Ақтөбеде қоғамдық кеңістіктер көбеюде

0
79

Жуырда қаладағы маңызды нысандардың бірі – автовокзал маңындағы алаң жаңа келбетке ие болды.


Ақтөбеде қоғамдық кеңістіктер көбеюде

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласында тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған қоғамдық кеңістіктер саны артып келеді. Қаланы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен демеушілердің қолдауы арқасында қарқынды жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Жуырда қаладағы маңызды нысандардың бірі – автовокзал маңындағы алаң жаңа келбетке ие болды. Жоба аясында көлемі 3800 шаршы метр аумақ заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында «Бавария» брусчаткасы төселіп, орындықтар мен саябақ шамдары қойылды, толық жарықтандыру жүйесі тартылды.

Жаңартылған нысанның ерекше көркіне айналған элементтердің бірі – 30 жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұрған ескі субұрқақтың қайта іске қосылуы. Қалпына келтірілген субұрқақ бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді.

Биылғы жылдың қаңтар айында қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға арналған бірқатар жобаларды таныстырылған болатын. Бағдарлама аясында қараусыз қалған аллеялар, скверлер мен бос жатқан аумақтарды қайта жаңарту жоспарланған. Жалпы алғанда жоба 26 нысанды қамтиды.

Соңғы жылдары абаттандыру жұмыстарында демеушілік қаражаттарды тартуға басымдық берілуде. 2024 жылы меценаттардың қолдауымен 5 нысан жаңартылса, 2025 жылы олардың саны 15-ке жеткен. Олардың қатарында саябақтар, скверлер және қаладағы алғашқы кәсіби скейтпарк та бар.

Қоғамдық кеңістіктердің көбеюі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, экологиялық ахуалын нығайтуға және азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Ақтөбенің жайлы әрі заманауи қала ретінде дамуына серпін бермек.