Жапония Абай облысына 7 млн доллардан астам қаражат бөледі

0
91

Аталған көмек ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.


Жапония Абай облысына 7 млн доллардан астам қаражат бөледі

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Жапония үкіметі Семей медицина университетінің госпиталіне заманауи медициналық құрылғылар сатып алу үшін 7 миллион доллардан астам грант бөлді, деп жазады inbusiness.kz.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иидзима Ясусама үкіметаралық келісімді іске асыру туралы құжатқа қол қойды. Бөлінген қаражат Абай облысының медициналық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

Жоба аясында мынадай жабдықтар сатып алу жоспарланған:

  1. Магнитті-резонанстық томограф;
  2. Компьютерлік томограф;
  3. Эндоскопиялық құрылғылар;
  4. Реанимациялық және басқа да қажетті жабдықтар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл қадам аймақтық деңгейде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Бұл әсіресе полигон зардабын шеккен азаматтар үшін әлеуметтік және гуманитарлық маңызға ие.

Сонымен қатар Жапония Қазақстанға "Шөп тамыры" (Корни травы) бағдарламасы арқылы да қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта екі ел арасында клиникалық зерттеулерді, кадрлар даярлауды және жасанды интеллект негізіндегі телемедициналық шешімдерді біріктіретін "Japan-Kazakhstan Medical Hub" жобасын құру мәселесі қарастырылып жатыр.