​“Жаман пікірді өшіруді талап етіп, балаға қоқан-лоқы жасаған“: Алматыда пәтер иесі ұсталды

0
137

“Жаман пікірді өшіруді талап етіп, балаға қоқан-лоқы жасаған“: Алматыда пәтер иесі ұсталды.


​“Жаман пікірді өшіруді талап етіп, балаға қоқан-лоқы жасаған“: Алматыда пәтер иесі ұсталды

Сурет:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Павлодар тұрғыны әпкесі Алматыда пәтер жалдау кезінде қиындыққа тап болғанын айтты. Әйелдің сөзінше, жағымсыз пікір жариялағаннан кейін пәтер иелері оны өшіруді талап етіп, туысына қоқан-лоқы көрсете бастаған, деп жазады tengrinews.kz.
Пәтерде тұрған кезде не болған?
Әйелдің айтуынша, әпкесі Booking сервисі арқылы 22-26 қазан аралығына пәтер брондаған. Отбасы Павлодардан Алматыға шаруаларымен түнгі сағат 10 шамасында келген. Бұдан кейін жазба авторы әпкесінің сөзін жеткізді.
"Бізді пәтер орналасқан қабатқа дейін шығарып салды. Есіктің алдында аздаған ақша төлеуді сұрады да, пәтерді көрсетпестен кетіп қалды", – деді ол.

Келесі күні таңертең пәтерге орналасқандар онда дұрыс шәйнек пен теледидар пульті жоқ екенін байқаған. Олар бұл туралы пәтер иелеріне хабарлаған.

"Үш күн бойы хабарласқанымызда жауап бермеді. Booking сервисіне жүгініп, пәтер сайттағы сипаттамаға сәйкес келмейтінін айтқаннан кейін ғана, 24 қазанда біз үйде жоқ кезде иелері пульт пен шәйнекті әкеліп тастаған. Бірақ оларды пайдаланбадық. Себебі бір күн бұрын пәтерден көшіп кететінімізді ескерткенбіз", – деді жазба авторының әпкесі.
Әйел пәтердің орналасқан жеріне де шағымданған. Оның айтуынша, қосымшадағы картада баспана Арбаттың дәл бойында деп көрсетілген. Алайда ол Сейфуллин көшесінде орналасқан.
Бастапқыда пәтер 26 қазанға дейін брондалған. Алайда 24 қазанда әйел пәтер иелеріне келесі күні таңғы сағат 7:00-де көшіп кететінін айтып, тұрмаған бір тәулік үшін 20 мың теңгені қайтаруды сұраған. Оның сөзінше, пәтер иелері бұған жауап бермей, қоңыраулар мен хабарламаларды елемеген.
Жазба авторының әпкесі көшіп кетер алдында пәтерді жинап, қоқысты лақтырғанын да айтты. Кейін бұл жағдай туралы пікір жазған. Алайда пәтер иелері отбасы бұл пәтерге мүлде орналаспағанын мәлімдеген.
Әйел олар пәтерде тұрғанын растайтын видео бар екенін айтты. Кейін Booking сервисі одан тағы да пәтерде қалай тұрғандарын бағалауды сұраған. Сол кезде ол мәселелерді толық жазған.
Пікірден кейін қоқан-лоқы басталған
Әйелдің айтуынша, ең жағымсыз жағдай отбасы пәтерден көшіп кеткеннен кейін болған. Бірнеше күнге баспана жалдаған әпкесіне қоқан-лоқы көрсетіле бастаған.
"27 қазанда пәтер иелері пікірді өшіруді талап етіп, қоңырау шалып, хабарлама жібере бастады. Сонымен қатар, қоқан-лоқы жасап, баланың өлімін тіледі", – деді әйел әпкесінің сөзін жеткізіп.
Осыдан кейін жазба авторының әпкесі полицияға жүгініп, e-Otinish арқылы арыз берген.
Полиция не деді?
Осы оқиғаға қатысты пікір алу үшін Алматы полициясына хабарластық. Ведомство мұндай жағдай болғанын растады. Полиция тексеріс жүргізіп, оқиғаға қатысы бар 31 жастағы ер адамды анықтаған.
"Павлодарлық отбасы баласын медициналық тексерістен өткізу үшін Алматыға келіп, баспана жалдаған. Кейін пәтер айтылған талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жалға алушылар мен үй иесі арасында жанжал туындаған. Жағымсыз пікір жарияланғаннан кейін ер адам оны өшіруді талап етіп, балағат сөздер айтып, қорқытқан", – деді Алматы қаласы Полиция департаменті өкілдері.
Іс материалдары сотқа жолданған.
"Сот қаулысымен ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – деді Полиция департаменті өкілдері.
Полиция кез келген дауды заң аясында шешу керек екенін ескертті. Қоқан-лоқы көрсету, балағаттау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге жауапкершілік қарастырылған.