"Ағама айтар алғысым шексіз": жас келіншек енді ешқашан несие алмауға бекініп отыр

0
246


ERNUR.KZ


"Отбасын құрғаннан кейін ерлі-зайыптылар отбасы жауапкершілігін толықтай сезініп, әрқайсы өз міндеттеріне бекем болмайынша, отбасының іргесі мықты болады деп айта алмаймын. Себебі, мұны мен өз басымнан өткізгенмін.

Жастық шақта, оның үстіне бір-біріне деген махаббат лаулап тұрғанда адам көп нәрсені ойлай бермейді екен. Біз де сондай лапылдап жанып тұрған шағымызда отбасын құрып, содан кейін күйбең тіршілікке қойып кеткенімізде абдырап қалған едік. Бұрын бізде барлығы жақсы, бір-бірімізге деген сезімдеріміз алаулап тұрған кезде мән бермеген нәрселер алдымыздан шыға келді.

Қазақта «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген сөзді текке айтпайтынын осы кезде анық түсіндік. Шынында да отбасы болудың жауапкершілігі өте үлкен. Сондықтан, отбасы болуға қадам жасаған жас жұптар осы жағына терең үңіліп, қандай жағдай болса да дайын болып келуі керек екен.

Жарайды, тойды ата-аналарыңыз жасап берер, отбасын құрған алғашқы жылдары көмектесіп, демеп жіберер. Ал одан кейінгі әрекетіңізді өзіңіз жасауыңыз керек. Өйткені, ата-аналар өмір бақи жаныңызда жүрмейді және сізге өмір бойы жауапкершілік алып, балаша қамқор болуға міндетті емес. Керісінше, сіздер ата-анаға деген қамқорлықты өз мойындарыңызға алуларыңыз тиіс. Дүние – алма-кезек. Дәрменсіз бала кезіңізде ата-анаңыз сізге қандай қамқорлық көрсетіп, өбектеп өсірсе, олар да қартайған шақтарында дәрменсіз бала күйін кешеді. Ондайда ата-анаға перзенттік парзыңызды өтеудің мүмкіндігі тууы тиіс.

Сондықтан, адам отбасын құрар кезде саналы түрде қадам жасауы керек. «Бес жылдығын ойламаған еркектен без, бес күндігін ойламаған әйелден без» деген сөз бар емес пе? Ер адам отбасы жауапкершілігінің басым бөлігін көтеріп, отбасын қамтамасыз ете алуға қауқарлы болуы керек. Ал әйел адам – отбасының шырағы, ұйытқысы. Жанұядағы жылулық, береке әйелге байланысты. Сондықтан, әркім өз міндетін дұрыс атқара алуын ойлауы керек, соған дайындықпен келуге тиіс.

Менің де, жолдасымның да қателігіміз – бір-бірімізді сүйіп бас қоссақ та, отбасы жауапкершілігін толықтай сезіне алмаппыз. Кейін барлығы жақсы болып кетер, болашаққа болжам жасамай-ақ қояйық деген ой ғана болған сияқты.

Мен өзім қарапайым отбасынан шыққанмын, күйеуімнің де отбасы қарапайым, орта әулет. Қолындағысын біреуге бөліп беруге шамасы жетпейтін шығар, бірақ әйтеуір ел қатарлы бірді-бірге жалғап өмір сүріп жүрген көп қазақтың бірі еді. Бізді үйлендірген соң қара шаңырақта он айдай тұрдық. Сосын «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп бөлек шығарды. Үйден алған үлесіміз – екеумізге жететін көрпе-төсек пен азын-аулақ тұрмысқа қажетті бұйымдар.

Қалаға келдік. Мұнда да жағдайымыз мәз болған жоқ. Пәтер жалдап тұрдық. Бірінен соң бірі екі ұлымыз дүниеге келді. Мен балалармен үйдемін, жолдасымның әр жерден істеп тапқан табысы әрең жетіп жатты. Әйел адам мұндайға қанағат қылушы ма еді, менде барлығы жеткілікті болса екен деп, күйеуіме маза бермедім. Менің «ызыңымнан» шаршайды. Жұмысы жүрмей, жүйкесі тозып жүрген сәттері көп болды.

Бірнеше жыл қатарынан біріне тартсаң біріне жетпей қатты қиналдық. Сол үшін арасында ерлі-зайыпты екеуіміз жиі ренжісіп те қалатын едік. Балалар кішкентай, бір-біріне жалғап, жүйкем тозып шаршап жүрген күндердің бірінде ауылдан бауырым келетін болды. Олар да ауылда малмен күн көріп жүрген. Сол бір малын сатуға келген екен.

Ол біздің үйде 2-3 күн болды, бір күн болса өйтіп-бүйтіп білінбей қалар ма еді. Бірінші күні саудасы болмай, келесі мал базарын күтіп жатқан. Сол кезде біздің қалай өмір сүріп жатқанымызды көрді, әрине, жаны ашиды ғой.

Менен жолдасымның табатын табысы жайлы сұраған. Былай қарап тұрсақ, бір жасқа толмаған балама алатын ай сайынғы жәрдемақыны қосқанда жолдасымның екі жерде жұмыс істеп табатын табысы төрт жүз мыңға жуықтап қалады екен. Содан ағам ұрысты. "Ол ақшаны үнемдеп, рет-ретімен жұмсасаң, жеткізуге болады. Ал сендер неге қиналып өмір сүресіңдер? Пәтерлерің де қымбат емес, жағдайы жасалмаған кішкентай ғана ескі үйге көп болса елу мың алар. Қалғанын былай да былай жеткізуге болады емес пе? Балаларың болса әлі кішкентай" деді.

Мен сонда қысыла отырып ай сайын төлейтін несиеміздің көптігін айттым. Несиені де сол тұрмыстық бұйым үшін алғанмын. Телефоным сынып, оны жаңарттым. Ай сайын 160 мың теңге несиені төлеуге кетеді. Осыны білген соң ағам маған қатты жаны ашыған шығар, несиеңнің жартысын мен төлеп тұрайын деді.

Шынымен жеңілдеп қалғандаймын. Енді ай сайынғы 160 мыңның орнына 30 мың ғана төлейтін болдық. Келер айда оны да жауып тастадық. Қазір өмірім жеңілдеп қалғандай, бұрынғыдай балаларымды жетектеп тамақ сатпаймын, күйеуімнің табыстары да ретпен жұмсалып, бәріне жетіп жатқандай. Жетпей жатқан соң, амалсыздан арасында самса, бәліш пісіріп, оны дүкендерге өткізетінмін. Одан түсетін пайда тіпті аз. Аз болса да күнделікті тамағымызды жауып тұрса, соған қанағат ететінмін. Кішкентай балалармен мұндай жұмыстарды істеу тіпті қиын. Сонда да әйтеуір тапқан амалым осы болған еді. Сәл шыдасақ, балалар өсіп, балабақшаға орналастырсам, өзім де жұмысқа орналассам, ары қарай бірізділікке түсерміз. Сол кезде мен ойладым, енді ешқашан несиеге жоламаспын деп. Каспи қосымшасын да телефоннан өшіріп тастадым, бұрынғыша қолма-қол төлем жасап әдеттендім. Жаңа жылдан бері өмірім өзгермесе де, жаным жай тауып, отбасымызда тыныштық, береке орнады. Сол кезде мені түсініп, қолдап, көмек көрсеткен ағама алғысым шексіз."