Таукенттен шыққан ауыл мұғалімінің образдары әлеуметтік желіде көптеген ұстаздардың "имиджін" өзгертуіне себепші болған
сурет: жеке мұрағаттан
«Ауыл» және «имидж» деген сөздерді қатар айтсақ, көп адамның ойында бір-біріне онша үйлеспейтін ұғымдар елестеуі мүмкін. Әдетте имидж, стиль, бренд деген түсініктерді біз үлкен қаладағы блогерлермен немесе шоу-бизнес өкілдерімен байланыстырамыз. Ал ауыл мұғалімі туралы сөз болғанда, көз алдымызға қарапайым, өзіне аса мән бере бермейтін ұстаз бейнесі келеді. Бірақ бүгінгі заман бұл түсінікті біртіндеп өзгертіп жатыр. Қазіргі ұстаз тек сабақ түсіндіретін адам ғана емес, ол — өз ортасына әсер ететін тұлға.

Сол өзгерісті көрсетіп жүрген мұғалімдердің бірі — Ақсәуле Мәди. Әлеуметтік желіде оның парақшасын қарап отырсаңыз, ауыл мектебінде жұмыс істейтін мұғалімнің де заманауи, стильді әрі өз ойын ашық айтатын тұлға бола алатынын байқайсыз. Оның контентінде мұғалімнің күнделікті өмірі, өзін дамыту, тәртіп, талғам, білім туралы ойлар жиі қозғалады. Бірақ оның блогындағы басты ерекшелік — мұғалім имиджі туралы батыл пікірлері.
Ұзақ уақыт бойы мектепте мұғалімнің киіміне қатысты белгілі бір қалыптасқан көзқарас болды. Ұстаз қарапайым, көзге түспейтін, көбіне ақ пен қара түстегі киіммен жүруі керек деген түсінік қалыптасты. Ақсәуле Мәди бұл көзқарасты толықтай жоққа шығармайды, бірақ мұғалімнің тұлғасы оның сыртқы бейнесінен де көрінуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, адамның мінезі, сөйлеу мәнері мен киім таңдауы бір-бірінен бөлек қаралмайды. «Мұғалім де өзінің жан-дүниесін ашатындай киінуі керек» деген сөзі осы ойды аңғартады.
Бұл ұстаным ауыл мектебінде жұмыс істейтін ұстаз үшін батыл қадам екені рас. Себебі шағын ортада кез келген өзгеріс бірден көзге түседі. Соған қарамастан, ол өзінің стилін сақтаудан бас тартпаған. Оның айтуынша, мектеп басшылығы кейде ескерту жасауы мүмкін, бірақ ұстаздың қалай киінуі керектігін түбегейлі шектеуге ешкімнің құқы жоқ. Ең бастысы — мұғалімнің киімі ұстаз мәртебесіне сай, жинақы әрі мәдениетті болуы.

Қызығы, бұл ұстанымды оқушылар да жақсы қабылдаған. Ақсәуле Мәди мұғалімнің талғамы оқушыларға да әсер ететінін айтады. Өйткені өсіп келе жатқан балалар үшін ұстаз — тек білім беретін адам ғана емес, үлгі болатын тұлға. Егер мұғалімнің өзі жинақы, стилді, өзіне сенімді болса, оқушылардың да талғамы қалыптасады. Оның «оқушылар әдемілікке құмартып, өз стилін қалыптастырып жатса, оның несі айып?» деген ойы да осыған саяды.
Ақсәуле Мәди өмір жолында үлкен қалада білім алып, біраз уақыт сонда жұмыс істеген. Алматыда жүргенде ол аударма саласында да еңбек еткен. Бірақ өмірдің өзі оны туған жеріне — Түркістан облысындағы ауыл мектебіне алып келген. Бастапқыда ауыл өміріне үйрену оңай болмағанын өзі де айтады. Үлкен қалаға үйренген адамға тыныш ауыл өмірі бірден ұнай қоймауы мүмкін. Алайда уақыт өте келе ол ауылдағы қарапайым өмірдің де өз мәні бар екенін түсінген.
Дәл осы кезеңде ол әлеуметтік желіде блог жүргізе бастайды. Оның мақсаты тек танымал болу емес, ауылдағы мұғалімдер мен жастарға шабыт беру болған. Қазір оның парақшасына жазылған адамдардың арасында мұғалімдер де, студенттер де, жас қыз-келіншектер де бар. Көпшілігі одан мотивация алатынын айтып жазады.
Ақсәуле Мәди өзін «мінсіз мұғаліммін» деп айтпайды. Бірақ ол ұстаз үшін ең маңызды қабілет — оқушыларды тыңдай білу деп санайды. Сабақ басталар алдында сыныптағы балалардың көңіл күйін бақылап шығатынын айтады. Егер бір оқушының көңілсіз екенін байқаса, міндетті түрде сөйлесуге тырысады. Оның пікірінше, жақсы атмосфера болмаса, сабақ та толық нәтижесін бермейді.
Әлеуметтік желіде белсенді болғанымен, ол интернеттің де шынайы өмір емес екенін жиі еске салады. Оның айтуынша, әлеуметтік желі — белгілі бір деңгейде иллюзия. Адамдар көбіне өмірінің тек жақсы тұстарын ғана көрсетеді. Сондықтан жастарға ол ең алдымен білімге көңіл бөлу керек екенін айтады. «Жас кезде тек қана бас алмай оқу керек. Білім — фундамент» деген сөзі де соны білдіреді.
Ақсәуле Мәди жиі айтатын тағы бір ұғым — тәртіп. Оның пікірінше, адам алдына нақты мақсат қойса ғана өмірінде жүйе пайда болады. Мақсат бар жерде тәртіп болады, ал тәртіп бар жерде нәтиже де болады. Бұл ойларын ол көбіне жастарға бағыттап айтады.
Бүгінде оның блогын оқитын адамдардың саны көбейіп келеді. Кейбір оқырмандары одан шабыт алатынын, өмірге деген көзқарасы өзгергенін айтып жазады. Мұның өзі оның негізгі мақсатына жақындай түскенін көрсететіндей.
Ақсәуле Мәди тәжірибесі бір қарапайым нәрсені дәлелдейді: адамның әсері оның тұрған жеріне байланысты емес. Үлкен қалада да, шағын ауылда да мұғалім өз көзқарасымен, талғамымен, ең бастысы тұлғасымен өзгелерге ықпал ете алады. Егер ұстаз өз ісін жақсы көрсе, өзін дамытуға ұмтылса, онда ауыл мектебінің мұғалімі де қоғамда өз брендиң қалыптастыра алады.


