​Жоғарғы Сот 2025 жылғы республика соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысын шығарды

0
104

Баяндамалармен Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев, сондай-ақ Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров сөз сөйледі.


​Жоғарғы Сот 2025 жылғы республика соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысын шығарды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев 2025 жылы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған жоғары сот органының кеңейтілген кеңесін өткізді.

Кеңес жұмысына ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Жоғарғы Соттың сот алқалары мен Сот әкімшілігінің, кассациялық, облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшылығы, сондай-ақ республика судьялары - бейнеконференцбайланыс форматында қатысты.

Баяндамалармен Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев, сондай-ақ Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров сөз сөйледі.

Жоғарғы Сот Төрағасы өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғасы ретінде Президенттің тапсырмасымен дербес кассациялық сатының құрылғанын атап өтті.

Жұмыстың алғашқы бес айында кассациялық соттар 14 мыңнан астам шағым мен наразылықты тіркеді, ал жылдың бірінші жартыжылдығында Жоғарғы Сотқа 9,7 мың кассациялық өтінішхат келіп түскен.

Өтініштер санының 45 пайызға өсуі кассациялық қайта қараудың жаңа моделіне процестің қатысушылары тарапынан жоғары сенім бар екенін және оның практикалық маңызын көрсетеді.

Сот актілерін түзету үлесі едәуір артты: азаматтық істер бойынша - 3 пайыздан 18,5 пайызға дейін, қылмыстық істер бойынша - 8 пайыздан 29 пайызға дейін өсті.

Әкімшілік істер бойынша қайта қарау көрсеткіші тұрақты болып қалды (17 пайыздан 15,5 пайызға төмендеді).

Кассациялық сатының азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау жөніндегі конституциялық кепілдіктерді іске асырудағы шешуші рөлі атап өтілді.

Азаматтық сот ісін жүргізу туралы айта келе, Асламбек Мерғалиев талап қоюлар мен материалдар санының 27 пайызға — 1,3 млн-нан 1,6 млн-ға дейін артқанын атап өтті.

Аяқталған істер санының көбеюі және талап қоюлардың қанағаттандырылу деңгейінің жоғары болуы сот жүйесінің сұранысқа ие екенін және даулардың уақтылы шешілетінін көрсетеді.

Қаралған 276 мың медиабельді істің 46,3 пайызы баламалы тәсілдермен реттелді. 266 мыңнан астам іс жеңілдетілген тәртіппен қаралды.

Қылмыстық сот ісін жүргізуде жеке айыптау істерін есепке алмағанда, ақтау үкімдерінің саны 30 пайызға (109-дан 142-ге дейін) артты. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану, соның ішінде түзеу және қоғамдық жұмыстар, шартты соттау кеңінен қолданылды.

Амнистия аясында 338 адам жазадан босатылды, 5 мыңнан астам сотталғанға қатысты жаза қолданылмады, 8,6 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды.

Қамауда ұстауға санкция беру туралы өтінішхаттардың үлесі азайғаны атап өтілді: 2025 жылы мұндай өтінішхаттардың 62,5 пайызы қолдау тапты (2024 жылы — 74,5 пайыз).

Сонымен қатар үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану 81 пайызға артты. Электрондық білезіктер 2 110 адамға қолданылды (2024 жылы — 954).

Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхаттарды қанағаттандыру деңгейі - 30,9 пайыздан 38,9 пайызға, шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша - 52,9 пайыздан 53,9 пайызға өсті.

Әкімшілік талап қоюлардың жалпы саны артқанымен (30 мыңнан 32 мыңға дейін), даулардың жекелеген санаттары бойынша мемлекеттік сатып алулар, бәсекелестікті қорғау және өзге де салалардағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты олардың азаюы байқалады.