Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы: 66 мыңнан астам геологиялық есепке қол жеткізуге болады

0
78

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.


Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы: 66 мыңнан астам геологиялық есепке қол жеткізуге болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Өтінім беруден бастап процестің аяқталуына дейінгі барлық кезең онлайн форматта жүзеге асырылады. Осылайша бүкіл процестің ашықтығы мен сенімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының м.а. Қанат Ерубаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ 66 мыңнан астам геологиялық есеп қолжетімді. Бұл – республикалық геологиялық қорлардың есептері.

«Зерттелген аумақтардың 109 мың контуры географиялық тұрғыдан байланыстырылды. 1:50 000 масштабтағы карталау және сейсмобарлау жобаларын қоса алғанда, барлық жаңа жобаның нәтижелері ашық әрі қолжетімді. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бастапқы геологиялық деректердің 97,5%-ы, яғни шамамен 4,7 млн бірлік электрондық форматқа көшірілді. Толық цифрландыру биыл аяқталады», – деді Қанат Ерубаев.

Сонымен қатар қазір перспективалы учаскелерді жылдамырақ әрі дәл болжау үшін Big Data және жасанды интеллект жүйесі құрылуда.

«Цифрлық форматта деректерді өңдеу жеңілдейді, терең талдау жүргізуге және кен орындарының қорын дәлірек болжауға мүмкіндік береді. Осылайша геологиялық барлау тәуекелдері азайып, инвестициялық шешімдерді дайындау мерзімі қысқарады және деректердің ашықтығы, қолжетімділігі мен сапасының арқасында жер қойнауын пайдалану саласының инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай артады. Біз ғылым үшін де, өңірдің дамуы үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып жатырмыз. Жоба ресми түрде іске қосылды, оны аяқтау 2028 жылға жоспарланған. Қаржыландыру жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – деп қосты спикер.