Заңсыз әрекеттердің салдарынан 21 салымшы зардап шекті.
фото:Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Жетісу облысында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ерлі-зайыпты сотталды, деп жазады sputnik.kz.
Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен "CVK" танымал брендін бүркемелеу ретінде пайдаланған екі жергілікті тұрғын ұйымдастырған қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметі тоқтатылды.
Анықталғандай, ерлі-зайыпты азаматтарға салынған қаражаттан табыс табуға уәде беріп, инвестициялық "пакеттер" деп аталатын өнімдерді сатып алуды ұсынған.
"Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін ақшалай сыйақылар мен сыйлықтар түріндегі қосымша бонустар беруге уәде еткен. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 21 салымшы зардап шекті", - деп жазылған хабарламада.
Соттың үкімімен ерлі-зайыптылар ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі (қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.


