Сөмкесіне тіс щеткасы, тіс пастасы, ауыз шаятын су, қантсыз сағыз салып жіберіңіз
Сурет: ЖИ
Тамыз айымен бірге ата-аналарда ұл-қызын мектепке дайындау уайымы басталады. Жаңа оқу жылына мектеп формасын, оқу құралдарын, сөмке мен аяқ киімді түгелдеуге ерекше көңіл бөледі. Алайда көптеген жандар назардан тыс қалдыратын бір маңызды мәселе бар. Ол – баланың ауыз қуысының саулығы.
Тіс дәрігерлері оқу жылы басталмай тұрып стоматологиялық тексеруден өтуді ұсынады. Себебі мектептегі қарбалас басталғаннан кейін уақыт табу қиындайды, ал дер кезінде анықталмаған тіс аурулары баланың денсаулығына ғана емес, оқу үлгеріміне де кері әсер етуі мүмкін.
Тіс ауруы баланың сабақ үлгеріміне қалай әсер етеді?
Жазғы демалыс кезінде балалардың тамақтану тәртібі өзгереді. Балмұздақ, тәтті сусындар, кәмпит пен түрлі тәтті тағамдар жиі тұтынылады. Сондай-ақ тісті уақытында тазалау әдеті де көп жағдайда ұмытылады. Соның салдарынан кариес немесе қызыл иек қабынуы пайда болуы не өршуі мүмкін.
Сабақтан қалу (Абсентеизм). Егер бұл мәселелер уақытында емделмесе, оқу кезінде тіс ауырып, дәрігерге шұғыл қаралуы, сабақтан қалуы қажет болады. Тіс аурулары – мектеп жасындағы балалардың жыл сайын миллиондаған оқу сағаттарын жоғалтуына себепкер. Тіс ауруы бар балалар сау құрдастарына қарағанда мектептен қалуға үш-төрт есе бейім.
Зейіннің шоғырланабуы. Тіс ауырған кезде балаға сабаққа көңіл бөлу қиын болады. Ауырсыну күшейген сайын, мазасыздық та артады. Созылмалы ауырсыну баланы мазасыз, тұйық қылып, зейінін шашыратады, бұл тіпті тест нәтижелеріне де теріс әсер етеді. Сабақта отырып, солқылдаған тіс ауруымен күресу оқу процесін іс жүзінде мүмкін емес етеді. АҚШ-тағы ірі зерттеулер қатарындағы Сейраван және әріптестері (2012 ж.) 1 495 оқушыны зерттей келе, тіс ауруы бар балалардың орташа балы (GPA) төмен болу ықтималдығы 3,7 есе, ал сабақтан қалу ықтималдығы 5,7 есе жоғары екенін анықтады.
Тамақтану және өсу. Тіс ауруы шайнауды қиындатады, бұл баланың нәрлі тағамдардан бас тартып, жұмсақ, өңделген (көбіне қантты) тағамдарды таңдауына әкеледі. Кейбір балалар дұрыс шайнай алмайтындықтан, тәбеті төмендеп, жалпы әлсіздік сезінеді. Бұл танымдық дамуға қажетті дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігіне және баланың салмақ қоспауына соқтыруы мүмкін.
Сөйлеу және қарым-қатынас. Тістердің дұрыс орналаспауы немесе болмауы дыбыстардың дұрыс айтылуына кедергі келтіріп, баланың мұғалімдермен және құрдастарымен тіл табысуын қиындатады. Тісті дұрыс күтпеу қызыл иек ауруларына, жағымсыз иіске және ауыз қуысындағы қабынуларға әкелуі мүмкін.
Өзіне деген сенімділік. Көрінетін тіс ақаулары немесе ауыздан шыққан жағымсыз иіс баланың өзіне деген сенімділігін төмендетіп, оның әлеуметтік ортадан оқшаулануына немесе құрдастарының мазағына айналуына себеп болады.
Райан Ричард Руфф пен оның әріптестері жүргізген жүйелі шолу мен мета-талдау (2019) нәтижесінде «Ауыз қуысының нашар саулығы оқу үлгерімінің төмендеуіне және мектептен көп қалуға тікелей әсер ететіні дәлелденді. Тіс жегісі (кариес) немесе тіс ауруы академиялық жетістікке теріс ықпал етеді» деген тұжырым жасалған.
2000 жылы АҚШ-тың Бас хирургының есебінде ауыз қуысы саулығының жалпы өмір сапасына, соның ішінде балалардың мектепке баруы мен оқу қабілетіне әсері алғаш рет ресми түрде атап өтілді.
Зерттеулердің ортақ түйіні: тіс ауруы тек физикалық ыңғайсыздық тудырып қана қоймайды, ол баланың ұйқысын бұзады, тамақтануын нашарлатады және психологиялық сенімділігін төмендетеді, бұл өз кезегінде оқу үлгерімінің нашарлауына әкеледі, Сондықтан жаңа оқу жылы басталар алдында дәрігер:
- баланың тісін тексереді;
- кариес белгілерін анықтайды;
- қызыл иектің жағдайын бағалайды;
- тіс тазалау тәсілін түсіндіреді;
- қажет болса, кәсіби тазалау жүргізеді.
Мектепке тіс щеткасын алып барған дұрыс па?
Егер бала күні бойы мектепте болса, тек тамақ не ақша салып жіберумен шектелмеңіз. Өзімен бірге жеке гигиена құралдарын да алып жүргені пайдалы.
Бала күні бойы мектепте болса немесе мектепте бірнеше рет тамақтанатын болса, жеке тіс щеткасы мен шағын тіс пастасын футлярға салып, алып жүрген артық болмайды. Бұл ауыз қуысының тазалығын сақтауға көмектеседі. Оған қосымша ауызды шаюға арналған су немесе қарапайым ауыз су немесе қантсыз сағыз алып жүруіне болады. Бұл заттар тісті тазалауды толық алмастырмайды, бірақ ауыз қуысының тазалығын сақтауға уақытша көмектеседі.
Мектепке дайындық тек жаңа дәптер мен форма сатып алумен шектелмейді. Баланың денсаулығына, әсіресе ауыз қуысының күтіміне көңіл бөлу – жаңа оқу жылын алаңсыз бастауға мүмкіндік береді. Оқу жылы қарбаласы басталмай тұрып стоматологқа қаралу арқылы көптеген мәселенің алдын алуға болады. Ал сау тіс – баланың жайлы көңіл күйінің, дұрыс тамақтануының және сабақтағы белсенділігінің маңызды кепілі.
Ата-аналарға қысқаша чек-парақ
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мына тармақтарды тексеріп шығыңыз:
- Баланы стоматологқа профилактикалық тексеруге апардым.
- Кариес пен басқа да ақаулар емделді (қажет болған жағдайда).
- Тіс щеткасы мен тіс пастасы жаңартылды.
- Бала тісін күніне екі рет тазалайды.
- Мектепке пайдалы тіскебасар дайындауға көңіл бөлінді.
- Газдалған сусындар мен тәттілерді тұтыну мөлшері шектелді.
Мектепке барар алдында стоматологқа бір рет қаралу бірнеше ай бойы мазалайтын тіс ауруының, сабақтан қалудың және қымбат емнің алдын алуы мүмкін. Сондықтан Америкалық педиатриялық стоматология академиясының (AAPD) саясатын ту етіп, дайындық шаруаларының қатарына тіс дәрігеріне баруды да енгізген жөн.
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
БАЛАЛАРДАҒЫ АУТИЗМ: ата-ана байқауы тиіс алғашқы белгілер
ЖҮКТІ ӘЙЕЛ медициналық деректерін ДӘРІГЕРГЕ БАРМАЙ-АҚ бақылай алады


