағы бір көлік жүргізушісіне ашуланып, боқтағанымды бірнеше рет байқаған соң «Боқтық сөздің орнына аффирмация айтсай» деді. Мырс етіп күліп жібердім.

«Ой, сен аффирмацияның не екенін білуші ме едің? Одан да былай ет. Былапыт сөз айтқың келгенде «Мен баймын. Мен жаңа машина алдым. Мен жаңа пәтер сатып алдым» деп айт. Айтқаның орындалады» деді.

«Әшөк, қумашы. Не айтып кеттің?» деп оны келеке етіп күліп алдым. Содан лекциясын бастады. Бірін түсінсем, екінші сөзін түсінбедім. Осыны ұқты-ау деймін, «Телефоныңның диктофонын қосып, жазып алшы. Музыка тыңдағанша менің айтқанымды қайталап тыңдай берсең бір күні түсінесің. Қара да тұр, әлі рақмет айтасың» деді арқаланып.

«Күнде рульде отырсаң, сен де боқтауды үйреніп алар едің» деп мен де қайтпадым. «Прикол болсын, сыныптастардың чатына жіберем» дедім де, телефонымның диктофонын қостым.

Әзімхан жөткерініп алып бастады: «Ашулану кезінде мидың бета толқындары күшейеді, ал бұндай күйде қан қысымы жоғарылайды, жүрек соғысы жиілейді, адреналин мен кортизол сияқты стресс гормондары бөлінеді. Міне, дәл осы күйде визуализация жасасаң, арманыңды айтсаң жылдам орындалады. Өйткені сен эмоцияға толысың...»

Әшөк ауылға жеткенше зеріктірмеді. Қызық болсын деп оның айтқандарын сыныптастардың чатына жібердім. Жаппай күліп тұрған смайлик жібереді деп күткен едім. Жоқ, мен күткеннен басқаша болды. Жігіттердің жартысы «жарайсың» деген бас бармақ басса, қыздар «Әзімхан, коучтардың бәленбай теңгеге сатып жүргенін тегін айтыпсың ғой», «Жеңіл тілмен түсіндіріпсің, рақмет» деп жазып жатыр.

Группадағы реакцияларға қарап, ойланып қалдым. Содан бері рульде отырып боқтағым келген сәтте сыныптасымның сөзі есіме түседі. Қайта-қайта тыңдаймын. Оның айтқандарын 100 пайыз түсінбесем де, ашуым келгенде боқтық сөздің орнына «Әйелімнің туған күніне айфон әпердім» деп айтатын болдым. Бастапқыда күлкілі болды, кейін дағдыға айналды.

Арада екі ай өтті-ау деймін, бір күні үйге барсам, айфон 16 тұр, қорабы ашылмаған. «Бөліп төлеуге алдың ба, үстіне әжептеуір ақша қосылады ғой, білесің бе?» дедім ашуланып. Әйелім «Ұтып алдым. Жаңа жылдың алдында супермаркетте әр 7 мың теңгеге сауда жасағандарға билет беріп, ұтыс ұйымдастырған еді ғой. Бір билет берген. Бүгін «ұтысыңызды алып кетіңіз» деп қоңырау шалды. Бұл – саған» деді қуанып. «Негізі 8 наурызда әперем деп жүргенмін, сен ұста. Мұғалімнің бәрі қазір осындай телефон ұстайды ғой. Мен кейін алам» деген едім, әйелім мәз болды.

Мынау жағдайдан соң Әшөк сыныптасымның «Ашуланып тұрғанда жақсы сөз айту керек» дегені есіме түсіп, таң қалдым. Әжем марқұм «Қарғамаңдар» деп отыратын. Енді түсіндім, қарғысты адам ашуланып тұрғанда айтады, сондықтан ол орындалады екен. Түсінгенім, адам эмоция кезінде нені көп қайталаса, сол орындалады.

Мен қазір ашуланғанда мүлде былапыт сөз айтпаймын. Мынау жүргізушілерге супер лайфхак екен. Боқтық сөздің орнына «Ай сайын миллион теңге табыс табам», «Мен бақыттымын» деп айтам. Ал кешелі бері бір жаңа көлікті көріп, ашуым келгенде «Салоннан жаңа көлік алдым» деп айтуды бастадым..."