​«Перзентхана алдында намаз оқыды»: Абай Бегей немересін дұға тілеп күткен

0
1 285

«Жанын шүберекке түйіп жүрген ата болды»


​«Перзентхана алдында намаз оқыды»: Абай Бегей немересін дұға тілеп күткен

Танымал әнші Абай Бегей немерелі болды. Бұл туралы өнер иесінің өзі әлеуметтік желіде сүйіншілеп, хабарлады.


Абай Бегей былтыр күзде ұлы Жалғасты шымкенттік Бадинұр есімді аруға үйлендірген еді.


«Сүйінші! Аллаға сансыз шүкір! Бүгін мен ата болып жатырмын. Жалғас баламның тұңғышы өмірге келіп, қуанышымда шек жоқ», - деді Абай Бегей.


Ал оның үлкен қызы Гүлеркем Ниязқұлова «Инстаграм» парақшасына келініні мен сәбидің қазіргі жағдайын егжей-тегжейлі әңгімелеп жазған.


«Бір қызығы, келінімнің толғағы апама да беріліп, үйде жүргеннен ауырды. Бұрын ондайға екеуміз де сенбеуші едік. Келінім тексеріліп, перзентханаға кіргенше бір қуанып, бір уайымдап жүрдік. Адамнан адам шығу оңай емес екен. Жалғас мүлдем уайымшыл, өңі қашып кетті. Маған келіншенін тапсырып, сыртта соңына дейін күтіп отырды.


Келінімді перзентханада тіркеп жатқанда сыртта біреулердің дұға тілеп, намаз оқып отырғанын байқап қалдық. Сөйтсек папам келген екен ғой. Ол кісіні уайымдатпайық деп айтпап едік, біліп қойыпты. Баласының баласы жарық дүние есігін ашқалы жатқасын жанын шүберекке түйіп жүрген ата болды.


Келінім ауыр босанды, 13 сағат дегенде 9 дәрігер жабылып жүріп, әрең босандырды. Естелікке күшті видео түсірем деп ойлап едім, қол-аяғым қалшылдап, екеуінің жаны аман қалғанын тілеп, барынша қолдау көрсеттім», - деп жазды Абай Бегейдің қызы.