Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты мемлекеттік қызметтерге өзгерістер енгізілді

0
100

Бұйрықтың негізгі нормалары 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.


Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты мемлекеттік қызметтерге өзгерістер енгізілді

Фото: unsplash

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы бұйрығымен жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға ниетті Қазақстан азаматтарын есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп жазады zakon.kz.

Жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметті алу үшін азаматтар "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы балаларды асырап алуға үміткер ретінде есепке қою туралы өтініш береді және қажетті құжаттарды қоса тапсырады.

Бұл ретте жеке басын куәландыратын құжаттар, некеде тұрған жағдайда жұбайы туралы мәліметтер, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын деректер, балалардың туу туралы куәліктері, неке туралы куәлік, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық есепте тұрғаны немесе тұрмағаны туралы ақпарат мемлекеттік цифрлық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңмен қорғалатын құпия ақпаратты цифрлық жүйелерден пайдалануға келісім береді.

Сондай-ақ цифрлық құжаттар азаматтың келісімімен бір реттік құпиясөз немесе портал хабарламасына жауап беру арқылы алынатын болады.

Құжаттар толық ұсынылмаған немесе олардың қолданылу мерзімі өтіп кеткен жағдайда өтінішті әрі қарай қараудан бас тартылады.

Үміткердің, оның жұбайының және бірге тұратын өзге тұлғалардың соттылығының болуы немесе болмауы туралы мәліметтер Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйесі арқылы тексеріледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық кезеңдері арнайы цифрлық мониторинг жүйесіне енгізіліп отырады.

Егер цифрлық жүйелерде ақау туындаса, қызмет көрсетуші мекеме бұл туралы дереу хабарлап, техникалық ақау жөнінде арнайы хаттама рәсімдеуге міндетті.

Осындай өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу қызметіне және осы санаттағы балаларға қатысты өзге де мемлекеттік қызметтерге енгізілді.

Бұйрықтың негізгі нормалары 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.