Несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтар банктермен қарызын бір өтініш арқылы келісе алады

0
192

​Қазақстанда бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан несие алып, оны өтеуде қиындыққа тап болған азаматтарға берешекті қайта құрылымдау тәртібі жеңілдетіледі.


Несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтар банктермен қарызын бір өтініш арқылы келісе алады

ERNUR.KZ. Енді олар әр қаржы ұйымына жеке-жеке өтініш бермей, бір өтініш арқылы ортақ төлем кестесін келісуге мүмкіндік алады, жазады stan.kz.

Банк пен микроқаржы ұйымы қандай көмек ұсына алады?

Қаржылық жағдайы нашарлаған азамат кредиторға қарызды өтеу шарттарын өзгерту туралы өтініш бере алады. Мысалы:

  • ай сайынғы төлемді азайту;
  • несие мерзімін ұзарту;
  • төлемді белгілі бір уақытқа кейінге шегеру;
  • пайыздық мөлшерлемені төмендету;
  • өсімпұл мен айыппұлды ішінара есептен шығару.

Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті қарап, өз шешімін ұсынады. Ол клиенттің талабын толық қабылдауы, басқа нұсқа ұсынуы немесе бас тартуы мүмкін.

Егер тараптар келісімге келе алмаса, кредитор қарыз алушыға қаржылық омбудсманға жүгіну мүмкіндігі туралы жазбаша хабарлауға тиіс.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға қаржылық омбудсманға жүгіну үшін үш ай мерзім беріледі. Оның қызметі тегін. Омбудсман қаржы ұйымы мен клиент арасындағы дауды сотқа дейін реттеуге көмектеседі.

Бірнеше банктен несие алғандар үшін қандай мүмкіндік бар?

Жаңа тәртіптің маңызды тұстарының бірі – бірнеше кредитор алдындағы берешекті бір өтініш арқылы реттеу мүмкіндігі.

Бұған дейін азамат әр банкпен және микроқаржы ұйымымен жеке келіссөз жүргізуге мәжбүр болатын. Жаңа тетік бойынша қаржылық омбудсман қарыз алушының өтінішін қабылдап, оның барлық кредиторының қатысуымен ортақ төлем шарттарын келісуге көмектеседі.

Бұл мүмкіндік екі немесе одан да көп кредитор алдында мерзімі өткен кепілсіз тұтынушылық қарызы бар азаматтарға арналған. Кепілмен қамтамасыз етілген ипотека мен автокредит бұл рәсімге кірмейді.

Келіссөз барысында мынадай мерзімдер белгіленген:

  • 3 жұмыс күні – омбудсманның өтінішті бастапқы қарауына;
  • 5 жұмыс күні – банктер мен МҚҰ-ның берешек туралы мәліметтерді тексеруіне;
  • 1 жұмыс күні – барлық кредитор мәліметті растағаннан кейін келісілген шарттарды қарыз алушыға жіберуге;
  • 72 сағат – қарыз алушының келісілген құжаттарға қол қоюына.

Егер азамат келісілген төлем кестесі бойынша ақшаны толық енгізбесе, кредиторлар бұл туралы омбудсманға хабарлауға тиіс.

Бұл мүмкіндік барлық борышкерге беріле ме?

Қаржылық омбудсман арқылы ұжымдық реттеу рәсімін пайдалану үшін бірқатар талапқа сай болу қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазір бірнеше кредитор алдындағы берешекті бір өтінішпен реттеуге мүмкіндік беретін Finkеlisim.kz цифрлық платформасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істейді.

Оны пайдалану үшін:

  • екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен асқан мерзімі өткен берешек болуы керек;
  • жалпы қарыз көлемі 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы қажет;
  • берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сот актілері немесе нотариустың атқарушылық жазбалары болмауы керек.

Бұл рәсім ипотекалық қарыздарға, автокредиттерге және кәсіпкерлік мақсаттағы микрокредиттерге қолданылмайды.

Кредит кешіріле ме?

Жаңа тәртіп қарызды автоматты түрде есептен шығаруды немесе кредитті кешіруді көздемейді. Оның мақсаты – азаматтың қаржылық жағдайына қарай бірнеше кредитор алдындағы міндеттемелерін өтеудің ортақ әрі қолайлы кестесін келісу.

Егер қарыз алушы келісілген құжаттарға қол қоюдан бас тартса, ұжымдық реттеу рәсімі тоқтатылады. Ол әр кредитормен жеке келіссөз жүргізуді жалғастыра алады. Ал қаржы ұйымдарының заң аясында берешекті өндіріп алу құқығы сақталады.

Жаңа қаулының негізгі бөлігі ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Ал қаржылық омбудсманға жүгіну және ұжымдық реттеу рәсіміне қатысты жекелеген нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Қаулының 12-тармағы 2027 жылғы 1 мамырда күшіне енеді.