«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ»: Биыл 25000 жас маман жұмыспен қамтылады

0
222

Жыл басынан бері 500-ге жуық жас алғашқы жұмыс орнына жолданған.


«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ»: Биыл 25000 жас маман жұмыспен қамтылады

фото: gov.kz

Бүгінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатын дамыту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Сол саясаттың басым бағыттарының бірі – ел жастарын жұмыспен қамтып, еңбек нарығы мен бәсекелестікке бейімдеу. Ал, аталған мақсатқа жету үшін іске асырылып жатқан жобалардың бірі де бірегейі «Жастар практикасы» болып тұр.


Жоғарғы оқу орнын тәмамдап, еңбек жолын енді бастағалы жатқан 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алатын бағдарламаға қатысу үшін бар болғаны Мансап орталығына өтініш беру керек. Содан кейін талапқа сай келетін қатысушыға еңбекақы төленетін жұмыс орнына жолдама беріліп, жұмыс беруші жақтан бекітілген тәлімгердің қасында өз ісін меңгереді.


Аталған жобаның игілігін көріп, медиакеңістікте қызмет атқарған Ибраһим Аманбайдың айтуынша, бағдарламаның тиімділігі өте мол.

«Бұрын жас мамандардың жұмыс іздеп сенделіп жүретінін көретін едік. Қазір мемлекет бар жағдайды жасап қойды. Кез келген мекемеге жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар. Тағы бір тиімділігі – бұл жоба арқылы жас маман тәжірибе де жинақтай алады, табыс та таба алады», - дейді ол.


Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл «Жастар практикасы» арқылы 25000 жас маман жұмыспен қамтылатын болады. Жыл басынан бері 500-ге жуық жас алғашқы жұмыс орнына жолданған.


Сондай-ақ, ведомство қазір қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екенін де мәлімдеді.


«Жоғары сұранысқа ие мамандықтар – заңгер, шет тілі және бастауыш сынып мұғалімі, мейірбике және тәлімгер мамандықтары. Қазір бағдарлама бойынша жұмысқа тұрған жастардың орташа жалақысы – 130 мың теңге», - делінген министрлік ақпаратында.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ