​Шымкентте 70 сарбаз әскери ант қабылдады

0
108

Іс-шара соңында сарбаздардың ата-аналары үшін әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылды.


​Шымкентте 70 сарбаз әскери ант қабылдады

Шымкент гарнизонының 10216 әскери бөлімінің саптық алаңында көктемгі шақырылыммен келген 70 сарбазды Әскери антқа келтірудің салтанатты рәсімі өтті.

Командирлердің, қаруластарының, туған-туыстары мен жақындарының алдында жас сарбаздар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына ресми түрде қосылды.

Іс-шара әскери дәстүрге сай өтті: Мемлекеттік Ту мен Жауынгерлік Тудың алдында, қолдарына қару ұстаған жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге, әскери борышын абыроймен және ар-намыспен орындауға ант берді.
Сарбаздарға ізгі тілегін білдірген әскери бөлім командирі полковник Даулетбек Қоғабаев әскери анттың жай ғана рәсім емес, нағыз Отан қорғаушысының жолындағы алғашқы маңызды қадам екенін атап өтті.
Құттықтау сөз сөйлеген Қарулы күштер ардагерлері қалалық кеңесінің өкілі, отставкадағы полковник Реимбай Халмуратов жас сарбаздарға ақжарма тілегін арнады. Ол жас әскери қызметшілерге аға буынның жауынгерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, қызметті абыроймен, мақтанышпен және тәртіппен өткеруге тілек білдірді.
Ресми сөздерден кейін Әскери антқа келтіру туралы бұйрық оқылды. Сарбаздар алғашқы әскери дайындық курсы барысында бір ай ішінде меңгерген машықтарын көрсетіп, ант қабылдау рәсімін ұйымшылдықпен әрі сенімді түрде орындады. Салтанатты рәсім әскери оркестр сүйемелдеуімен өткен салтанатты шерумен аяқталды.
Осы күні ант қабылдаған сарбаздардың бірі, қатардағы жауынгер Қайыржан Тойбол өз әсерімен бөлісті:
— Бұл күн менің есімде ұзақ сақталады. Біз әскери өмір туралы көп нәрсе білдік, бір-бірімізбен жақын араласып, алғашқы дайындықтан өттік, атыс жаттығуларына да бардық. Алда әскери мамандықты меңгеру және жаңа сынақтар күтіп тұр. Әлі де күмәнданып жүрген жастарға айтарым — қорқатын ештеңе жоқ. Жағдайымыз өте жақсы, тамағымыз да көңілден шығады, ал командирлер мен қаруластардың қарым-қатынасы өте жылы.
Әскери ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар көрсетілім қойылымдарын ұсынды. Олар дене дайындығын, қарумен саптық тәсілдерді, дефиле элементтерін, сондай-ақ армиялық қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетті. Бұл дағдылардың барлығы бір айлық қарқынды дайындық барысында меңгерілді.
Іс-шара соңында сарбаздардың ата-аналары үшін әскери бөлім аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтарға казарма бөлмелері мен асхана көрсетіліп, бөлім басшылығы олардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Бөлісу