МҰҒАЛІМ де ШАРШАЙДЫ

0
163

Мұғалімнің ең ауыр жүгі – физикалық емес, эмоционалдық жүк.


МҰҒАЛІМ де ШАРШАЙДЫ

көрнекілік: gazeta.ru сайтынан

Мұғалімнің шаршағанын көп адам байқай бермейді. Себебі ол бәрібір сабаққа кіреді, журнал толтырады, балаларға күлімсіреп қарайды. Сырт көзге бәрі қалыпты. Ал іште не болып жатқанын ешкім сұрамайды. Мұғалім шаршаса да, «мен шаршадым» деп айтуға ұялады. Себебі қоғам мұғалімді шаршамауы керек адам сияқты қабылдайды.


Көп жағдайда мұғалімнің шаршауын жалқаулықпен шатастырады. «Бәрі де жұмыс істеп жүр ғой», «осы ғана қиын ба?» деген сөздер жиі айтылады. Бірақ мұғалімнің ең ауыр жүгі – физикалық емес, эмоционалдық жүк. Ол күнде ондаған баланың көңіл күйін көтеріп, тәртібін қадағалап, үмітін ақтауға тырысады. Бұл көрінбейтін, бірақ өте ауыр еңбек.


Шаршаудан шығу үшін өмірді төңкерудің қажеті жоқ. Көбіне үлкен өзгеріс емес, кішкентай рұқсаттар көмектеседі. Ең алдымен, мұғалім өзіне бір шындықты айтуы керек: «Мен де адаммын, менің де шаршауға құқым бар».


1.Өзіңе демалуға рұқсат беру
Демалу – әлсіздік емес, қажеттілік. Бір кешті дәптерсіз, жоспарсыз өткізу – қашу емес, қалпына келу. Егер демалысты кейінге қалдыра берсең, бір күні ағза өзі тоқтатады. Сондықтан демалысты «жұмыстан қашу» емес, жұмысты сақтап қалу деп қабылдау керек.


2. Бәріне бірдей үлгерметініңді түсіну
Мұғалімдердің көбін шаршататын нәрсе – мінсіз болуға тырысу. Әр сабақ идеал, әр оқушы риза, әр қағаз толық болу керек деген ішкі қысым бар. Бірақ шындық басқа. Кейде «осы да жеткілікті» деп тоқтау – өзіңді сақтаудың ең дұрыс жолы.


3. Шекара қоюды үйрену
Жұмыс уақыты мен жеке уақыт араласып кеткенде шаршау тереңдейді. Кешкісін хабарламаға бірден жауап бермеу, демалыс күні жұмысты ашпау – жауапсыздық емес. Бұл — кәсіби мәдениет. Шекарасы бар мұғалім ұзақ жұмыс істейді.


4. Эсоцияны ішке жинамау
Шаршау көбіне айтылмаған сөзден, жиналған эмоциядан болады. Сенетін әріптесіңмен сөйлесу, біреуге «мен қазір шаршадым» деп айту жеңілдік береді. Барлық нәрсені өз ішінде сақтай беру адамды іштен қажытады. Кейде жай ғана тыңдалу да жеткілікті.


5. Өзіңді кінәламауды үйрену
Барлық балаға бірдей әсер ете алмау – қалыпты жағдай. Әр сабақ керемет өтпесе, бұл сен жаман мұғалім деген сөз емес. Өзіңді үнемі кінәлай беру шаршауды күшейтеді. Ал түсіну мен кешірім – керісінше, күш береді.


6. Кішкентай қуаныштарды қайтару
Шаршаған кезде адам тек міндетпен өмір сүреді. Ал қуаныш ұмыт қалады. Өзіңе ұнайтын бір кішкентай нәрсені күнделікті өмірге қайта енгізу маңызды: тыныш шай ішу, серуен, музыка, жазу. Бұл — терапияның ең қарапайым түрі.


7. Қажет болса, көмек сұрау
Көмек сұрау — әлсіздік емес. Кейде психологпен сөйлесу, кейде жай ғана демалыс алу керек. Мұғалім өзін жалғыз сезінбеуі тиіс. Көмекке жүгіну — жауапты адамның таңдауы.


Мұғалім шаршаудан шыққанда ғана шабыт қайта оралады. Ал шабыт бар жерде — тірі сабақ, тірі байланыс, тірі әсер болады. Өзіңді сақтамай жүріп, басқаны сақтай алмайсың. Сондықтан мұғалім үшін ең маңызды сабақ — өзін тыңдауды үйрену.