«Өмір деген осы шығар»: үш перзентінен айырылған боксшы Сәкен Бибосынов әке атанды

0
118

​Сүйінші хабарды ол Instagram парақшасында жариялады.


«Өмір деген осы шығар»: үш перзентінен айырылған боксшы Сәкен Бибосынов әке атанды

Фото: скриншот

ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов әке атанды. Сүйінші сәтін спортшы Instagram парақшасына жариялаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Алайда бұл күнге жету отбасы үшін оңай болмаған. Бұған дейін ерлі-зайыпты үш перзентінен айырылып, ауыр қайғыны бастан өткерген. Ол қуанышты жаңалығымен бірге сол қиын кезеңдерді де еске алып, жүрекжарды жазба жариялады.

«Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен. Бұл қуанышқа жеткенге дейін тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар. Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық. Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей. Алланың қалауымен ұлды болдық! Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт», – деп жазды ол.

Сәкен Бибосынов өткен күндердің ізі жүрегінде мәңгі қалатынын да атап өтті.

«Үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар. Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір – бір кем дүние», – делінген жазбада.

Сондай-ақ ол перзент сүюді аңсап жүрген барлық ата-ананың тілегі қабыл болып, әр шаңыраққа сәби күлкісі бұйырсын деген ниетін жеткізді.