Бір сыныпта 25 мінез: МҰҒАЛІМ ЭМОЦИОНАЛДЫ ТӨЗІМДІЛІГІН қалай күшейтеді?

0
227

Мұғалімнің эмоционалды төзімділігі, ең алдымен, оқушының мінезін емес, оның артында тұрған қажеттілігін көруден басталады.


Бір сыныпта 25 мінез: МҰҒАЛІМ ЭМОЦИОНАЛДЫ ТӨЗІМДІЛІГІН қалай күшейтеді?

көрнекілік: tenseed.com сайтынан

Мектептегі бір сынып – бір-біріне мүлде ұқсамайтын 25 мінездің шағын әлемі. Бірі тым белсенді, бірі әр сөзді жүрегіне жақын қабылдайтын сезімтал, тағы бірі өте тұйық, бірақ терең ойлайтын, ал енді біреуі бар назарды өзіне аударуға дайын. Мұғалім осының бәрін бір уақытта басқарып, сабақты да жүргізіп, мотивацияны да сақтап тұруы керек. Бұл – расында да үлкен еңбек. Бірақ эмоционалды төзімділік туа пайда болатын қабілет емес, оны қалыптастыруға, дұрыс бағытпен күшейтуге болады. Мұғалімнің эмоционалды төзімділігі, ең алдымен, оқушының мінезін емес, оның артында тұрған қажеттілігін көруден басталады. Ішкі қажеттілік қанағаттанбағанда ғана мінез “қиын” көрінеді. Белсенді бала назар іздейді, үндемейтін бала қауіпсіздік іздейді, сұрақ қоймайтын бала қателесуден қорқады. Сондықтан мұғалім алдымен мінезді түсінгенде ғана дұрыс тәсіл қолданады, эмоциямен емес, әдіспен жауап береді.


Сабақ үстінде көңіл-күй шаршатып, эмоцияны ұстап тұра алмай қалатын сәттер болады. Мұндай кезде “бір секундтық тоқтау” техникасы үлкен көмек береді: бір секунд көзді жыпылықтатып, іштей “тоқта” деп айтып, бір терең дем алу. Осы кішкентай үш қадам миға «реакция» емес, «жауап» режимін қосады. Нәтижесінде мұғалім эмоциясын сыртқа шығармай, ситуацияны басқаруға мүмкіндік алады. Сабақты тек жоспармен басқару жеткіліксіз, сыныптың көңіл-күйін басқару да сондай маңызды. Өйткені эмоционалды фон сабақты кемінде жартылай анықтап тұрады. Көңіл-күй түсіп кеткен сыныпты сергітудің 1 минуттық әдістері бар: қысқа сергіту қимылдары, жылдам жұмбақ, көңіл ашатын сұрақ, 30 секундтық талқылау — кейде бүкіл сабақты құтқаратын тәсіл осылар.

Эмоционалды төзімділіктің негізгі тірегі — мұғалімнің өзіндік шекарасы. Көп мұғалім осыны елемей, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, шаршау мен күйзелісті күшейтіп алады. Шекара қою — әлсіздік емес, кәсіби мәдениет. “Сенің сұрағыңа сабақтан кейін жауап берем”, “Бұл тақырыпты жеке сөйлескеніміз дұрыс”, “Қазір дауыс көтермей сөйлесейік” деген сияқты қарапайым сөйлемдердің өзі өзін-өзі құрметтеудің белгісі. Оны оқушы да байқайды, құрметтейді. Мұғалім өз шекарасын сақтай алғанда ғана, эмоционалды шаршап қалмайды.

Кейде мұғалімдер демалыс тек үлкен үзілістерде немесе демалыс күндері ғана болады деп ойлайды. Шын мәнінде, эмоционалды төзімділікті күн ішінде де қалпына келтіруге болады. Қысқа кіші-үзілістер — 30 секунд терең тыныс, 20 секунд көкжиекке қарау, 1 минут миға тыныштық беру — мидың қайта қуаттануына жеткілікті. Бұл ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде шаршаудың алдын алатын ең маңызды құралдардың бірі.

Сабақ басталмас бұрын “Бүгін қай оқушыдан бір жақсы қасиет байқаймын?” деген ішкі сұрақ та мұғалімнің эмоционалды жағдайын реттейді. Өйткені миға іздеуге тапсырма берілсе, ол автоматты түрде сыныптың жағымды жақтарын көруге бағытталады. Бұл мұғалімнің агрессиясын төмендетіп, түсіністі арттырады. Әр оқушыдан бір жақсы қасиет табу — мұғалімнің өз ойын позитивті бағытқа бұратын өте қарапайым, бірақ әсері жоғары әдіс.

Эмоционалды төзімділікті қалыптастыруда әріптестердің рөлі ерекше. Кофе үстіндегі 2 минуттық әңгіме, қызықты жағдайды бөлісу, тәжірибе алмасу — мұның бәрі кәсіби қолдау жүйесін құрайды. Бұл жай әңгіме емес. Бұл — мұғалімнің ішкі ресурсын толтыратын, энергия мен ауызбіршілікті күшейтетін «микро-терапия». Кез келген мұғалім жалғыз қалған кезде емес, қолдау бар жерде шыдамды болады.


Бір сыныпта 25 түрлі мінездің болуы — қиындық емес, мүмкіншілік. Әр түрлі мінез мұғалімді де, оның эмоционалды төзімділігін де шыңдайды. Эмоционалды төзімділік — бір үлкен қасиет емес, күнделікті кішкентай әдеттердің жинағы. Мұғалім өз эмоциясын басқара алғанда ғана, оқушының эмоциясына да дұрыс жауап береді. Ал бұл — нағыз кәсіби шеберліктің белгісі.