Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентіне тағы да 30 жыл түрме жазасы кесілді

0
81

​Ол қазірдің өзінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған.


Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентіне тағы да 30 жыл түрме жазасы кесілді

Фото: Yonhap

ERNUR.KZ. Сеул округтік соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді Солтүстік Кореяға заңсыз дрон ұшырғаны үшін кінәлі деп танып, 30 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаңа үкім кесті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында Юн Сок Ёль дрон ұшыруға бұйрық берген. Ол Солтүстік Кореяны әдейі арандатып, соғыс өртін тұтату арқылы өз елінде төтенше жағдай енгізуді көздеген. Сот бұрынғы президентпен қатар бірнеше жоғары шенді шенеуніктерді де «мемлекетке опасыздық жасады» және «билікті асыра пайдаланды» деп айыптады. Үкім бойынша бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён - 30 жылға, әскери қарсы барлау қолбасшылығының бұрынғы басшысы Ё Ин Хён -15 жылға түрмеге кесілді.

Юн Сок Ёльдің қорғаушыларының айтуынша, Солтүстік Корея «қоқыс толтырып, әуе шарларын» жібергеннен кейін, оған жауап ретінде жасалған шара болған. Алайда сот бұл әрекетті екі ел арасындағы әскери қақтығыс қаупін әдейі арттырған ауыр қылмыс деп тапты.

Еске сала кетейік, Юн Сок Ёль 2024 жылдың желтоқсанында елге әскери жағдай енгізіп, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр. Жаңадан кесілген 30 жылдық мерзім оның бұрынғы жазасына қосымша ретінде берілді. Президентке импичмент жарияланғаннан кейін елде өткен кезектен тыс сайлауда оппозиция жетекшісі Ли Чжэ Мён жеңіске жеткен болатын.