Су екі есе қымбаттайды: Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері қанша өсетіні айтылды

0
132

Қазақстанда келер төрт жылда коммуналдық қызмет тарифтері кезең-кезеңімен қымбаттайды.


Су екі есе қымбаттайды: Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері қанша өсетіні айтылды

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтерді 2029 жылға дейін біртіндеп көтерудің ұзақ мерзімді жоспарын бекітті, деп жазады stan.kz.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев тарифтердің алдағы жылдарға арналған болжамын жариялады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, баға күрт шарықтамайды. Халыққа түсетін қаржылық салмақ бірнеше жылға бөлінеді. Негізгі мақсат – тозығы жеткен коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңарту.

Тариф не үшін өседі?

Министрлік жаңа тарифтерді есептегенде бірнеше фактор ескерілетінін мәлімдеді. Біріншіден, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың операциялық шығындары өсіп жатыр. Бұған қызметкерлердің жалақысы, арнайы техника мен құрал-жабдықтардың қымбаттауы кіреді.

Екіншіден, энергия өндіруге қажет стратегиялық тауарлардың, яғни көмір, мазут, газ сияқты ресурстардың бағасы да есепке алынады.

Үшіншіден, энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында ауқымды инвестиция тарту көзделген.

Ведомство мұны халықтың қалтасына бірден салмақ салмай, бөліп төлеу қағидасымен іске асырмақ. Мысалы жылу электр орталығын немесе жылу желісін күрделі жөндеуге бірден 5 миллиард теңге қажет болса, оның толық сомасы сол жылғы тарифке енгізілмейді. Тек бір бөлігі, шамамен 500 миллион теңгесі ғана есепке алынып, қалған инвестициялық жүктеме келесі жылдарға бөлінеді.

Жылу тарифі қалай өзгереді?

Ең алдымен жылумен жабдықтау саласында баға өсімі сезіледі. Себебі елдегі көптеген жылу желілері кеңес кезеңінен бері толық жаңартылмаған және бүгінде әбден тозған.

Болжам бойынша, жылу тарифі:

  • 2026 жылы – 10%;
  • 2027 жылы – 17%;
  • 2029 жылы – 11% өседі.

Нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай жылу тарифі қазіргі базалық деңгеймен салыстырғанда шамамен 65% қымбаттайды.

Электр энергиясы да қымбаттайды

Электр энергиясына сұраныстың артуы және жаңа қуат көздерін салу қажеттігі бұл саладағы тарифтердің де өсуіне әсер етеді.

Болжам бойынша, электр энергиясы тарифі:

  • 2026 жылы – 11%;
  • 2027 жылы – 14%;
  • 2028 жылы – 15%;
  • 2029 жылы – 16% өседі.

Осылайша, соңғы тұтынушы үшін электр энергиясының жалпы құны шамамен 70% артуы мүмкін.

Су тарифі екі есе өседі

Ең жоғары өсім сумен жабдықтау және су бұру саласында болжанып отыр. Бұл бағытта тарифтер жыл сайын орта есеппен 20% көтеріледі.

2029 жылға қарай су тарифі екі есе, яғни 100% өседі деп болжанған.

Тимур Қосымбаевтың айтуынша, бұған Қазақстанда судың базалық құнының тым төмен болуы себеп. Қазір коммуналдық төлемдер құрылымында суға төленетін орташа сома шамамен 1200 теңге. Бұл су тазарту мен оны тұтынушыға жеткізуге кететін негізгі шығындарды да толық жаппайды.

Кімдерге көмек көрсетіледі?

Мемлекет тарифтердің ұзақ мерзімді өсуі әлеуметтік осал топтарға ауыр тиетінін ескеріп, қолдау тетіктерін сақтап қалмақ.

Елде тұрғын үй көмегі жүйесі жұмысын жалғастырады. Егер тарифтер өскеннен кейін отбасының коммуналдық қызметке жұмсайтын шығыны отбасылық бюджеттің белгіленген шегінен асып кетсе, артық соманы мемлекет жергілікті бюджет есебінен өтейді.

Бұл шек өңірге қарай әртүрлі. Кей жерде коммуналдық төлем отбасы табысының 5%-ынан, кей өңірде 10%-ынан асса, тұрғын үй көмегі қарастырылады.

Қазақстандықтар коммуналдық қызметке көп төлей ме?

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстандағы коммуналдық төлем жүктемесі басқа елдермен салыстырғанда аса жоғары емес екенін айтты.

130 елдің ішінде коммуналдық шығынның орташа жалақыға шаққандағы үлесі бойынша Қазақстан 76-орында тұр.

Қазақстанда коммуналдық төлемдер орташа жалақының 5,1%-ын алады. Ресейде бұл көрсеткіш – 7,6%, Тәжікстанда – 8%.

Ведомство тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру коммуналдық секторды ұзақ жылдар бойы жиналған дағдарыстан шығаруға бағытталған деп түсіндірді. Сондай-ақ бұл қыс мезгілінде ірі апаттардың алдын алуға және тозған инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге министрлік бағаны бірден емес, бірнеше жылға бөліп өсіру арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауды көздеп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мораторий аяқталып, коммуналдық қызмет тарифтері маусым айында көтерілетіні хабарланған еді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, қызмет көрсетушілерден өтініштерді қарастыруға уақыт қажет.

Комитеттегі дөңгелек үстел барысында Нұрлан Болатбаев саланың орташа тозуы 50%-дан асып кеткенін және оны инвестициялар мен негізгі капиталға салымдар арқылы шектемесе, жыл сайын 2–3% артып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай шығындарды, сондайа-ақ тарифтерді қайта қарауды қажет етеді.