Дауыс қарлығуы, тамақтың жыбырлауы – жай ғана шаршаудың белгісі емес
Сурет: ЖИ
Мұғалімнің негізгі жұмыс құралдарының бірі – оның дауысы. 45 минутта жаңа тақырыпты түсіндіру, тапсырма беру, сұрақ қою, оқушының жауабын талқылау, тәртіпке шақыру, үй тапсырмасын түсіндіру... Келесі сабақта тағы солай...
Осылайша педагог бір күннің ішінде бірнеше сағат бойы сөйлейді. Ал сыныпта шу көбейсе, дауысын көтеріп, тіпті айқайлап сөйлеуге мәжбүр болады. Ұзақ уақыт бойы осылай жұмыс істеу дауысқа салмақ түсіреді.
2025 жылы мұғалімдердің дауыс саулығына қатысты жүйелі шолу мен метаталдау жүргізілген. Нәтижесі «Journal of Voice» басылымында жарияланды. Зерттеушілер 27 елден алынған 62 зерттеуді және жалпы саны 100 684 мұғалімнің деректерін талдаған. Нәтижесінде авторлар мұғалімдер арасында дауыс бұзылыстарының жиі кездесетінін атап, оның алдын алу үшін дауыс гигиенасы бойынша білім беру, дауыс жаттығулары мен арнайы бағдарламалар және жұмыс ортасын жақсарту сияқты шараларды ұсынады.
«Тамағым ауырып тұр, дауысым қарлығып қалды, ертең өзі жазылып кетеді» деп жүре бермей, оның себебіне назар аударған жөн.
Неге мұғалімнің дауысы тез шаршайды?
Дауысқа ең көп салмақ түсіретін жағдайдың бірі – қатты сөйлеу. Сыныптағы шу жоғары болған сайын мұғалім оқушыларға естілу үшін дауысын күшейтеді. Бұған қоса дауысқа мына жағдайлар да әсер етуі мүмкін:
- сабақтың көп болуы және ұзақ уақыт сөйлеу;
- сыныптағы шудың жоғары болуы;
- су ішуді ұмытып кету;
- суық тию, тамақ ауруы немесе аллергия;
- темекі түтінін жұту;
- қышқылдың өңешке кері келуі, яғни рефлюкс;
- дауысты дұрыс пайдаланбау;
- жеткілікті демалмау.
Тамақты қайта-қайта қырнамаңыз
Дауыс қарлығып, тамақта бірдеңе тұрғандай сезілсе, адам еріксіз тамағын қырнай береді. Бірақ мұны әдетке айналдырмаған дұрыс.
Мұғалімдер арасындағы зерттеулерде тамақты жиі қырнау да дауыс бұзылыстарымен байланысты фактор ретінде көрсетілген. Тамақты қайта-қайта қырнау дауыс аппаратына қосымша механикалық күш түсіруі мүмкін. Егер мұндай қажеттілік жиі қайталанса, оның себебін анықтаған жөн. Мұндай белгі рефлюкс, аллергия немесе басқа да мәселелермен байланысты болуы ықтимал.
Үнемі су ұрттап тұрыңыз
Дауысты сақтау үшін сабақ арасында бөлме температурасындағы немесе жылы таза ауыз су ішуге болады. Кофе, шай сияқты құрамында кофеині бар сусындарды көп ішетін болсаңыз, олар судың орнын алмастыра алмайтынын білген жөн.
Бірақ «күніне пәлен литр су ішу керек» деген нұсқауды қолданудың қажеті жоқ. Сұйықтық қажеттілігі адамның денсаулығына, ауа райына және дене белсенділігіне байланысты.
Сыныптағы ауаның жағдайына мән беріңіз
Құрғақ ауа мұғалімге де, оқушыға да жайсыздық тудыруы мүмкін. Ауа тым құрғақ болса, ылғалдандырғыш қолданған абзал. Ал мектепте бұған мүмкіндік шектеулі десеңіз, сыныпты жүйелі түрде желдету, шаң-тозаңды азайтудың өзі айтарлықтай пайда.
Сабақта айқайламай сөйлеудің амалын табыңыз
Кейде мұғалім сынып тынышталмай жатқанда бірден дауысын көтереді. Бұл әдет дауысты одан сайын шаршатады.
Сыныптағы тәртіпті тек қатты дауыспен орнатуға тырыспаңыз. Оның себебін ұйымдастыру жағынан шешкен дұрыс. Мысалы, сабақ басында қол көтеру, белгілі бір белгі беру, тақтадағы визуалды нұсқауды пайдалану сияқты ортақ ережелер енгізуге болады.
Дұрыс тыныс алуға көңіл бөліңіз
Кейбір адамдар сөйлегенде дауысты тек тамақтан шығарғандай болады. Мұндай кезде ұзақ сөйлеу тез шаршатуы мүмкін. Сөйлеу кезінде тынысты дұрыс пайдалану маңызды. Дауыс тек тамаққа күш түсіру арқылы емес, тынысты дұрыс қолдау арқылы шығуы керек.
Микрофон қолданыңыз
Үлкен сыныпта, акт залында немесе спорт залында дауысқа күш түсірмеудің бір жолы – микрофон немесе дауыс күшейткіш жүйесін пайдалану.
АҚШ-тың Ұлттық кереңдік және басқа коммуникациялық бұзылыстар институты мұғалімдер сияқты дауысын кәсіби мақсатта көп пайдаланатын адамдарға қажет жағдайда микрофон қолдануды ұсынады.
Мұны «дауысым әлсіз» деген белгі деп қабылдаудың қажеті жоқ. Керісінше, бұл – дауысқа түсетін жүктемені азайтудың жұмыс тәсілі.
Ауырған кезде дауысты қинамаңыз
Суық тигенде немесе тамақ ауырып тұрғанда сабақ түсіндіру бұрынғыдан да қиын болады. Осындай кезде мұғалім дауысты барынша қатты шығаруға тырысуы мүмкін.
Алайда дауыс қарлығып немесе шаршап тұрса, оны күштеп пайдаланбаған жөн. Сондай-ақ сыбырлап сөйлеу дауысты демалдырудың дұрыс жолы десеңіз, қателесесіз. Сыбырлап сөйлеу де айқайлау сияқты күш түсіреді.
Үзілісті «үзіліс» үшін пайдаланыңыз
Қоңырау соғылғанда мұғалімдер көбіне әріптестерімен сөйлесіп, телефонға жауап беріп жатады. Яғни сабақ біткенімен, дауысқа демалыс берілмейді. Мүмкіндік болса, үзілістің бір бөлігін сөйлеспей өткізіңіз. Дауысқа арналған демалыс болсын. Күн ішінде дауысқа тұрақты түрде демалыс беру оны шамадан тыс пайдаланудың алдын алуға көмектеседі.
Кейде мұғалімдер дауыс қарлығуына үйреніп кетеді. «Менің дауысым осындай» деп қабылдауы да мүмкін. Бірақ дауыстың тұрақты өзгеруі қалыпты жағдай емес. Қарлығу, тамақтың үнемі ауыруы немесе керілуі, сөйлеудің күш салуды қажет етуі, дауыстың бұрынғыдан төмендеп кетуі, тамақты жиі қырнау сияқты белгілер қайталана берсе, дәрігерге қаралған дұрыс. Мұндай белгілер болғанда медициналық бағалау қажет болуы мүмкін. Қажет болса, оториноларинголог дауыс аппаратының жағдайын тексеріп, әрі қарай логопедке немесе сөйлеу және дауыс терапиясы маманына бағыттай алады.
Мұғалім үшін дауыс – жай ғана сөйлесу құралы емес, күн сайын қолданылатын кәсіби құрал. Сондықтан оны тек қарлығып қалған кезде емес, күнделікті күткен дұрыс.
Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


